Үй жинау үшін кеңестер.

Демалыс күндері басты істердің бірі – үй жинау. Алайда апта соңында жұмыстан шаршаған жанымыз демалысты қалап тұрады. Оған уақыт артылу үшін күнделікті үй жинастырудың сырларын біліп, демалыс күндерін ұйқықа және достармен кездесуге қалдырыңыз. 

Әсіресе қыздар тұратын үйде ұсақ-түйектер көп болып, әр жерде шашылып жататыны рас. Әрине, нәзік жандылардың жігіттерге қарағанда қажеттіліктері көбірек: киім-кешек, бет бояулары, әшекейлер, тағы басқа. Түрлі журналдың әр жерде жатуы аптаның соңында бөлмеңізді танымастай жағдайға жеткізеді. Бұл жағдайға жетпес үшін мына кеңестерді жаңдыңызда ұстаңыз.

Әр кез жаңа зат: киім, косметика не үй шаруасына қажет зат сатып алғанда, оның ескі баламасын қоқысқа лақтыруға аямаңыз. Ескі, мүлдем қолданбайтын заттарды жинай бермеңіз. Бұл  – үйде орын босатудың ең дұрыс жолы. Осы ережені әдетке айналдырсаңыз, болашақта да бейберекет шашылған үй сіз үшін мәселе болмайды.

Жаңа сатып алған косметикалық құрал, киім не әшекей сізге кейін ұнамай қалды делік. Мұндай кезде біз оған құртқан ақшаны аяп, сөреге "Бір күні киермін..." деген ниетпен қоя саламыз. Одан да мұндай заттарды әпкеңізге, сіңіліңізге, құрбыңызға ұсынып көріңіз. Оларға бұл зат шынымен қажет болса, біреуді қуантып, сөреңізді де артық заттардан босатасыз.

Сөрелерді ылғи жинастырып жүру сіздің көп уақытыңызды үнемдей алады. Шашылған сөреден қажетті киімді, шұлықтың екінші данасын, соңғы алған сәнді сырғаны таба алмай уақыт құртпау үшін, сөрелерді әр кез жинастырып жүріңіз. Әр заттың өз орны болса, уақыт өте оларды бір сәтте-ақ табуға дағдыланасыз.

Әр үйді жинау шарасы заттарды өз орындарына қоюмен басталады. Ал егер күнделікті алған затыңызды орнына қойып жүрсеңіз, талай уақытты үнемдейсіз. Бұл – үйді шашпаудың алтын ережесі. Әр заттың үйдегі өз орны болады, егер заттарды қолданып болғаннан кейін өз орнына қайта қойсаңыз, еш қиындық болмас еді.

Тамақ даярлау, тамақтану барысында ас үйдің еденіне, үстелге тамақ, май тамып кетіп жатады. Сол дақтарды демалыс кезінде қатып қалған қалпында қырып отырасыз ба? Ал егер оны тамған сәтінде сүртіп жіберсеңіз, демалыстағы үй жинау шарасы оңайырақ болар еді.

Жалпы күнделікті көзіңізге түсіп жүрген дақтарды сол сәтте сүртіп, шашылып жатқан заттарды бірден орындарына қойып тастауды әдет қылсаңыз, демалыстағы үй жинау шарасы әжептеуір уақытқа қысқарта аласыз.smiley

Пайдалы кеңестер 18.07.2016 жариялады
116,264 сұрақ
295,192 жауап
152,913 пікір
61,078 қолданушы