Пәленің мыңы Сырда, бірі қырда

Қазақ ұғымында табиғатпен санасу белең алған. Шаруашылық жауларын атымен атамай, қасқырларды «аң-құс», «ит-құс»  деген.

Сырт жақтарда «Пәленің мыңы Сырда, бірі қырда» деген мақал бар. Сырдың ең сұмдығы – кәдімгі сары маса. Оның еккен «тропикалық» деп аталатын Сырдың безгегінен екінің бірі өледі екен. Сырдың бойындағы малдың, әсіресе жылқы мен түйенің «жендеті» - сонасы. Сона түнде жатады, ал күндіз бір малға жабылған мыңдаған сона оны әбден аунақшытады. Сабырсыған малдар оларды бастарымен, табандарымен қағам деп өз денелерін ісіріп жібереді, содан ақырында не қатпа, не қара өкпе болып өледі.

Маса мен сонаға ең шыдамды мал – сиыр екен. Денесіне маса миллиондап, соны мыңдап жабысқанмен мыңқ етпейтін ол сорлының жауы – «сәйгел» аталатын инелік пен «алакүлік» аталатын көбелек. Бұларды көргенде жүздеген сиыр құйрықтарын аспанға тікейте көтеріп ап, бытырап қашады. Ол шабысқа қайбір шыдамды мақұлық? Біраз тоңқаңдап жүгірген соң, тілі салақтап болдырады да, мәңгүріп бетімен лағады.

Қой байғұс, бұл шыбындардың біреуін де елең қылмайды. Бірақ мұнымен пәледен құтылмайды ол. Қойдың танауына кіргіш қара бас ақ құрт болады екен, құрғақшылық жылдары ол тіпті көп болады. Танауына сол құрт кіріп жыбырлатса, онымен де қоймай, шақса, қой бейшара оттан қалып, алдыңғы аяқтарымен тұмсығын сабап, секіре береді екен де, осыдан болдырып өледі екен. Қазақтың «секіртпе» деген ауруы осы екен.

Аталған пәлелердің ешқайсысына да беріспейтін ешкі ғана екен. Жанына ешқайсысы да дарымағанымен олардың пәлесі – кене екен. Ешкінің төсіне қадалған кенелер етін тесіп, ішіне өтіп кетеді екен. Ешкі бақырауық мал ғой. Сондықтан қасқырлар түнде қотаннан қой ұрлағанда бақырған даусынан  қорқып ешкіге жоламайды деседі. Осы бақырауықтығын ол кене жабысса да істеп, қасқыр келсе де бақырып, ауыл адамдары бақырған дауысымен қуып, айырып алады екен.

Сыр бойындағы мал пәлелері осылар болса, егіннің пәлесі – «саранча» атты шегіртке екен. Бұл маңайда ондай пәленің тұқымы көп. Саранча дейтін – шегірткенің  ұрғашысы. Көшкен бұлттай боп, егінді тып-типыл қылады. Сол үшін егінді өртеп қам қылады. Бірақ бұл шығынды азайтқанмен, егінді бәрібір құтқармайды.

Шаруаға келетін апат осындай болса, адамға келетін апат одан да кем болмайды. Безгек пен шешек елдің баласы егін отаған саранчадай қырды.

Сырдағы «мың пәленің» ішіне қарақұрт, бүйі, шаян, жылан дегендер де болады. [Олар жайлы ғаламтордан біле аласыздар.]

Қазақ салт-дәстүрлері 2.11.2015 жариялады
116,053 сұрақ
294,506 жауап
152,845 пікір
60,451 қолданушы