Мамандықты қалай таңдаймыз?

Бұрындары,яғни 11-сыныпты оқымай тұрған кезде бізге бітіруші сынып оқушылары бейне бір толыққанды азамат,өзіндік пікірлерін қалыптастырған ересек жандардай көрінетін.Ал қазір өзіміз 11-сыныптың табалдырығын аттағасын таңдану дегенді қойдық, себебі өзіміздің әлі бала қиялдан алыстамағанымыз да, кей кезде тіпті бұрынғыша асыр салып ойнағымыз кеп кететіні де жасырын емес.Алда жаңа өмір,жаңа белестер, жаңа достар,жаңа орта...    Мектеп партасында ешкім де мәңгілік отырмаған, демек, біздің де алтын ұямызбен қоштасар күніміз жақындап келеді. Мектепте ұстаздардан алған тәлім-тәрбиеміз бізге өмірлік азық болары сөзсіз. Дегенмен сыйға сый жасап, асыл ұстаздарымыздың тер төгіп үйреткен білім-тәлімін біз де ақтауымыз қажет. Оның жолы белгілі:Ұлттық Бірыңғай Тестте жоғары бал жинап,ЖОО-ға грантпен түсу. Бір кездері бұл сын да  бізге келместей көрінетін. Бірақ, қазір өгізге туған күннің бұзауға да туатынын сезінген сияқтымыз. Қатарластарымның көбісі өміріміздің алғашқы маңызды баспалдағы- Ұлттық сын деп ойлайды,бұл пікірге мен де қосыламын,әйтсе де маған мамандық таңдау да қиын өткел секілді көрінеді. Адам баласының пешенесіне жазылған бүкіл ғұмырының жартысы қызмет бабында өтетіндіктен, мамандықты жеті рет өлшеп,бір рет кесіп таңдаған жөн екенін бәріміз білеміз. Бітіруші сынып оқушысы ретінде осы бір қиын шешім туралы бірер сөз айтсам деп едім.

Әлі есімде, 1-сыныпта бізден апайымыз «Өскенде кім болғыларың келеді?» деп сұрады. Барлық қыздар алдын-ала келісіп қойғандай «сіз сияқты мұғалім болғымыз келеді!» деп шу ете қалдық. Ал балалар «ГАЙ» немесе «мілитса» болғылары келетіндіктерін айтты. Ол кезде бізге ұстаздықтан басқа мамандықтар таңсық еді, апайымыздың бор ұстағаны, дәптер тексергені,тіпті қол сөмкесі мен көзілдірігіне шейін ерекше көрінетін. Ал ұлдарға құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің формасы, қолдарындағы ала таяғы қатты ұнайтын. Балаң үміттер бізді солардай мамандық иелері болуға жетелейтін...

Ал қазір бәрі басқаша. Қиялды мақсатқа айналдырып,арманды шындыққа жанастырар сәт келген тәрізді.Басқаларды қайдам,өзімнің сыныбымда мамандық таңдаудың бірнеше «типі» байқалады.Мәселен, бір құрбым анасының қалауына орай медицина саласын таңдап отыр. Яғни,ата-анасының пікірі ол үшін бәрінен жоғары. Ал енді бір досым қалай да осыған түсемін деп өзінің қалаған мамандығына барғысы келеді. Бұл-ол өз жүрегін тыңдайды деген сөз. Енді бір сыныптасым  қатты ұнатпаса да «осы кәсіпте жолым болады-ау!»деген үмітпен өзі бейім кәсіп түріне тоқталды. Меніңше, ол Шекспирдің «Икеміңе қарай еңбек ет!» деген сөзін қатаң ұстанған сықылды. «Бәрін тесттегі жинаған бал шешеді».Көп сыныптастастарым осындай пікірде орныққан.Әрине, тестте алар балымыз бәріміздің де таңдауымызға әсер етері анық, бірақ, жанымыз жақын саланың сапалы маманы болу үшін жасалған дұрыс таңдау ғана жақсылыққа апаратын сияқты.  Ал  өзіме келер болсам, бүйрегім көбірек бұрып түрған саланы таңдап отырмын.Тест нәтижесі де осы ойымнан айнытпаса екен деп тілеп жүрмін. Бір қызығы,(бәлкім, бір өкініштісі) ешқайсысымыз да кәсіптік білім алу жағына мүлде бас қатырмаппыз.Білім деңгейіміз жоғарыларымыз да, төменіміз де «аспандағы айды» қалаймыз(!) Қазақстанымыздың болашағы біздің қолымызда екенін, қазіргі таңда осы кәсіптерге баса назар аударылып,жақсы жағдай жасалып жатқанын байыбына жете түсіне білсек, бізден қаншама кәсіптік саланың шеберлері шығар еді...

Айтпақшы, әлгі 1-сыныпта мамандық таңдағанымызда болған бір оқиғаны естен шығарыппын: Бәріміз дүрліге  екі саланы ғана айтқанда,бір қыз «Апай,мен бастық  болғым келеді!» демесі бар ма?! Аңғалдықтан арыла алмай жүргенде бастық болу кімнің ойына келіпті?!Қызметте шеннің өсуі, лауазымның көтерілуі адамның қабілет-қарымына, іскерлігіне байланысты бола жататын  нәрсе ғой. Әуелі дұрыс таңдау жасап алайықшы! Таңдауымызда жаңылмай, бағымыз жанып,қызметте көш басында жүрер іскер азаматтар болып жатсақ, тек өзіміздің ғана емес, ұстаздың,ата-ананың,жалпы дүйім елдің үмітін ақтағанымыз. Бізді тек жарқын болашақ күтіп тұрғанына кәміл сенемін!

Роза ӘРЕН,
Арал қаласы,
Қызылорда облысы.

Поэзия 18.08.2015 жариялады
116,265 сұрақ
295,203 жауап
152,913 пікір
61,090 қолданушы