Жұмысқа баруды доғарудың 10 себебі

жұмыс

Стив Павлинаның блогы

Кей адам белгілі бір межеге жеткенде, оқу орнын бітіріп, қолына дипломын алған соң енді жұмысқа тұруым керек деп есептейді. Жұрттың бәрі солай еткен соң ғана осылай жасау дұрыс дегенді білдірмейді ғой. Шын мәнінде ақыл тоқтатқан адам болсаңыз, жұмысқа жегілу – үлкен ақымақтықтың бірі екенін түсінер едіңіз. Өзіңіздің дүниеауи ахуалыңызды түзеу үшін жасайтын ең бір сорақы қадам - жалданып жұмыс істеу. Жағдайды жақсарту үшін ақша табудың сан алуан тәсілі бар емес пе? Неге адам өзін еңбек құлдығына сатуы керек?

1. Тікаяқтардың табысы

Жалданып жұмыс істеу, өз уақытыңды ақшаға сату – кей адамға тәуір тірлік болып көрінуі мүмкін. Бұл шешімнің бір ғана түйткілі бар. Бұл ақымақтық! Сіз таба алатын ақшаның ең оңай тәсілі ғана. Өйткені, бұл – тікаяқтардың табысы. 
Жалданып жұмыс істеудің жөнсіздігі неде? Ең бірінші кемшілігі, ақшаны тек жұмыс істесеңіз ғана табасыз деп ойлау. Сорақысы – сіз бұл бақай есепті дұрыс деп танисыз, мойындайсыз. Айналадағы жұртқа қарап солай болуы заңды деп санайсыз. Сіз жұмыс істемеген кезде де ақшаңыз жүріп тұруы мүмкін екенін ойлаған кездеріңіз болды ма? Тек жұмыс уақытында ғана ақша жүруі керек деген ойды санаңызға кім сіңірді? Өзіңіз сияқты жалданып жұмыс істеумен өмірін өткерген бір бейбақ болды ғой? 
Егер сіз ұйықтап жатқанда, тамақ ішкен кезде, баламен сейілдеп жүрген шақта да ақы төленуге тиіс болса, өміріңіз әлдеқалай жақсарып қалатынына сенер ме едіңіз? Неге тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн табыс тауып үйренбеске? Бұл күндері жұмыс істеу-істемеу есептелмейді де. Құмырадағы гүлге қарамай қалсаңыз, ол бірден солып қала ма? Сіздің банктегі шотыңыз өшіп қала ма? 
Сіздің қанша сағат жұмыс істейтініңізде кімнің қандай шаруасы бар? Аздаған топ қана сіздің кеңседе неше сағат отыруыңыз керектігін аңдып отырады. Басқа адамдар сіздің аптада 6 сағат, не 60 сағат отырғаныңызды сезбей де қалады. Егер сіз адам баласына пайдалы бір нәрсеге иелік етсеңіз, онда көпшілігіміз сол нәрсеге қол жеткізу үшін қалтамыздан ақшамызды шығарып төлеуге дайын тұрар едік. Адамдар сіздің қанша сағат жұмыс істегеніңізге алаңдамайды. Олар тек өздері сатып алатын затының құнды болғанын ғана қалайды. 
Тікаяқтарды жұмсап қойып олардың үстінен пайда табатын адам өзі тікаяқ емес. Өзіңізді алданғандай сезінесіз. Ол қайғыратын, бас қатыратын іс емес. Өз уақытыңды сату – шыныменде ақымақтық екенін көкірегі соқыр жандар ғана түсінбес. Бұдан да жақсы амал болуы тиіс дегенді ойлап әуре болмайтындар көп. Ақша табудың амалдары өте көп. Ең маңыздысы – өз өміріңіз үшін өз уақытыңыздың құнды екенін айшықтап алу. 
