Сенімсіздік қалай пайда болады?

Психо әлеуметтік

Адамның өміріндегі ең маңызды қасиеттердің бірі-баланың өзіне сенімді болып өсуі нәрестелік шақтан басталады. Ана мен бала арасындағы байланыс баланың жан-жағын, өзін танып-білуіне әсер етуші бірегей фактор. Э.Эриксон тұлғаның қалыптасуы теориясында 0-12 ай аралығын сенім-сенімсіздік шағы деп атайды. Күтімі жақсы бала өзін керекті, қадірлі сезінеді. Айналасын сенімділікпен танып біледі. Сенім сезімі үшін ең маңызды алғашқы қадам осы уақытта жасалады. Ананың бұл уақытта тек қажетті күтімін жасап қана қоймай, балаға мейірімі мен ықылас сезімі, қарым-қатынасы өте маңызды.

Психо әлеуметтік нормаларға сүйенсек, 1 жасқа дейін бала сенуді үйренеді. Анасының жылы сөзін естіп өседі, тамағы уақытылы беріледі, денесі таза ұсталынады. Балаалыстаған анасының жанынақайтып келетіндігіне үйренеді.  Осы шақтағы ана мен бала арасындағы байланыстан туындаған сенім сезімі баланың келешектегі әлеуметтік қарым-қатынастарының негізін құрайды.

Э.Эриксонның теориясына тоқталыңқырасақ, бұл сенім сезімінің қалыптасуы үшін алғашқы 12 айда баланың қажеттіліктері өткерілген болса, даму сатыларының келесісіне өтуге дайын болады, өткерілмесе, оның кезектегі сатыға өтуі кешігеді.

Өсе келе бала эгоцентризмнен социоцентризмге жылдам ілгерілейді. Бойына сіңірілген сенім мен даралылық сезімінің аясында қоршаған ортасында ізденуге құлшыныс білдіріп, тәжірибе жинақтай түседі. Айналасы туралы терең білгісі, жаңа нәрселер үйренгісі келеді. Мүмкіндігінше олармен уақыт өткізіп, сұрақтарына дұрыс жауап беруге тырысу керек, жалғаннан алыс болып, білмегенімізді «бірге іздестірейік»-десе болады.

Өзіне сенімсіздіктің негізінде бала қабілетінің төмендігі, материалдық жағдайдың ауырлығы, ата-ана немесе ұстаздың ұстанымы болуы да мүмкін. Мектептеүлгерімінің нашарлығы, салыстыру, ұрыс есту сенімсіздікті ары қарай күшейтеді. Өзіне сенімімен бірге өзін бағалауы да төмендейді, бұл жағдай келешекте үлкен проблемаларға жол ашуы немесе баланың бар мүмкіндіктерін шектеуі ықтимал.

Сенімсіз, жасық баланың досы аз болады немесе тіпті болмайды, себебі, қарым-қатынас құруға тартыншақтайды. Өз әлемінде өмір сүреді, сұрақтарға сыбыспен жауап береді.  Сурет салғанда қағаздың кішкене ғана бөлігін қолданады. Кейде тамақсау, толық болады, кейде шыңғырып, қолды-аяққа тұрмайтын, шатақ болады.

Ата-ана балаға тек тамағы мен киімін тауып беріп қана қоймай, оның қабілеттерін дамытуға, қорғап-сүюге, әдемілікке, жақсылыққа баулып, өз мінез-құлқымен өнеге бола білуі керек.

Бала мектепке дейінгі кезеңде ата-ананы үлгі ретінде қабылдайды да, жағымды-жағымсыз бар жақтарын өз бойына сіңіріп өседі. Сондықтан ата-ананың арасындағы сөзге келушілік, келіспеушілік те баланың психикасына болымсыз әсер етеді, сенімсіздікті үдетеді.

Ақ парақтағы ойлар 20.11.2015 жариялады
116,053 сұрақ
294,506 жауап
152,845 пікір
60,451 қолданушы