Қазақ салт-дәстүрлері 15.10.2018 жариялады
Амал мерекесі немесе көрісу күні!

Амал мерекесі десе Қазақстанның көптеген аймақтары таңырқай,таңдана қарап түсінбеушілік танытатыны бәрімізге мәлім. Бұл күн барлық өңірлерде ресми мейрам ретінде танылып, тойланбаса да еліміздің Батыс өңірінде аталып өтілу дәстүрге айналған. Тек Батыс, Маңғыстау, Ақтөбе обылыстарында ғана белгілі болғандықтан бұл күннің маңызы мен қалай тойланатынын білмейтін адамдар көптеп кездеседі. Сол себепті бұл мақаламды осындай керемет күнге арнауды жөн деп санадым.

Наурыз айының 14 жұлдызында аталып өтілетін көрісу күнінде жасы кіші адамдар жасы үлкендердің жағдайларын сұрап барып, алдынан өтіп көрісіп батасын алып шығады. Ырым бойынша кем дегенде үш үйдің есігін ашу керек, оның біріншісі немесе міндеттісі Құдай қосқан көршің болуы шарт. Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық деген сөз осыдан қалса керек. Көріскен,құшақтасып төс түйістірген адамдар бір-біріне «Бір жасыңмен!», «Жасың қайырлы болсын!»,- деп сөз бастап, ізгі тілектері мен ақ адал ниеттерін білдірген. Бар нәрсенің бастамасы тазалық деп білетін біздер үшін бұл күн де үйдің ішін,ауланы тазалап ретке келтірумен бастау алады. Ол күні ешкім ұйқтамауы керек əсіресе үлкен қарттары бар үйлер ертерек тұрып, əдемі киімдерін киіп, мол қылып дастархандарын жасап көрісуге, қарттарына сəлем беріп амандығын сұрауға келетін адамдарды күтеді. Тек қарттары бар үйлер ғана емес барлық адамдар əсем киініп, дастарханларын жайып қонақтарын қабақ түймей көтеріңкі көңіл күймен жымиып қарсы алады Көрісуге келмеген адамдарға «көрісуге келмедің» деп адамдардың ренжуі заңды. Сол себепті барлық адамдар көрісуге асығып, үйлерінің төрінен орын алуға тырысатыны анық.

Ескерте кететіні бұл күннің тағы бір ерекшелігі қарызы бар адамдар осы күнге дейін барлық қарыздарынан құтылуы, реніші өкпе-наздары бар адамдар кешірім сұраулары немесе кешірулері қажет. Яғни, тек үйдің ғана емес адамның да, жан дүниенің де тазалығынан бастау алатын бұл мейрамның біздерге үйретері мен берер тəрбиесі ұшан теңіз. Халықтар мен адамдардың, бір ауылдың түтінін түтетіп бір аулада тұрып қазіргі таңда бір-бірінің жағдайын сұрамайтын тіпті танымайтын көршілердің ара-қатынасын жақсартатын бұл мереке алдағы уақытта тек Батыс өңірінде ғана емес барлық Қазақстанда тойланатын ресми мерекеге айналарына сенімім мол.
117,722 сұрақ
302,762 жауап
153,349 пікір
65,094 қолданушы