Амал тапқыштар аптасына 7 күн, тәулігіне 24 сағат пайда табуды көздейді. Біреу кәсіп бастайды. Біреу веб-сайт ашады. Біреу инвестиция салады. Кей адам авторлық құқын қорғайды. Шығармашылық жұмыстарға салым салады. 
Жүйе құра білсеңіз, тұтынушы қажет еткен зат айналымда жүре береді. Соның пайдасын көріп, табысын тұрақты қалтаға басасыз. Сіз оны қадағалап, бақыламасаңыз да жұмыс істей беретін жүйені ойлап табу керек. Жүйе құрған адамның негізгі уақыты табысты еселеуге жұмсалады. Яғни, жүйені жетілдіруге, жаңасын құруға деген сияқты. Сонда тұрақты табыстан тыс кіріс табуға қолайлы уақыт табасыз. Менің сайтым соның айғағы. Осы мақаланы жазған сәтімде ол маған айына 9000 доллар пайда түсіріп тұрды. Бұл менің табыс табатын жалғыз қайнар-бұлағым емес. Мен мақаланы сирек жазамын. Ал, адамдар ол мақаладан пайданы жылдар бойы ала алады. Веб-сервер адамдарға менің мақалам сияқты құндылықты ұсынады. Басқа жүйелер табысты жинақтайды. Оны тек менің банктегі шотыма аударады. Бұны баяу табыс деуге де келмейді. Бұл тек менің жазуға бейімді екенімді көрсетеді. Мен мақаланы тегін жазсам да жазар ем. Бұл серверді қосуға қанша қаржым кетті деп ойлайсыз? 9 доллар. Бұл күндері ол көп ақша саналады. Одан кейінгінің бәрі табыс. 
Әрине, аванс ретінде біршама уақыт пен тиянақтылықты талап етеді. Өзіңіздің ойыңызды жинақтап, сөзден шашу шашпаққа ниет керек. Бұл тетік қосылған соң бәрі өздігінен кете береді. Ол үшін сіз дөңгелек ойлап тауып отырмайсыз. Бар жүйені пайдалануға әбден болады. Жарнамалық тораптарды, серіктестік бағдарламаларын. Бірінші бастап кету керек. Ары қарай көп уақыт жоғалтпайсыз, табыс тұрақты болады. Өз үйіңізде, жарыңызбен түстік ішкен тамаша емес пе? Әсіресе, сіз тамақтанып болғанша ақшаңыз өсе беретінін ойласаңыз, жаныңыз жай табады ғой? Уақытыңызды ысырап қылу өзіңізге ұнаса – онда алға! Ештеңе істемей, қарап отырғыңыз келсе – ұялмаңыз. Сіздің жүйе өзге адамдарға құнды ақпар таратып жатқанда сіздің табысыңыз тұрақты бола бермек. 
Жақын арадағы кітап дүкендерінен өзгелердің тәжірибесінен өткен жүйелер туралы мол ақпар ала аласыз. Ешкім білімді болып туа салмайды. Кәсіпті игеру, салымнан пайда табу үшін де уақыт бөліп, білім үйрену керек. Оны түсіну үшін қанша уақыт жоғалтатыныңыз маңызды емес. Ол уақытты бәрібір жоғалтар едіңіз. Бірақ сіз келешекте көп уақыт жоғалтпауды үйренуіңіз үшін өзіңізге салым жасап жатсыз. Сіз өз жүйеңіздің иесі болмақсыз. Жалданып тапқан жалақының басы бүтін құлы болудан азаттық аласыз. Бұл «бәрі немесе ештеңе» дейтіндей таңдау емес. Сіздің жүйеңіз айына бірнеше жүз доллар пайда түсірсе де жаман емес. Бұл дегеніңіз дұрыс бағыттағы атап айтарлық жетістік.
(Жалғасы бар...)

Қызықты деректер 4.11.2015 жариялады
116,265 сұрақ
295,203 жауап
152,913 пікір
61,092 қолданушы