Инфаркт болудың жедел жолы

Біріншіден, айналаңдағы жансыз дүниені жауыңдай көр. Ешкімге және ештеңеге сенбе. Кез келген қиындықта  ашу-ызадан жарылардай болып, ашуыңды ішіңе барынша жедел бойлатып, едірейген тәкаппарлықпен, менмендікпен зығырданыңды қайнатқан ыза-кекті оттай шаш. Күреңіткен қара сұр жүзіңіз, тістене сірескен жағыңыз, жұлқынған қимылыңыз бен ащы айқайыңыз, үстел ұрғылаған жұдырығыңыз - сіздің барынша дұрыс істеп тұрғаныңыздың дәлелі.  Әрі миокард ауруының ауылы алыс емес екенін сезгеніңіз.

Екіншіден, әлемде сіздің жұмысыңыздан асқан  маңызды еш нәрсе жоқ және оны талапқа сай етіп орындайтын жалғыз сіз ғана. Сіздің жұмысыңызға қатысы жоқ нәрсенің бәрі бос нәрсе, ит тірлік, болымсыз дүние. Сондықтан сіз жұмысыңыздан тыс кездерде де өзіңіздің қызмет бабыңызды ойлайтыныңыз өте орынды. Тіпті әйеліңізбен төсекке жатарда да бұл ойды ұмытпауға тырысыңыз.

Үшіншіден, сіз бүкіл болмысыңызбен қызмет бабына бойлай енгендіктен әр түрлі мәдениет, шығармашылық, кітап оқу сияқты іш пыстыратын әурешілікпен, тіпті ақымақтықпен уақытыңызды сарп етпеңіз.  Жұбайыңызға, балаларыңыз бен жақын туыстарыңызға жылы шырайлы қалып танытпаңыз.  Өйткені сіз онсыз да оларды қайтсем қамтамасыз етем де жар құлағыңыз жастыққа тимейді. Мүны сіз жадыңызға мықтап сіңіріңіз. Әрі бұл мәселеде жұмсақтық танытпаңыз.

Төртіншіден, сіздің ешқашанда бос уақытыңыз жоқ. Сіз қас - қағым сәтті де жоғалта алмайсыз. Себебі қыруар жұмыстың бірде-бірін ертеңге қалдырмай тындыруыңыз қажет. Кездесуге келетіндерінің кешігетіндеріне қатаң тыйым салып, сөгіс айтыңыз. Ал өзіңіз жүгірсеңіз де, аттап-пұттап екі-үш баспалдақтан ырғысаңыз да ешқашан кешікпеңіз. Дәмді асты аңсау , сұлу табиғатты, хош иісі аңқыған гүлдерді тамашалау сияқты керексіз әурешілікке бой алдырмаңыз. Әр түрлі ойындар ойнау, табиғат аясында қыдыру - ақылы қысқа жетесіздердің ісі деген бұлтартпас ойыңыз дұрыс.  Біреумен әңгімелесе қалсаңыз, тек қана кәсіптік тақырыпта сөйлесіңіз. Рас, бұл әңгімеден нақтылы бір пайда шығатындай болса ғана.

Бесіншіден, денсаулыққа байланысты бір нәрсені шектеу керек деген сияқты жанашыр бола қалған кеңестерге құлақ түрмеңіз. Не жеймін, не ішемін деп өзіңізге шек қоймаңыз, ойыңызға келгенін істеңіз. Айғағы сол, осы айтқандардың бәрін бұлжытпай орындасаңыз, сіз баратын "жеңіс шұңқыры" әудем жерде жатыр...

Пайдалы кеңестер 22.01.2015 жариялады
116,035 сұрақ
294,403 жауап
152,841 пікір
60,365 қолданушы