Энурез немесе шыжыңдық ұйықтап жатып сиіп қоюды қойдыру?

Энурез шыжыңдық

Энурез (шыжыңдық) ұйықтап жатқанда баланың кіші дәретін ұстай алмау дерті. Негізі энурез өте күрделі ауру. Оның түрлері мен себептері әртүрлі болуы мүмкін. Егер балаңыз түнде кіші дәретін ұстай алатын жасқа келіп (3-4 жас), әлі де «көлдететін» болса, балаңыздың денсаулығында ақау бар екендігін білдіреді. Энурездің басты себептерінің бірі - жүйке жүйесінің толық немесе дұрыс жетілмеуі, дейді дәрігерлер. Бұл дертті белгілі бір маман емдемейді. Балалар неврологы, нефролог, психиатр, уролог, эндокринолог, физиотерапевттер жан-жақты тексеріп ем ұсынады. Бұл дәрігерлердің міндеті - энурездің негізгі себебін анықтау. Түнгі энурезбен қатар, күндізгі энурез де болады, бала күндіз де кіші дәретін қадағалай алмаса, дәрігерлер бұл жайтты күрделі жағдай ретінде қарастырады. Себебі, бұл жүйке жүйесінің өз қызметін толық атқармайтындығын, яғни қуықпен ми арасындағы «ақпарат алмасуының» істен шыққандығын көрсетеді.

Дегенмен, энурезге байланысты зерттеулер барысында шыжыңдық себептерінің 90 пайызы баланың ішкі жан күйзелісінен туындайтындығын көрсеткен. Жүйкелік энурез әлсіз, әсершіл, көңілі алаң, жасқаншақ, күйгелек балаларда кездеседі. Егер балаңыз осы дертке шалдыққан болса, жоғарыда аталып кеткен дәрігерлермен біріге отырып, үй ішіндегі қарым-қатынастарыңызды талқылағаныңыз жөн болар. Бала ата-анасының қарым-қатынасына алаңдауы мүмкін немесе балаға тым қатты ұстаным көрсетсеңіз, кемшіліктерін үнемі бетіне басатын болсаңыз, бауырлары арасында қызғаныш болса немесе осыған ұқсас кішкене баланың жан дүниесін, психикасын күйзелтетін жағдайлар жиі орын алатын болса, баланы жазғырудың орнына, ата-ана ең бірінші өз ұстанымын қайта қарап шығуы керек. Жанұяда тазалық, сүйіспеншілік, байыптылық орын алып жатса, ол жанұяда өсіп келе жатқан ұрпақтың жан дүниесі кең және салауатты болады. Энурез дерті бір аптаның ішінде емделіп шығатын ауру емес екендігін айта кеткен жөн, өйткені бұл дертті айлап, кей кезде жылдап емдеуге тура келеді. Бұндай жағдайда аналардың өте сабырлы болуы тиіс. Ұмытпаңыз, балаңыз көлдеткені үшін сізден екі есе артық уайымдайды. Баланы жазғырмай, байқаған сәттен-ақ емдей бастағаныңыз абзал.

Қызықты деректер 20.11.2015 жариялады
116,054 сұрақ
294,517 жауап
152,845 пікір
60,461 қолданушы