«Мұрынтас» демалыс орны

Өткен аптада Бәйдібек ауданының Қаратас елдімекеніндегі «Мұрынтас» демалыс орнына барып қайттым. Сонда өткен семинарға қатыстым. Жергілікті жұртшылықтың мақтанышы ҚосТұра тауы мен Боралдай өзенін көрдім.

Бәрін басынан айтып берейінші.
Ішінде жиырма шақты адамы бар шағын автобус Шымкенттен шығып, Бәйдібек ауданына тарттық. Аталмыш демалыс аймағын тапқанша жарты сағаттай адастық. Тіпті, сонау Домалақ Ана кесенесіне кетуге сәл-ақ қалдық. Кетіп қалғанда да болар еді?! Несі бар, Домалақ Ана кесенесін көремін. Әйткенмен, болмай қалды.

Қымыз толы ауыр сөмке көтерген Ақбала есімді апаның көмегімен іздегенімізді таптық. Сондағысы, әр қыраттың арасындағы сай-сайда шашырай қоныстанған ауылдарды жалғап жатқан топырақ жолдардан жаңылысыппыз. Бұл адасу – менің пайдама тиді. Бәйдібектің жерін аз да болса танып қалдым.

«Мұрынтас» демалыс аймағы – ҚосТұраның етегінде, Боралдай өзенінің жағасында орналасқан.«Жаздың соңы ғой, жанымның рахатына әй-бір шомылып қалайыншы» деп, Боралдайдың суында асыр салып жүрген адам көп.

Солардың қатарына енді қосылайын деп, үстіміздегі киімдерімізді сыпыра бергенде, «Семинар басталады, қатысыңыздар» деген хабар жетті. Асхат брат: шешінген ештеңеден тайынбас, деді ме, суға қойып кетті. Қалғанымыз семинарға қатысу үшін спикерлер алдындағы бос орындардан қарайған көлеңке іздеп, ала-қотан жайғастық. Ұнайды мұндай формат.
Семинарда ОҚО ішкі саясат басқармасының қызметкерлері, бас редакторлар клубының мүшелері, Оңтүстіктің журналистері мен блогерлері болды. Бас-аяғы қырық шақты адам. Жеке көліктерімен келіп, қатарға қосылып жатқандары қаншама.

Семинарда айтылған көп әңгімеден есімде қалғанын жазайыншы. Мен үшін пайдалы сөздер бар. Сізге де пайдасы тиіп қалар.
«Төлеби туы» аудандық газетінің редакторы (аты есімде жоқ) «Аудандық басылымдардың жағдайы нашар, журналистердің айлығы мардымсыз, мемлекеттік тапсырыстың мөлшері аз, тираж қысқарып барады, осыған бір амал жасаңыздар» деген назын ОҚО ішкі саясат және дін істері басқармасы басшысының орынбасары Жанар Бектаевға айтып еді.

Жанар Бектаева: «Тираж санын арттырыңыздар. Сонда мемлекеттік тапсырыс көлемі де ұлғаяды. Біз өткен жылы осы Оңтүстік Қазақстан облысының аудандық БАҚ-тарының басын біріктіріп, бір орталықтан басқаратын медиахолдинг құруды қолға алғанбыз. Бірақ, сіздер, аудандық газет редакторлары барлығыңыз бірлесіп, сол медиахолдингке кіруге қарсы шығып, 3 рет арыз түсірдіңіздер. Қаржы дағдарысына байланысты медиахолдингті құру жұмысы тоқтатылды» деп жауап қайтарды. Редакторлар тарапынан: «Еее, жақсы болды» деген жауап естілді. «Бұ не медиахолдинг, бұ не қарсы шығу» екенін сол күйі түсінбедім. Мұның алдын «осындай медиахолдинг құрылады екен, ортақ канцелярия, ортақ бухгалтерия болады екен» дегенді естігенмін. Сол сияқты. Айтпақшы, аудандық газеттерге жылына 3 млннан 25 млнға теңгенің мемлекеттік тапсырысы беріледі екен. 25 млн алатындардың жағдайы жаман болуы «сұрақ асты» мәселе. Ал, 3 млн деген аз енді. Қысқасы, «мемлекеттік тапсырысқа күні қараған қазақ БАҚ-тары» әңгіме ғой. Мұны «БІР» деп қойыңыз.

