Бала мектепке дейінгі білім беру мекемесіне бару керек пе?

Дүниеге келген күннен бастап бала анасын қарнын тойғызатын, оны бағатын және қорғайтын бір тұлға ретінде қабылдай бастайды. Бала барлық қажеттіліктерін орындайтын анасына сенуді үйренеді. Сенім сезімінің негіздері осылай қаланады. Егер анасы баласына байсалды, батыл және жағымды ұстанымын көрсете білсе, балада негізгі сенім сезімі қалыптасады.

Даму кезеңі кезінде ата-анасы жағынан бір тұлға ретінде қабылданатынын, олардың өзін жақсы көретіндігін, оның көзқарастарына құрмет көрсетілетіндігін білетін балада өзіне деген құрмет, сенім қалыптасады.

Сенім дегеніміз тұлғаның өзін қабілетті, маңызды, жетістікті және қадірлі бір адам деп қабылдауы десек болады. 3-4 жасқа келген балада сенім сезімі қалыптасып, айналасындағы адамдардың арасында өз орнын, қабілеттерін және жанұядан бөтен ортада өзін-өзі басқаруды білу қажеттілігі туындайды.  

Мектепке дейінгі білім берудің мақсаттарының бірі - баланың балабақшада өзіне қатысты жағымды ұстаным қалыптастыруы. 3 жаста басталатын мектепке дейінгі білім балаға өзін тануды, қабілеттерін білуді және қатарластарының арасынан өзін ерекшелендіретін қабілеттерін ажыратуды үйретеді.

Фребельдің айтуы бойынша балабақшаның мақсаты үйренуге деген қызығушылықты ояту. Балабақша балаға білім беруден көп, баланың бойындағы қабілеттерін дамытуға арналған. Бұл жерде оқу-жазу үйретілмейді, бірақ оқуға-жазуға деген қабілет ұшталады.

Балабақшада түс, сан және түсініктер баланың ақыл-ойына сай түрде үйретіледі. Бұл мақсатқа жету үшін сурет салу, сумен ойнау, құммен ойнау, ритмикалық гимнастика, текшелермен ойнау сияқты ойындар ойнатылады. Балалар дәрігер болу, қуыршақ ойыны, сатушы болу ойыны сияқты драматикалық ойындарды ұнатады. Бала ең жақсы ұйымдастырылған ойын ортасын балабақшадан табады.

Балабақшаның негізгі білім беру бағдарламасына адам мен жануарларды таныту, елімізді және әлемдегі елдерді таныту, маңызды күндер мен оқиғаларды, жол ережелері мен әдепті үйрету кіреді. Осы мақсатта балабақшада шығармашылық қабілетті дамытатын, баланың қызығушылығын тудыратын, жануар мен өсімдік өсіру сияқты ізденуге талпындыратын жағдай жасалған болу керек. Баланың қиялын ұштайтын кітаптар, суреттер, фильмдер, дауысты және көрінісі бар құралдар тәрбиешіге көмекші болары анық.

Сонымен қатар, балабақша ережелерді ең тиімді түрде үйрететін бір мекеме. Бала қатарластарымен қарым-қатынас құрып, бірге өмір сүруді, тамақ жеуді, ұйықтауды және ойнауды үйренеді. Осылайша басқа адамдардың дербестігі туралы түсінік қалыптастырады, «мен» және «басқа адам» ұғымдарын түсініп жәрдемдесу, ынтымақтастық сезімдерін дамытады. Балабақшаға баратын бала әрі өз құқығын қорғауды, әрі бөлісіп, басқалардың құқығына қол сұқпауды да үйренеді.

Дене, сезім, ақыл-ой, қоғамдық ерекшеліктерін дамытуда мектепке дейінгі мекеменің маңыздылығы бала мектепке барғанда білінеді. Зерттеулерге үңілсек, мектепке дейінгі білім беру мекемесіне барған балалар ондай мекемеге бармаған балаға қарағанда мектепте байсалды, ынталы және қоғамдық шараларда жетістікті болатындығы анықталады.

Баланың білім алуында автономия (өзін-өзі басқару) өте маңызды фактор болып табылады. Бала сұрағының жауабын мұғалімнен сұрап емес, өзі іздеп тапқан жағдайда білім алу өте тиімді болмақ.

Тиімді үйрену балалардың тек көріп, тыңдау арқылы емес, осы үдеріске өздері қатысып үйренуін білдіреді. Тиімді үйрену тәжірибе жасау және белсенді зерттеу жүргізу мүмкіндіктерін ұсынады.

Бұндай білім алу ортасында бала «Не істейтіндігін өзі шешеді», «Баланың әрқалай қолдана алатын құралдары бар», «Ол бұл құралдарды емін-еркін қолдана алады», «Істеп жатқан тәжірибесін баяндап береді», «Ересектер мен құрдастары баланың мәселені шешу қабілеті және шығармашылық талпыныстарын көріп қошемет көрсетеді».

Бала сыныпта белсенділік алаңы ретінде кітап бұрышын, өнер бұрышын, драма немесе құрылыс ойыны бұрышын, жазу немесе тыңдау бұрышын, су немесе құм хауызын таңдай алады.

Осылайша бала:

Өз уақыты мен энергиясын қажетті түрде қолданып, нені қалай істейтіндігіне қатысты таңдау жасау және шешім қабылдау мүмкіндігін алады.

  • Өзі таңдаған мақсаттары мен міндеттерін білу және қабілеттерін дамыту мүмкіндігін алады.
  • Құрдас және ересектермен топтық жоспар дайындап, ортақ әрекет жасау мүмкіндігін алады.
  • Ойын сөзбен жеткізу және басқаларға түсіндіре білу мүмкіндігін алады.

Міне, осы себептерге байланысты мектепке дейінгі жастағы бала анасы жұмыс істесе де, істемесе де балабақшаға баруы керек. Алайда ата-ана балабақша таңдауда өте ұқыпты болып, бала бағу орнына білім беруге бағытталған мекемелерді таңдаулары керек. Бұл таңдауда физикалық шарттармен қатар білім беру бағдарламасы, мұғалім қабілеті және оқу мен ойын құралдары ескерілуі қажет. 

Ақ парақтағы ойлар 20.11.2015 жариялады
116,054 сұрақ
294,517 жауап
152,845 пікір
60,461 қолданушы