Етеккір. Гинекологқа барарда қандай сұрақтарға дайын болу керек?

Әрбір әйел, жарты жылда бір рет болсын, гинеколог маманына қаралуы керек. Алайда, кеңес үкіметінің дәуірінде өмір сүрген әйелдерге, жай ғана тексерілу түгіл, емделуге барудың өзі ұят болып көрінеді. Себебі, гинеколог міндетті түрде сұрақ қояды. Арасында, тіпті жауап беруге ыңғайсыз сұрақтар да болуы мүмкін. Әрине, дәрігердің мұндай сұрақтарды жайдан жай қоймайтыны анық. Олай болса, не үшін?

гинеколог маман

Гинеколог қоятын сұрақтар сіз жайлы өте көп мәлімет бере алады. Тіпті, анализ нәтижелері мен гинекологиялық орындықтағы тексеріс көрсете алмаған нәрселерді дұрыс жауаптарыңыз арқылы анықтауға болады. Бұл, өз кезегінде, дәрігердің дұрыс диагноз қоюына кепіл болады. Тек, берген жауаптарыңыз шынайы болса, болғаны. Есіңізде болсын, кәсіби маман еш уақытта сіздің жауаптарыңыз үшін сізді айыптап, кінәлап, ұялтып отырмайды.

Сонымен, гинекологқа барарда қандай сұрақтарға дайын болу керек?

1. Алғашқы етеккір неше жаста келді? Әдетте, етеккір 12-15 жас аралығында келеді. Одан тым кеш немесе тым ерте келген етеккір қыз баланың жыныс мүшелерінің дамуындағы ауытқу болып саналуы мүмкін. Сондықтан ең алғаш етеккір келген кезді есте сақтаған абзал. Сонымен қатар етеккір келген кезде әйел адам қатты ауырсынады ма, жоқ па? Қан қаншалықты мөлшерде бөлінеді? Осы және басқа да сұрақтар әйел адамның ағзасы жөнінде маңызды ақпарат береді. Кәсіби маман сол ақпарат арқылы аталмыш белгілердің ағза физиологиясының ерекшелігі ме, әлде ағзадағы қауіпті ауру ма екенін анықтай алады.

2. Соңғы етеккір қашан келді? Қалыпты жағдайда, етеккір айналымы 21-35 күнді құрайды. Соңғы етеккірдің келген күні дәрігерге әр түрлі ақпарат бере алады. Мысалы, тұрмыстағы әйел үшін етеккірдің ұзақ уақыт бойы келмеуі жүктіліктің белгісі болуы мүмкін.

3. Жыныстық қатынасқа неше жастан бастап түстіңіз? Етеккірдің басталуымен бірге қыз баланың ағзасында алуан түрлі өзгерістер басталады. Сол сияқты, жыныстық өмірдің басталуы да, ағза үшін із-түссіз кетпейді. Сонымен қатар, ерте басталған жыныстық қатынастар болашақта түрлі аурулардың себебі болуы мүмкін. Сондықтан, бұл сұраққа неғұрлым шынайы түрде жауап берген дұрыс.

4. Қанша рет жүкті болдыңыз және қанша рет түсік тастадыңыз? Бұл сұрақтарға, көп жағдайда, тұрмыс құрмаған әйелдер жауап бергісі келмейді. Алайда, бала туу мен түсік тастау ағзаға бәрінен қатты әсер ететін үдерістер. Жас кезінде түсік тастап, артынша тексерістен өтпеген әйел оның зардабын бірнеше жылдан кейін кешуі мүмкін. Сондықтан бұл сұрақтың жауабы әйел адамды артық тексерістер мен жалған диагноздан сақтап қалуы мүмкін.

5. Гинекологиялық немесе инфекциялық аурулар болды ма? Кейбір аурулар ағзада ізін қалдырмастан жазылып кетпейді. Кейбір аурулар жыныстық органдардың түрін, қызметін және т.б. өзгертуі мүмкін. Сол себептен, дәрігерге барлық аурулар жайлы толық ақпарат берген дұрыс.

Қорытындылай келе, гинеколог маманға барар алдында есте сақтайтын бірнеше ережелердің тізімін келтіргенді жөн көрдік:

  • гинекологқа қаралудың ең тиімді күндері - етеккірден кейінгі алғашқы апта;
  • гинекологқа барар алдында кіші дәретке отырып, жуынып барған жөн;
  • гинекологқа барардан 2-3 күн бұрын жыныстық қатынасқа түспеген абзал, себебі қынапта шәуеттің белгілі бір мөлшері қалып кетуі мүмкін;
  • тексерістің алдында таза іш киім киіңіз;
  • егер жақын арада антибиотик курсын қабылдасаңыз, гинекологқа қаралуды 1-2 аптаға кейін қалдырыңыз.

Ақпарат көзі 

Салауатты өмір салты 16.01.2016 жариялады
116,054 сұрақ
294,517 жауап
152,845 пікір
60,461 қолданушы