Қаңғыбас шоколад

школад

Алақандай ауыл тұрғындары үшін де жаңа жылыңыз әжептәуір мереке. Бір-бірін құттықтап, бірінің үйіне бірі кіріп, дастархандарынан дәм татып, мәре-сәре болып жатады. Келіншектердің барған жеріне құры қол бармайтыны тағы анық. Әрине, олар көбіне анабір қораптағы шокалдты көтере жүгіреді. Сол бір шокаладыңыз жаңа жылдың негізгі белгілерінің бірі сияқты болып кеткен.
Менсияның жекемекеншік дүкені бар. Соның дүкенінің саудасы осы күндері жүріп берді дерсің. Келіншек біткен шокалад алуға құмар. Содан болар шокаладтар түт келмеді. Таусылды да қалды. Гүлмайраш деген келіншек келе қалған еді, оның да іздегені сол екен. Содан Мәнсия тұрды да ақыры осыны жеп жатқан ешкім жоқ деп, кеше абысыны құттықтай келгенде алып келген шокаладты 800 теңгеге сатты да жіберді. Мәнсияға дейін қанша жерді шарлап келгенін кім білсін, байғұс шоколад дүкенші келіншектің үйіне бір түнеп алып, Гүлмәйраштың қолтығына қыстырылған күйі тағы да сапарға шығып кетті. 
Гүлмәйраш Әйкен деген әйелдікіне тартты. Әйкенді құттықтады. Жақсы тілегін жаудырып айтып, екі кесе шәй ішіп, оливъеден жеп, торттан ауыз тиіп, кетпекке жиналды. Әйкен де оны қуыс үйден құр шығармай, қолына бір шампан мен орамалды ұстатып жіберді. Ол екеуін (шампан мен орамалды) бұл үйге қай тағдыр айдап келгенін кім білсін. Түс қайта Әйкен де күйеуін қолтықтап алып қара шаңыраққа бет алды. Енесі мен сол шаңырақта отырған кенже абысынын құттықтап шықпақ. Енесіне бір көйлектік матаны берді. Абысынына сол ұзақ сапарлатып жүрген жанкешті шоколадты ұстатты.
Сол үйдегі қара домалақтың бірі жүгіріп келіп: 
- Мама, ашшы, чыкалат жейікші,-деп еді, шешесі тыйып тастады. 
- Содан кейін жейміз, сәл шыда,-деді де өзінің артынан келген буфеттің үстіне қоя салды. 
Байғұс бала чыкалаттан үміт үзді-ау деймін, дастархандағы арзан кемпиттің біреуін аузына салған күйі теледидар тамға қарай тартты. 
Қара шаңырақта отырған кіші абысын «мамамды құттықтап келейін»,-деп үлкен үлкен абысын кетісімен сол әкелген шоколадты көк пакетке салып алып, төркініне қарай тартып отырды. 
Сөзді созбай қысқа қайырып айтқанда, дәл осындай ізгі мақсат жолында байғұс шоколад тағы да бірер үйге кіріп шықты. Қырық жыл қырғын болса да ажалды ғана өледі» деген рас па деймін, мына тәттіңіздің түк ажалы жоқ екен. Барлық үйден аман шықты ғой. Тап-тап берген, төніп келген ажалдан (әр үйдегі тәтті құмар балдардан) аман-есен құтылған күйі бүгін таңда ғана өзі сатылып кеткен Мәнсиянікіне келді. 
Біреудің қолынан біреуге өтіп жүріп, Гүлнұр деген әйелдің қолына түскен ғой. Ал, Гүлнұр Мәнсияға қарыз еді. Сол қарызын төлеуді кешеуілдетіп алғанына ыңғайсызданып жүр еді, бүгін жаңа жылды пайдаланып, кішкене кешірім сұрап алмақ.
Шәй арасында: 
- Тәте, қарызды кешеуілдеткеніме айып етпеңіз. Мына жаңа жылдың қарсаңында қайныңыздың айлығы түсе ме деп едік, түспей қалды ғой. Елдердің айтысына қарағанда осының бәріне Екыспо кінәлі көрінеді ғой. Алдағы жылы бұдан да қиын болады деп жүр ғой,-деп ақталып алды. Мәнсия да етжеңді, берекелі бәйбіше ғой. Үлкен жақсылық жасағандай ыңырана сөйледі:
- Ә, түк етпейді, берерсің. Жағдайларыңды көріп отырып қыстасам кім болғаным. Иә, алдағы жылы қиын болады. Тағы бірдеңе деген одаққа кіріп кетіппіз ғой. Орысқа салынған санкцияның қазаққа да кесіруі тіюі мүмкін екен. Сол енді қарыз беруді азайтсам ба деп отырмын,-деді.
Не керек Нұргүлді шығарып салып, ол алып келген шокаладты қызының қолына ұстата салды. «Дүкеннің сөресіне қоя сал, бәрібір ешкім жемейді-деді.
Қызы тапсырманы орындауға кетіп еді, барғанынан қай тқаны тез болды. 
- Мама, мынау біз сатқан шоколад қой.
- Қойшы рас па, оны қайдан білдің?
- Сіз сатар кезде: «бетіндегі бағасын алып таста» дегенде мен қаттырақ тырнап жіберіп едім, бетіндегі салапаны жыртылып қалған. Мен сол жерін скотчпен жапсырғам... Міне сол жері. Шетінің де осы жері кішкене мыжылған болатын.
- Е, ештеңе қылмас сөреге қоя сал, кім байқай қояр дейсің.
Сөйтіп бұған дейін біраз жерді шарлап келген қаңғыбас шоколад сәл тынығып алып, тағы да үлкен сапарға шықпақ. Енді қай маңды, қанша жерді шарлайтынын бір Құдайдың өзі білсін. Бұл шоколадтың басқа біртуғандары бірді-екілі ғана адамдарды қуантқан шығар. Ал, бұл үлкен миссия атқарды. Жарты ауылды қуантты.

Бейбіт Сарыбай

Өз ойым 10.01.2015 жариялады
115,849 сұрақ
293,674 жауап
152,787 пікір
59,778 қолданушы