Енді ЕКІ. Орыс тілінде шығатын «Южный Казахстан» облыстық газетінің бас редакторы міндетін атқарушы Кеңесбай Исмаилов газеттердің қаржы табуы жайында өз тәжірибесімен бөлісті. Ол кісінің редакциясында: газеттің бюджетін жоспарлауды үшке бөледі екен. Біріншісі, мемлекеттік тапсырыстың қаржысы; екіншісі, таралымнан түсетін қаржы; үшіншісі, жарнамадан келетін қаржы. Осы үшеуінің әрқайсысының көлеміпайыздық үлеспен белгіленген. Яғни, жалпы жиналған бюджетті сол үш бөлікке бөлгенде, қайсысының басым түсіп, қайсысы кемігені анықталады. Егер, мемлекеттік тапсырыстың қаржысы асып кетіп жатса, онда жарнама бөлімі мен таралым санына жауапты подписка бөлімінің жұмысы ақсағанын байқалып, түзету шаралары жасалады. Осылай облыстық басылымның бюджеті жасақталады.

Келесі ҮШ. «Редакторлар клубы» ҚБ-ның төрағасы, «Дөңгеленген дүние» газетінің бас редакторы Талғат Ормановтың қазіргі қазақ басылымдарында жарияланатын мақалалардың сапасына қатысты айтқаны менің ойыммен дөп келді. Ол кісі: Біздегі басылымдарда «қай күні мына жерде мұндай жиын өтті, оған пәленше-түгенше қатысты, оны мына мекеме ұйымдастырды» деген сыңайдағы ақпараттар көбейіп кетті. Сол жиында не айтылғанын, не мәселе көтерілгенін, қандай кемшіліктер сөз болғанын, не шешім қабылданғанын жазбайды. Жұртшылық үшін жиынның қашан, қайда өткені маңызды емес. Онда не айтылғанын білу маңызды. Осы жағына мән берсек,-дейді. Келісемін. Жалаң ақпарат наққа керек?!

Үштен кейін ТӨРТ. «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстіктегі тілшісі Бақтияр Тайжанның Елбасының шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту туралы ұсыныстарын айта келе, бұқараны шағын және орта кәсіпкерлікке баулу мен ақпараттандыру ісіне журналистердің жұмыла кірісуі қажеттігіне тоқталды. ДСҰ, Кедендік Одақ, ЕАЭО жағдайында Қазақстан халқының шағын және орта кәсіпкерлікке бет бұрып, бір кәсіпке мамандануға тәрбиелеуде қазақ БАҚ-тарының маңызды рөлге ие екенін, сондықтан да әр басылым өз кәсібін ашып, табыс тауып отырған отбасылар туралы жиі мақала беріп, таныстырып, жеке кәсіп бастауға мемлекет тарапынан ұсынылатын көмек түрлерін, кездесетін қиындықтар жайында әрдайым жазып отыруды ұсынды. Келісемін.

БЕС-ті оқып жіберіңіз енді.
«Ордабасы оттары» газетінің бас редакторы (аты есімде жоқ) кәрілік жеңген қалпымен ақырып басып, ортаға шығып, жағымды даусымен әңгіме бастады. Бұ кісінің айтқанынан түсінгенім, биыл аудандық газеттердің 80 жылдық мерейтойлары екен. «Әраудандық басылым – сол ауданның қағазға түскен тарихы» деп, әңгіменің тиегін ағытқан редактор: «Әр аудандық газетті сол ауданның әкімдеріне «мерейтойды атап өтейік» деп жалтақтатып, жалындырмай, бәрінің басын осы Шымкентте қосып, сексен жылдық мерейтойларын бірге өткізіп берсеңдер болар еді», деп Жанар Бектаева ұсыныс білдірді. Өмір сүруге қақысы бар ұсыныс.
Осы кезде онлайн адамдарға «өй, сол газеттердің не керегі бар, олардың мерейтойын атап өтіп не керек» деген сыңайдағы ой келуі мүмкін. «Мынауың кім, ей, біз үшін ойлап отырған, мен олай ойламаймын» десеңіз, тіпті жақсы.

Семинар аяқталған соң, ай, бір, рахат өмір басталды. Пибі сататын кішігірім кафе бар екен. Пибіден сіміріп салып, жас малдың етінен әзірленген сорпаны тоя ішіп, Боралдайдың суына жөнелдік. Тау қойнауынан атқылаған бұлақ суларынан жиналып, сар даланы төсінде баяу ғана ағып жатқан Боралдай суы денеге жұмсақ тиеді. Осылайша, Үлкен Тұра мен Кіші Тұраға қарап-қарап қойып, Боралдай суына шомылдық. Боралдай-Пибі-Тамақ-Боралдай-Пибі-Тамақ-Боралдай тізбегімен уақыттың қалай өткенін де аңғармаппыз. Айтпақшы, дәмді палауды әзірлеген аспазға респект.

Жәнібек Нұрыш

Елді мекендер 19.08.2015 жариялады
116,264 сұрақ
295,192 жауап
152,913 пікір
61,078 қолданушы