Адамдар, ажыраспайықшы

Айдаладағы орыста нең бар демес бұрын, мынаны түсініңізші. Бұл жалғанда Сергей Безруков деген актер бар. 40-тың қырқасында ғана. Бірақ Ресейдің халық әртісі, талантты, дарынды. Енді сол Сергейдің Ирина деген сүйген жары бар ет-ін. Кез келген шарада жұбы жазылмайтын. Сергей мен Иринаны мен де керемет жұп деп санап келдім. Сол Сережаның мына сөзі ел арасында қатты тарап кеткен еді. "Өзгенің әйеліне көз салатын еркектің құны көк тиын. Сен мықты болсаң, өз әйеліңді киіндір, әдеміле, сосын соған қара". Жақсы сөз, иә? Кино саласын түртінектеп, оқып жүретін болған соң, кей-кейде сары басылымдарға да соқтығып қаласың ғой. Жаңа Сергей мен Ирина ажырасып тынды дегенді оқып қаламын да, бауырым әйелін жібергендей ішім ашып, гуглдатам ғой. Сөйтсем, рас екен. Және бір журик жазыпты, "Иринаның Сергейден ажырасқаны дұрыс болды. Ирина атақты күйеуінің тасасында қалып қойып еді. Енді карьерасын дұрыстай бастады. Жақында телебағдарлама ашты. Ең қызығы сол, бірінші қонағы экс-күйеуі Сергей Безруков болды" деп. Ютубтан теріп кеп қалдым. Рас, бағдарлама ашыпты. Ең алғашқы қонағы да кеше ажырасқан күйеуі екен. Бағдарламаны көріп отырып, екеуінің бөтен адамдарша сөйлескеніне таң қалдым. Таң қала отырып, ішім ашыды. Әйелдің көзінде мұң бар секілді көрінді. Өзін біртүрлі сенімсіз ұстап отырды. Әйел - сезімнің адамы. Әйел - әлсіз. Ол сыртын бермегенімен, іші қан жылауы мүмкін. Кеше ғана арқа сүйері болған, сырласы болған күйеуімен, бүгін бөтен адам құсап, суық сұқбат алып отыру оңай емес шығар. Өмір дегеннің қалтарыс-бұлтарысы көп деуші еді. Енді сол қалтарыстардың сонша күрделі екенін қайдан біліппін?

Біреуге ақыл айтарлық адам емеспін. Сергей мен Иринаның басындағы жайт менің де басымда болмасына кім кепіл? Бірақ, бәрібір... ертеңім - тағдырымда, бүгінім - "адамдар, ажыраспайықшы" дейді.

Жандос Құссайын

Таусылмайтын махаббат 14.09.2015 жариялады

1 пікір

Қооойш,кеше ғана Астанаға екеуі келіп кетіп еді ғой.Екеуі емес өздерінің театрдағы ұжымдастарымен бірге.Өкінішті
116,035 сұрақ
294,403 жауап
152,841 пікір
60,365 қолданушы