"Жалғыздық жанға жара салды..."

...Жалғыздық. Суық естіледі. Осы сөзді естігенімде тұла бойым тітіркеніп сала береді. жалпы біз "жалғыздық" дегенді қалай түсінеміз? "Басқа түспей бас бақшы" - деген бар. Менің бір досым болатын (қазір арамыз алшақ). Бірге жүрген кездер ойыма оралады. Өмірге деген құштарлығы сондай бәрін білсем деп ұмтылатын. Онысын мен де құптаушы ем. Бірақ оның бір кемшілігі бар. Бәрінен бірінші және тек алдыңғы қатарда болғысы келетін. Жан-жағына өз білімін дәлелдеп, сол арқылы өзін сыйлата білді. Менің де ол дегенде шығар жаным бір басқа. Арамызда айтылмаған сыр қалмады. Достығымыздың берік, тұғырының биік екеніне мен кәміл сенімді едім. Бірақ... Өмір бір күні таңдау жасатты. Адал досымның алдында екі жол тұрды. Ал мен сенімді едім... Оның ақылдылығына, адалдығына және дұрыс таңдау жасайтынына сендім...

Таңдау жасау оңай емес. Мазасын алмай күткенді құп көрдім. Менің қателігім де осы болаған екен. Сондағы тағдырдың маңдайынан теуіп, екі айыр жолға әкеп таңдау жасатқандағысы мынау ғана: мен оның жеткен жетістіктерін қызғанады екем, ол аздай оның жігітіне көз салып жүріппін, құрбы қыздардың қасында оны төмен көрсетуге тырысатын болып шықтым. Болғаны осы ғана. Бұған не дерсіз?! Сондағы менің жанымды салып, жармасып, жұрт алдында соның жағын алып жүргенім үшін алған алғысым болды. Үнсіз көндім. Өйткені ақталғым келмеді. Бір күні түсінер деп ойладым. Бірақ менің жандүниемде болып жатқан жарылыстарды, жанымның ауырғанын ол ешқашан түсіне қоймас.

Жаңа дос табу, оған иманыңдай сену осындан кейін мүмкін емес сияқты боп көрінді. Бірақ қазір менің бір емес, шүкір, бірталай достарым бар. Басмыздан талай сын өтті, бірақ мені сатқан не мені қаңқу сөзге айырбастаған ешбірін көргем жоқ. Ал енді бұрынғы құрбыма оралайын. Соңғы кезде қатты жүдеп кетіпті. "Таспен ұрғанды аспен ұр" өзінің қателігін түбі бір түсінер дейді менің әжем. Сол тәрбие бойымда қалған. Сабырым шыдамай жағдайын сұрады бір күні. Әуелде түсінбей тұрып қалған құрбымның көзінен мұң көрдім. Жүзі сынық, демінен ауыр күрсіністі байқадым. Сөйтсем, жаны жалғыздықтан азап шегіп жүр екен. Сүйгені өзгемен кеткен. Ал өзінің таңдауы анау. Қай тасқа барып маңдайын соғарын білмей, сең соққан балықтай сенделіп жүрген шағы екен. Құрбым: "Жазамды алдым. Мен өкініш білдірем. Жалғыздық жаныма жара салды... Бүйдеп алған бестіктің барынан жоғы!" - деген.

...Ал, мен құрбыма тағы бір мүмкіндік бергенді жөн көрдім. Өйткені мен Құдай емеспін. "Кең болсаң, кем болмайсың. Кешірімшіл бол, себебі сен мұсылмансың. Сен Құдайдан кешірім сұрағанда ол сені кешіреді. Сенен біреу кешірім сұраса кешіре біл. Өйткені сен Құдай емессің" - дейді маған әжем.

Ақ парақтағы ойлар 2.02.2015 жариялады

2 пікір

Қандай тамаша жазылған блог!Кеңпейіл, мейірімді адам екенсіз. Сіз оны кешіруіңіз мүмкін, бірақ достықтарыңыз бұрынғыдай болмайды...
Иә, саф сенім мен достық сезімнің бұрынғыдай болмайтыны анық...
116,265 сұрақ
295,203 жауап
152,913 пікір
61,095 қолданушы