Қайсар және ІІ Дүниежүзілік соғыстың тағдырын шешкен математик

Кеше екі кино көрдім. Екеуі де болған оқиға ізімен. Екеуі де соғыс туралы. Біреуі кинотеатрда жүріп жатыр, екіншісін интернеттен әрең таптым. Біреуін Анжелина Джоли түсірген, екіншісі «Оскарға» номинант. Біреуі тұтқында азапталған атлет, екіншісі «ІІ Дүниежүзілік соғыстың тағдырын шешкен» математик туралы. Біліп отырсыз, біреуі «Несломленный», екіншісі «Игра в имитацию».

қайсар,Несломленный

«Несломленныйды» жаман дей алмайсың. Бірақ кереметтей жақсы да емес. Операторлық жұмыс тамаша, сценарий ағайынды Коэндердікі. Түсірілу, локациялар, актерлердің гримі, арықтағандары - бәрі ұнап тұр. 65 млн. бюджет, ең соңғы техника, супер оператор мен супер сценаристер, «режиссердің» супер гуманистік репутациясы бар. Бірақ негізгі нәрсе жоқ: суреткерлік. Психологияға бойлау. Оқиғаның өзі, оның кейіпкері өте қызық. Ойлаңыз енді, бұзықтығымен көзге түскен баланың талантының ашылуы, оның атлет болуы, соғысқа қатысуы, 45 күн ашық мұхитта қалуы, жапондарға тұтқынға түсуі, онда азапталуы... Адам баласы неше түрлі қасіретке төзеді екен ғой. Ал соған қарамастан, кейіпкердің портреті «в лоб» сияқты, «соцреализм». Сосын өзіме бірнеше нәрсе түсініксіз болды. Мысалы, жып-­жылтыр жапон Ватанабэнің неге тура осы Зампириниге қасарысып алғаны түсініксіз. Луидің өзінің де ішкі мотивациясын сезіне алмадық, ақылды, сабырлы болып көрінді де қойды. Немесе тұтқындардың беті күйе, шаштары неге тап-тұйнақтай, ол да түсініксіз. Бірақ ең басты кемшілік, киноның атауында. Байқұс атлеттің басына қандай күн тумасын, сен біліп отырасың: бұл Голливуд, әрі атауы анандай болған соң, уайымдайтын түгі жоқ: Луи бәрін жеңіп шығады. Бір қарағанда бәрі бар: соғыс, естелік, достық, адалдық, тіпті идея да бар («Күрессең жеңесің. Ал кейде жіберілген сынақтың бәріне үн­түнсіз шыдау да - күрес»). Бірақ бәрібір бірдеңе жетіспей тұрады.

«Игра в имитацию» керісінше, соғысты мылтық ұстаған солдаттар емес, бір бөлмеде қамалып отырған «алтын бастар» жеңеді дейді. Артықшылығы – расында да байопик. Кейіпкерінің психологиясын аша алған, жұғымсыз генийдің портреті бар. Бенедикт Камбербэтч фактурасы да қызық, талантты актер, рольге құйып қойғандай ("Оскарға" үміткерлігі де тегін емес). Бүкіл әлеммен соғысқан армияның құпияларын бұзатын адамның, информатика мен криптографиямен «ауырғаны», «асоциалдылығы» барынша шынайы. Мұнда балалық шақтан үзінді естеліктер әдемі өріледі, сценарий сапалы, портрет бар, сүйріктей боп Кира Найтли да жүр, музыкасы да тамаша.

Бірақ екі фильмнің ортақ кемшілігі бар. Америка халқы (әлде саясаты, әлде кино саясатын жасайтындар саясаты) қолдайтын жаттанды позициямен түсірілген. «Несломленныйды» көріп болып, міндетті түрде америкалықтар нәсіліне таңдай қағып, оларды аяқ астынан құрметтеп кетуге тиіссің. «Игра в имитациюды» көріп болып, гомосексуалистерді аяп, оларды соттаған британ заңына лағнет айтуға тиіссің. Ффф...

Саясат дегенді кім ойлап тапты екен осы?!

Ақпарат

Кино 19.01.2015 жариялады
115,816 сұрақ
293,609 жауап
152,783 пікір
59,728 қолданушы