Мен ҚАЗАҚПЫН! 13.12.2018 жариялады
Тіл – қоғамның айнасы
       Тіл – ұлттың жүрегі, қазына кеніші, руханият көзінің бастамасы. Асылдардан аманат болып қалған үлкен сый. Тек, көңіл сазын толқытатын ұлт тілінің «өлшеусіз парқы»  жоғалып кетпеді ме? Дәл осы сынды, бар сананы кернеген толассыз сұрақтардың маңыздыларына жауап іздеп көрелік. Күлгін көзілдірікті шешіп, қоғам бейнесіне көз жүгіртпестен бұрын, сәл аяңдайық. Қайғымен аптасқан, трагедиялы бейнені байқай алдыңыз ба? Оттай басылатын бұл ақиқат сіздің де, біздің де санамыздың бір ұшында «мәселе» болып тұрғаны даусыз.  Көкірегінде намысы бар әрбір естіні қынжылтатын түйіні тарқамаған түйткілдің шегіне жету, әсте мүмкін бе? Қазақ тілі, 18 миллионның басын бір қазанға біріктірмесе де, «мемлекеттік тіл» статусын  ойып тұрып иеленген жайы бар. Қазақстан Республикасының  1997 ж. 11 шiлдедегі  N 151 Заңы бойынша  мемлекеттік тіл – қазақ тілі, ұлтаралық тіл – орыс тілі болып бекітілді. Басты сұрақ мынада?  Қанда біткен тегеурінді тілдің қазіргі қоғамдық рөлі қандай деңгейде? Қанды қойшы, жанда бітті ме?  130-дан астам ұлт өкілдеріне тілді насихаттамақ тұрмақ, өзіміз пішімін негіздеп, толықтай сөйлеуге қауқарлымыз ба? Өкінішті  әрине, бірақ шамамыз жетпейді ау, сірә?! Неге?
Қазақстан.  Зейін қойсақ,  “қазақ” түбірін және “стан” жұрнағын байқаймыз. Яғни, Қазақстан – ең алдымен қазақша сөйлейтіндердің Отаны. Шоқан Уәлихановтың айтуынша: «Қазақ сөзінің әргі мәні – жан мен тәннің еркіндігі мен биік рухын білдіретін, европалық серілікке (рыцарство) тән!». «Еркін» деген ұғымға саяды деп еркінсіп кеттік, тіптен. Жылдан-жылға деградацияға ұшырап, өз есімдерімізді ұмыт қалдырмасақ болғаны. Бар мәселе ғаламтордан пайда болды. Әлеуметтік желілер, орыс немесе ағылшын тілінде. Халық құрмет тұтатын әртістер, жұлдыздар, таңдаулылар ауыз ашса болды, бірыңғай жатаң орыс тілін естиміз. Құлақ үйреніп қалды. Енді міне, біз де сол ағымдамыз. Ризамыз. Ел ертеңі не болмақ? Ұрпаққа мұра етіп, қандай өсиет қалдыра аламыз? Құрметіміз, ар алдындағы міндетіміз қайда? Қарапайым бір мысал, жұмыс іздеуге барып, сұхбаттан өтуге талпынсаңыз, қазақ бауырлардың бірегейі,амандықты орысшадан бастайды. Қазақ тілінде сайрап тұрсың ба, ақсап тұрсың ба, маңызсыз. Орысша жауап бер де, кете бер. Міне, қазіргі принцип. Оқу орындарында, көшеде, «шала» қазақша сөйлеу  «модаға» айналған.
Егілуді тоқтатып, әрекетке көшсек, аздаған жылдарда түбі бүтін дүйім елге айналатындымыз сөзсіз. Бүгіннен бастап, қолға алуды талап ететін байыпты іс. Бастайық. Қазақша сөйлеуді 1-ші рөлге қою баршаға парыз. Сонда ғана, төбемізде желбіреген көк байрақтың еңсесі биік болмақ. Тілге құрмет – ол менің құрметім, ол сіздің құрметіңіз, ол біздің құрметіміз. Елге деген құрмет!
117,909 сұрақ
304,110 жауап
153,374 пікір
65,721 қолданушы