24-тің үндеуі

Бүгін, 24 зиялы қауым өкілі Тәуелсіздіктің 24 жылдығы қарсаңында Үндеу жарияладық. Ел тарихы үшін маңызы зор хат Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдерінің идеология саласына жауапты орынбасарларына жіберілді. Биліктегі атқамінерлер ел тәуелсіздігін кие тұтқан халқымыздың талап-тілегін жеткізген зиялылардың өтінішін жауапсыз қалдырмайды деген үміттеміз. Үндеудің қысқаша мәтінімен танысып, қолдау білдірулеріңізді сұраймын.

Биыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін жариялағанына 24 жыл толып отыр. Ғасырлар бойы ұлтымыздың ұлы мұраты болған Тәуелсіздік – азаттық жолында жан аямай күрескен дана бабаларымыздың батырлығы мен табандылығы, кемеңгерлігі мен қайсар рухының жемісі. Ұлан-ғайыр даламыздағы қазақтың басын біріктіріп, еліне бостандық әперуді аңсаған Абылай, Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібектер, берісі Алаш зиялылары, кешегі Желтоқсан құрбандарының арманы орындалып, бүгінде Қазақстан тәуелсіз мемлекет болды. Сондықтан да бодандықтан арылған халқымыз үшін азаттықтың ақ таңы атқан 16 желтоқсаннан асқан киелі күн мен қасиетті мереке жоқ.

Дей тұрсақ та бабаларымыздың ерлігі дәріптеліп, ынтымағы жарасқан дана халқымыздың кемеңгерлігі насихатталуы тиіс тарихи күннің Жаңа жыл мерекесінің көлеңкесінде қалып қойып жатқанын өкінішпен мойындауға тура келеді.

Қараша бастала салысымен-ақ алаңдарға шырша орнатып, жаңа жылдық құттықтаулармен безендіру бүгінгі таңда үйреншікті әдетке айналды. Төл мерекесі болып табылатын Еуропа, Америка елдері мен Ресейде де Жаңа жылды тойлауға дәл біздің мемлекетіміздегідей тым ерте қам жасалмайды. Бұл мәселе кезінде Парламент мінберінен көтерілгенімен, біздің немқұрайлығымыздың салдарынан әлі күнге дейін сең қозғалған жоқ.

Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз киеміз. Азаттық алған киелі күніміздін қасиетін арттырып, 16-17 желтоқсанда еліміздің көшелерінде «Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!» деген құттықтаулардың орнына, Ұлы Даланың өсиетіндей болған дана бабаларымыздың аманаты мен тәуелсіздігімізді ұлықтайтын сөздер жазылған ұрандар желбіреп тұрса тәуелсіздігіміздің тұғыры одан әрі биіктей түспек.

Атқарушы биліктің өкілі болып табылатын сіздерге Тәуелсіздік күнін кие тұтқан халқымыздың өтінішін жеткізе отырып, олардың талап-тілектерін назарға алуларыңызды сұраймыз. Бұл істі жүзеге асыру міндеті мемлекет идеологиясына жауапты органдардың мойнына жүктеліп, оның орындалуын қадағалау үшін өкілетті мекемелерге тапсырма берілуі керек деп санаймыз.

1. Ә. Ө. Тарази, жазушы, драматург, сценарист, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері
2. М. Ж. Жолдасбеков, Мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы, ғалым
3. Қ. С. Сұлтанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері 
4. Қ.Мұханбетқалиұлы, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты
5. Н. М. Оразалин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 
6. А. З. Смайыл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, публицист, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 
7. Т. Қ. Жаманқұлов, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының төрағасы, Қазақстанның халық әртісі, режиссер, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 
8. Б. Б. Қыдырбек, Қазақстан композиторлар одағының төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 
9. О. А. Асанғазы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты
10. С. Б. Балғабаев, жазушы, драматург, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы төрағасының орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері 
11. Д. Қ. Қыдырәлі, Халықаралық Түркі академиясының президенті, ғалым, публицист, тарих ғылымдарының докторы. Шыңғыс Айтматов (ағылш. The Aitmatov Academy) атындағы халықаралық академиясының академигі. 
12. Д. Қ. Мыңбай, ҚР Ұлттық музейінің директоры
13. Д. Ж. Нүкетаева, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры 
14. Б. Е. Өмірбеков, ҚР Суретшілер одағының төрағасы
15. Б. Қ. Тілеухан, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті, ҚР еңбек сіңірген әртісі, көрнекті қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 
16. Д.Исабеков, Жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 
17. Н.Айтұлы, Ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 
18. С. Тұрғынбекұлы, Ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
19. С.Ақсұңқарұлы, Ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты
20. А.Әлім, Ақын, «Ақиқат» журналының бас редакторы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты 
21. А.Кеңшілікұлы Сыншы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты 
22. М. Қ. Құмарова, журналист, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің журналистика және саясаттану факультетінің оқытушысы
23. Қ.Сарин, Ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты
24. Б.Уәли, «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Іс-шара | Пресс-релиз 11.11.2015 жариялады
116,035 сұрақ
294,403 жауап
152,841 пікір
60,365 қолданушы