Баланың жасөспірімдік кезеңдегі негізгі ерекшеліктері қандай?

жасөспірім

Адамның өмірін балалық, жастық, ересектік, егде жас, қарттық деп бірнеше кезеңге бөлуге болады. Бұл кезеңдердің бірінен екіншісіне өту үшін белгілі жас шектеуі жоқ. Бірақ даму сатысының анық белгілері болады. Бұл белгілер барлық адамдар үшін бірдей. Алдыңғы кезең келесі кезеңге өту сатысы секілді. Тұлғаның қандай адам болатындығы, шашының, терісі мен көзінің түстері, мінезі мен адами қасиеттері, эмоционалды-сезімдік реакциясы, бойы мен салмағы немесе ақыл-ой ерекшеліктері оның шыққан тегі-тұқымына және айналасындағы шарттарға байланысты. Жасөспірімдік шақ балалықтан ересектікке өтудің кезеңі деп білінеді. Әртүрлі нәсілден, әртүрлі географикалық климаттарда, әртүрлі шарттарда өскен балалардың жасөспірімдік шаққа аяқ басуы да әртүрлі болады. Балалық шағының соңына қарай бала бойының ұзаруын жасөспірімдік шаққа өту белгісі ретінде қабылдайтын болсақ, қыздардың бойы 11-12 жаста, ер баланың бойы 13-15 жаста өте тез өсетінін көреміз.

Жасөспірімнің бойы мен дене бітімінде лезде өзгерістер пайда болып, ақыл-ойының шарықтап, қалауларының өзгере бастағанын байқаймыз. Бұл кезеңде әр жыныстың өзіндік физиологиялық және гормоналдық дамуы жүзеге асады. Қыздар ер балаларға қарағанда ертерек жетіледі.

Көптеген мамандар жастық шақты балалық шақтың соңы мен ересектік кезеңнің басындағы «өтпелі кезең» деп қарастырады. Бұл кезең жылдам,  үздіксіз даму мен аяқасты өзгерістер кезеңі болып табылады. Бұл кезеңдегі жеткіншек ата-анасы мен айналасындағы ересектер тарапынан не толық ересек, не де бала ретінде қабылданатынын білмей әлек болады, ата-ана секілді үлкендер мен жеткіншектердің оларға не істеуге болатындығы мен  болмайтындығы туралы көзқарастары да сәйкес келе бермейді.

Қыздар үшін 14-16 жас, ер балалар үшін 15-17 жас арасы жасөспірімдік шақтың ортасы болып саналады. Жеткіншектер жылдам өзгерістерді артқа тастап, 16-17 жасында өмірі мен болашағына байланысты маңызды шешімдер қабылдауға бейімделе түседі. Бұл жастан кейін жасөспірімдік шақтың соңғы кезеңі басталады. Университет жылдарына сәйкес келетін бұл жылдарда тиянақтылық пен тұрақтылық арта түседі. Жастардың өмір жолында кездескен проблемаларын шешуге өз шамалары жетеді. Ал ересектер жеткіншектің ісіне көп араласпауға тырысады.

Жасөспірімдердің психологиясын зерттеген неміс мамандарының бірі Э.Шпрангер «жеке тұлғалық құбылмалылық» деп өтпелі кезеңнің үш түрлі өтуін бейнелейді. Біріншісі, жеткіншектердің екпінді бірақ күйзелісті дамуы, торығумен күресе отырып, нәтижесінде жаңа «Меннің» пайда болуы, бұл жеткіншектер үшін балалықтан ересектік шаққа өту аса қиын, жанға батарлық із тастап, қиялшыл көңіл-күйімен ерекшеленеді. Екіншісі, бұл кезеңді ешбір қиындықсыз өткізетіндер. Бұл жастар баяу және үздіксіз, сатылы даму моделінің өкілдері болып табылады. Ересектікке тұлғалық түсініктері ойсырамай, күйзеліске ұшырамай, өте жеңіл, бабымен жетеді. Ал, үшінші модель динамикалық модель деп аталады. Бұл - алдыңғы екі модельдің қосындысы. Бұл жастар өздерінің даму барысына тікелей әсер ете алады. Бұл кезеңде бірнеше қиындықтар мен күйзелістерді басынан өткеруі мүмкін, бірақ оларды саналы түрде жеңіп шығуға тырысады. Қысқаша айтқанда, жасөспірімдік шақ қиын да, жеңіл де өтуі мүмкін, оның бәрі баланың тұлғасына жиған-тергеніне байланысты.

Жасөспірімге балалық кезде туындаған қақтығыстар арқылы өмірдің ащы-тұщысына бейімделіп, ересек жаста кездесетін қиындықтарды болжамдау міндеті жүктеледі. Бұл кезең әр жасөспірім үшін болып жатқан оқиғаларды түсініп, келешекте не болатындығы туралы ой жүгірте бастайтын кезең. Жеткіншек тәжірибе жинақтау үшін өзін еркін сезінуі керек.

Адам жасөспірімдік шақта ғана өзінің осы күнге дейін не істегені, келешекте не істейтіндігі туралы терең ойланып, өз тағдырындағы шешуші сәттерді басынан өткереді. Сондай-ақ, тек осы кезде ғана тұлға ретінде қалыптасуға итермелейтін жан-жақты қысымдармен бетпе-бет келеді. Денесіндегі физиологиялық өзгерістер оның жыныстық ерекшеліктерін сездіріп, ата-анасы оны жауапты болуға мәжбүрлеп, ұстазы өзіне сай мамандық таңдауды ұсынады. Даму психологиясын зерттеген әйгілі психоаналитик Эриксонның айтуы бойынша, тұлға даму үдерісі кезінде жетіледі, жеткіншек бұл үдерістен бұрын қандай да бір тұлғалық күйзелісті басынан өткермейді, өйткені қоғамдық өмірі, дене-бітімі,   ақыл-ойы дәл осылай қалыптаспаған болатын. Эриксон да Шпрангер секілді әр тұлғаның өзінше ерекшеленетіндігіне сенеді, бір мәдениеттің өкілі, екі адамның дамуы бірдей болмайтындығын, жасөспірімдік шағының жеке тұлғалық бір мәселе екендігі туралы айтады. Бірақ бір қоғамдағы жастар шамамен ұқсас проблемалармен бетпе-бет келеді, бірақ шешу жолдары әртүрлі болады.

Жасөспірімдік шақтағы ең маңызды өзгеріс – ол «тұлғалық күйзеліс» немесе «тұлғалық түсінбестік». Балалық шағында психологиялық және жыныстық тұрғыдан дұрыс қалыптаспаған жеткіншектер жаңа тұлғалық қалыптасу кезеңінде күйзеліске ұшырауы мүмкін. 

Өз ойым 20.11.2015 жариялады
116,025 сұрақ
294,324 жауап
152,839 пікір
60,310 қолданушы