Қазақ ұғымында...

Қазақ  ұғымында «асылдың  ұрпағы аз болады», «құс төресі – аққу жұмыртқаны екеу-ақ салады, аң патшасы – арыстан екі-ақ күшік салады, құс патшасы – бүркіт те екі-ақ жұмыртқа салады.»

Қыпшақ Ізбасты би мен керей Тоқсан би бір дауда жолыға қалған екен. Бірінші кездесулері екен. Ізбасты аса ірі денелі екен де, Тоқсан кішкене кісі екен. Ол заманның әдетінде билер құшақтасып көріседі. Екеуі сол көріскенде, Ізбасты Тоқсанға: «Тоқсан – Тоқсан дейтін еді, томашадай-ақ* екенсің ғой?» депті. Сонда Тоқсан: «Оның несі бар? Томаша тоғыз жұмыртқалайды, біреуі ғана бұлбұл болады. Өрмекші сегіз жұмыртқалайды, біреуі ғана бүйі болады. Томаша болсам – бұлбұлы болармын, өрмекші болсам – бүйісі шығармын» деген екен.

Қазақ ұғымында көз тимес үшін қиналып, запыран құсып, зарығып туған баласына көз тимеу үшін «Есектас», «Қодық», «Итбас» деген секілді аттар қойылады.

Бір шіріген байдың екі баласы бар екен. Үлкен қызын қала баласы секілдендіріп, әдемі киіндіріп, тап-таза ғып ұстаса, кішісіне, яғни ұлына құлдың баласы сияқты жаман-жәутік бірдемелерді кигізеді екен. Үлкені қанша жақсы киінгенімен зеректік жағына келгенде кішісіне теңеспейді. Себебін сұрағандарға айтқаны, кішісі зарығып күткен ұл екен. Ал ондай балаға тіл тимесін деп жаман ат қою, көз тимесін деп жаман киіндіру – қазақтың ата салты. Қайта «Итбас», «Құсбас», «Итқұл», «Шошқабай» сияқты аттардың біреуін қоймағанына «шүкіршілік» деу керек.

Қазақ ұғымында қалалардың бәрі шаһар болмаған. Олардың атаулары да жайдан – жай қойылмаған. Қызылорданың алғашқы аты «Жаманқала», «Қамыстыбас» секілді ауылдар болғаны да жалған емес.

Қазіргі Қостанайдың «Қостанай» аталатын себебі мынау: Қыпшақта Қанғожа, Балғожа дейтін атақты адамдар болған. Солардың шешесі Қостанай деген кемпірдің, қала түскен жерде, үлкендігі обадай зираты бар. Қалаға соның атын қоя салған. Қостанай егіз туылса керек, сондықтан әке-шешесі «Қостанай», яғни «екі ай бірден туды» деп алғаш туған қыздың атын «Қостанай» қойса керек.

Қазақ ұғымында «әліп» деген түсінік бар. «Әліпті таяқ деп білмейді», «Әліптің артын бағайық»  деген тіркес содан қалған.

«Әліп» дегені мынау екен: қазақ құмалақпен бал ашады, құмалақ саны қырық бір болады. Қазақтың ұғымында, құмалақтың  «қырқы» емес, «қырық біріншісі» ғана сөйлеп болжал айтады, оның аты – «әліп», сондықтан бал ашқан қазақ әліптің жау жағына я өз жағына шығарын бақылайды. «Әліптің артын бағайық» деген сол. Кей нұсқаларды «әліп» деген «әріп» деген түсініктен шыққан. Молдалар оқу барысында әріп үйреткенде таяқпен құрастырып, жазып (кейде ұрып та) үйретеді. «Әліпті таяқ  деп білмейді» деген надан адамдарға айтылатын тіркес ретінде қалыптасып кеткен.

 

*томаша – шымшықтың ең кішкене түрі

Қазақ салт-дәстүрлері 2.11.2015 жариялады
116,035 сұрақ
294,403 жауап
152,841 пікір
60,365 қолданушы