Балалық шақта баланың ақша ұрлауы

Балалық шақта баланың ақша ұрлауы

Балалық кезеңде әрбір бала, ұнатқан затын рұқсатсыз ала алады. Көршінің үйінен, балабақшадан, қонаққа барғанда ұнатқанын қалтасына салып, қалам, ойыншық сияқты заттарды алып кетуі мүмкін. Бұл үшін рұқсат сұрауды керек етіп жатпайды. 6-7 жасқа дейінгі балалардың  сұраусыз зат алуын «ұрлау» деп сипаттау дұрыс емес. Өйткені  бұл балаларда «мүлік және ие болу» сезімі нақты жетілмеген. Баланың ойыншықтарын өзге балаларға бергісі келмейтіні болса «бөлісуді» үйренбегендігінен туындайды.

Ұрлыққа байланысты әр ата-ананың көзқарасы бірдей болмайды. Кейбір отбасында, рұқсатсыз алу «ұрлық» саналады. Ненің ұрлык, ал ненің рұқсатсыз алу екенін ажырату қиын болып жатады. Мысалы, 2 жасар балада ие болу деген түсінік мүлдем болмайды, «сенікі», «менікі» деп ажыратпайды, ол бала барлық затты «менікі» деп біледі. Бала өсе келе өзіне тиесіліні және тиесілі еместі түсіне бастайды, бірақ өзімшілдіктен ұзақ уақыт арыла алмайды.

Ұрлық әрекетінің екі мақсаты болады:

Біріншісі: бала мұқтаж болғаны үшін ұрлыққа барады, қарны аш, ақшасы жоқ болса, бұл әрекет шарасыздық пен білместіктен туындайды.

Екіншісі: баланың мұқтаждығы болмаса да ұрлыққа бой алдыруы мүмкін. Бұл жерде басты мақсат, психологиялық тұрғыдан аштығын қанағаттандыру.

Зерттеулерге сүйенсек, балалардың физиологиялық және психологиялық  қажеттіліктерінің толық өтелмеуі, оларда мінез-құлықтың осы бір дертіне себеп екендігін көреміз.

8-9  жастан асқан балалардың ұрлық әрекетіне қажетті көңіл бөлінуі тиіс, бұл жаста ұрлық мінез-құлық проблемасы ретінде қарастырылады.

Себептері:

  • Баланың өзіне сенімсіздігі, өзін түкке тұрғысыз, керексіз сезінуі, басқаларды қызғану.
  • Қажеттіліктері қанағаттандырылмаған балаларда «ұрлау» әдетінің болуы әбден мүмкін. Мектеп шағындағы балалар өзіне күнделікті жұмсайтын ақша берілмегенде немесе керектенген кездерінде еленбей, тым қысылтаяң өскен балалар ата-анасынан ақша ұрлайды.
  • Ақшаға «сараң» ата-аналардың балаларында да «ұрлық проблемасы» байқалады. Балаға үнемі ақша беріліп отырғанның өзінде бала ұрлыққа баруы мүмкін. Бұл әрекетінің түбінде ата-анаға деген сенімсіздігін паш ету және олардың сараңдығын жазғыру ниеті жатады.
  • Ақша туралы үнемі айтылып, шамадан тыс мән берілетін отбасында өскен балалар арасында бағалы заттар мен ақша ұрлап, жасырып қоятын балалар кезігеді. Психологиялық тұрғыдан қарағанда, бала санасында ақша «кепілдік» ретінде қалыптасады.

Өзі қатарлас балалардың заттарын қызғаныштан алатындар болады.

«Өш алу» үшін ұрлайтын балалар болады.

Сүйіспеншіліктен, мейірімнен тым мақрұм, немесе шектен тыс қорғашталған балалар арасында да мінез – құлық проблемалары жиі кездесіп, «ұрлық» жиірек орын алған.

Мектеп жасындағы балаларда қайталана орын алатын «ұрлықтың» шешімін баланың мінез-құлқы мен отбасының ұстанымынан іздестірген жөн. Балаға қол көтеру, жазалау, айыптау нәтижесінде пайда болатын «ұрлық» астарында күрделі психикалық проблемалар болуы мүмкін.

Төмендегі жайттарға көңіл бөлінуі керек:

  • Даму барысы кешеуілдеп, қатарынан қалып қойған кейбір балалар, үйіндегілерден ақша ұрлап, ол ақшаға тәттілер алып, көрші балаларға таратуы мүмкін. Осылайша өзіне дос сатып алуға тырысады.
  • Баланың сырттан алып келген заттарының сұрауы болмаса, ол ұрлығын тастамайды.
  • Бала сүйіспеншілік, қолдау, жылу таба алмағандықтан ұрлауы мүмкін, осылардың орнын өз-өзіне сыйлық алып толықтырғысы келеді. Жылудың жетіспеушілігі мен ұрлық байланысының ең айқын мысалын ата-анасыз өскен балаларда байқауға болады.           

Ұрлықпен күрес

Ата-аналар балаларының бұл бұрыс қылығына сабырлылық танытып, оның психикасының әрі қарай зақымданбауының қамын ойластыруы керек. Болымды өзгеріске беталуы үшін баламен қарым-қатынасын қайта қарау, түсіністік пен өзара сыйластыққа көңіл бөлу қажет. Кінәлау, үйден қуып жіберу, ұрып-соғу проблеманы өршітеді. Ата-ананың қатаң ұстанымы балада «мені жақсы көрмейді» деген пікірін күшейтіп, таяқ ызаландырады. «Мен жазамды өтедім»-деп, қайтадан ұрлыққа баруы да мүмкін.

Ұрлықтың алдын-алу

  • 7-8 жасынан балаларға жүйелі түрде ұсақ ақша берудің бала тәрбиесі үшін маңызы зор. Жауапкершілікке, ұқыптылыққа, үнемділікке тәрбиеленеді, ата-анасының өзіне деген сенімін сезініп өседі.
  • Балаларға өз қалауын қадағалай білуді үйрету қте маңызды, өзгелердің мүліктеріне құрмет  ұғымын қалыптастырған жөн. Бұл оның затына,сөзіне, өзіне де құрмет арқылы мүмкін болмақ.
  • Ата-аналар айналасындағыларға құрметі, сыйластығымен балаға үлгі өнеге болулары тиіс.
  • Ата-ананың тұлғалық ерекшеліктері, ұстанымдары, мінез-құлқы да өте маңызды. Ата-ана ұстанымдарында жүйелі және теңгерімді болуды үйренгені абзал.
  • Балаға кішкене кезінен қай затты алуға болатынын, қай затты ала алмайтынын білгені жөн. Шекті білу бір күнде қалыптаспасы анық.
  • Ата-ана балалардың негізгі қажеттіліктерін толықтырып, жағдайы жеткенінше қамын жасап, бұны балаға сездіре білуі маңызды. Бала ата-ана махаббаты, мейірімі секілді сезімдерге аш болмауы тиіс. Баласы бойынан ұрлық әдетін байқаған ата-аналар, қысылмай, дер кезінде сарапшылармен кеңескені жөн, кейінірек бұл мәселе ұлғайған кезде кеш болуы ықтимал.
Қызықты деректер 20.11.2015 жариялады
116,035 сұрақ
294,403 жауап
152,841 пікір
60,365 қолданушы