Өз ойым 3.11.2015 жариялады

білім жүйесіБілім жүйесін сынарда сынаушылар жағы - оқу үрдісіндегі мұғалім мен оқушы қатынасын ескере бермейді. Жоқ, бұл жұмсақ айтқаным болар, сынаушылардың дені - ұстаз бен шәкірт арасындағы психологиялық ойыннан мақұрым.

Дәнекерші баласын сабаққа жіберіп тұрып, оқудағы процестер - менің темір желімдегенімнен қиын емес шығар деп ойлайды. Дүкенші баласын сабаққа жіберіп тұрып, отыз баланы қазықша қағып қойып, бірдеңе оқып берген не тәйірі деп ойлайды. Етік тағалауға тапсырысты қалай беріп кетеді, баланы да сабаққа солай жібереді: аяғында дайын өнім алып кетсе болды әйтеуір. Үй ішінен ең болмаса құрмет пен ізет ұрығы себілмейді.

Дәл сол уақытта ондаған жылдар бойы ұстаздың, жұрт бөркін шешіп сәлем беретін ардақтыдан - қалт-құлт етіп күнелткен, қарапайым - оқушыдан талап ету құқықтарынан айрылған бейшараға қалай айналғанын көзіміз көрді. Үйден сабаққа "данышпан" жібергеніне өте-мөте сенімді ата-аналар, "үштік" баға мен сөгіс үшін, шен иелері болса - басшылық арқылы тұқыртады; мафиозилер болса - көшеде сабап кетеді. Оқу орнына тәрибе емес, аттестат/диплом беретін мекеме ретіндегі утилитарлық көзқарас білім жүйесін омырып кетті. Қазіргі мұғалімдер тіпті смартфонның дыбысын өшіре тұруды өтініп, жік-жаппар боп жүреді.

Ара-тұра көшеде бұрынғы мұғалімді кездестіре қалсаң, бал-бұл жанған бақытты жүзінен - мамандығын ауыстырғанын көресің. Түрмеден шыққандай, қорқынышты түстен оянғандай бақытты. Тозақтың өзінен аман қалғандай бақытты.

Баланы оқуға ертедегідей, "еті сенікі, сүйегі менікі" деп берсеңіздер, оны тура мағынасында түсініп қалып, дереу терісін сыпырып алайын деп жатқан ешкім жоқ, қымбатты ата-аналар. Ұстаздарға сеніңіздер. Бала болса, құқықтық сауаттан гөрі бірінші кәдімгі қаріп танитын сауатын ашсын. Ұстазға дікеңдейтін бала бір күні өздеріңізді аяқасты қылуы кәдік...

Ерлан Оспан

117,838 сұрақ
303,688 жауап
153,362 пікір
65,503 қолданушы