Конлангтер: жаңа тілдер құрастыру

Тіл құрастыру

Тіл құрастыру - алғашында әр түрлі тілде сөйлейтін адамдардың қарым-қатынасын жеңілдету мақсатында зерттеліп, бүгінде кино мен әдебиет саласында да кең тарап келе жатқан тенденция. Халықаралық қатынастар мен жаңашылдық үшін ойлап табылған тілдерді конлангтер (constructed languages) деп атайды. Конлангтердің философиялық, яки көркем шығармаларда ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында үлкен танымалдылыққа ие болуы байланыс құралдарының дамуына орай деп түсіндіріледі. Мұндай тілдердің ішінде ең көп сөйлеушіге, 2 млн адамға, ие болған эсперанто халықаралық қатынастың тіліне айналады деп ойлайтындар көп, әйтсе де, идо, новиаль, интерлингва тілдерінің де қолданушылары аз емес. Әдебиет пен кино саласында кездесетін конлангтерді кейде артлангтер деп те атайды. Ары қарай зерттелген жасанды бірнеше тілмен таныс болыңыз.

Толкин тілдері

Джон Рональд Руэл Толкин жазушы ғана емес, танымал филолог, ежелгі герман және кель тілдерінің маманы болатын. Ғылыми жұмыстарынан қарағанда тіл құрастыру саласында көп мән бергенінен болар, осы бағытта өте көп құнды деректер мен зерттеулер қалдырды.

Эльфий тілдер тобына кіретін Толкиннің артлангтері жүзге жуық. Олардың ішінде ең танымалдары – квенья мен синдарин. Ғалым құрастырған әрбір тілінің грамматикасын мұқият құрылымдаған, басты ерекшелігі – тарихы: конлангтердің ішінде уақыт өте өзгеріске ұшыраған Толкин тілдері ғана. Алғашқы эльфий тілдер тобына ортақ көптік жалғауы сандарин тілінің әсеріне жойылып, оның орнына сөздердегі дауысты дыбыстардың ауысуы келді. Мысалы: «brannon» – «мырза» ~ «brennyn» - «мырзалар», «urug» - «орк» ~ «yryg» - «орктер». Мысалы: алғашқыда «–ī» әрпі арқылы көптік жалғауын жалғасақ, «fōt-» сөзінің «fōti-» болатынын білеміз, ол ағылшын тілінен «аяқ» деп аударылады. Ал бұл сөз ежелгі герман тілінен еніп, Толкиннің еңбегіне сәйкес, көптіп мәнге дауысты дыбыстарды өзгерту арқылы ие болады: «foot» - «аяқ» - «feet» - «аяқтар»; «man» - «ер» - «men» - «ерлер». Бұл қызық көрінгенімен, ағылшын тіліндегі кей сөздерді көптеуде қате формалар (неправильные формы) осының әсерінен пайда болды деуге толық негіз бар.

На’ви

2005 жылы «Аватар» фильмінің түсіріліміне кіріскен Джеймс Кэмерон туындысына жаңа жасанды тіл керектігін түсінеді де, америкалық лингвист Пол Фроммерге тапсырыс береді.

Фроммердің ғылыми жетекшісі өте білімді типологтардың бірі Бернард Комри болатын, оны артлангтың грамматикалық ерекшелігі мен сауаттылығынан байқауға болады. На`ви деп аталатын тіл бүгінде лингвистикалық типология мамандарының қызу таласына түсу себебі – үш бөлімді сөйлем конструкциясымен ерекшеленеді. Сонымен қатар, санау жүйесінің де қызықтың тұстары бар. Мысалы, біз жекеше және көпше түрді білеміз. Ескеретін жайт, көне славян және ескі орыс тілдерінде екілік түр (двойственное число) болған, ал на’ви тілінде үштік түр де бар: «nantang» - «жыланқасқыр», «menantang» - «екі жыланқасқыр», «pxenantang» - «үш жыланқасқыр», «aynantang» - «жыланқасқырлар» (төрт, не одан көп).

Новояз

Джордж Оруэлл «1984» атты романында Океания тоталитарлы мемлекетінің тілі – новояз туралы суреттейді. 2015 жылы лингвист Наталья Заика «Новояз қалай жасалған: типолог көзқарасы» зерттеуінде аталған артланг ағылшын тілінің аясында құрылғанын баяндайды.

Негізінен, новояздың кез келген сөзін етістік, зат есім, сын есім және үстеу ретінде қолдануға болады. Мысалы «thought» - «ой» сөзі романда мүлдем кездеспейді, оның орнына зат есімнің де, етістіктің де қызметін атқаратын «think» сөзі қолданылады. Ал сын есімдерге аталған тіл тым кедей. Шамамен, тек қана «good», «strong», «big», «black», «soft» сөздері ғана бар. Алайда, сын есімнің азаю тенденциясын жазған Роберт Диксонның «Сын есімдер қайда кеткен?» зерттеу-мақаласында Норвегиядағы 20 млн адам сөйлейтін игбо тілі жайлы айтылады. Бұл тілде тек қана 8 сын есім ғана бар: «ukwu» - «үлкен», «nta» - «кішкентай», «ọhụrụ» - «жаңа», «ocye» - «ескі», «ojii» - «қараңғы», «ọca» - «жарық», «ọma» - «жақсы», «ọjọọ» - «жаман». Сонымен қатар, новоязда «un» приставкасы арқылы сын есімдердің антонимдік заңын бұзады. Мысалы, «good» сөзінің антонимі «bad»-ты қолданбай, тек «ungood» деп қолданады. «Light», «dark» сөздері де осы формуламен өзгереді.

Ғылым 11.08.2015 жариялады
116,264 сұрақ
295,192 жауап
152,913 пікір
61,078 қолданушы