Дастарханда бас ұстау тәртібі.

 

Айтаберде Мақсаттың «Қазақтың ұлттық ет тағамдары»-деген постындағы пікірінде Манас маған,«Жәке көп рахмет, жақсы түсінік бердіңіз, енді қазақтың табақ тарту дәстүрі, оны турау, бас ұстау жайлы өзіңізден бір жақсы пост күтіп отырмыз, басты өзіңіз ұстап бәрімізге бөліп берсеңіз (біздерге қойдың құлағы да жарайды), Бір жағынан әзіл, түсінікті болады дегенім ғой»-деген інілік наз айтқан екен, сөзін жерге тастай алмадым.
Ата-бабаларымыз ас ішуді, болмаса ас беруді тек қана қарын тойдырып нәпсі басу ғана деп ойламаған, оны тәрбиелік мәнмен ұштастыра отырып, сол арқылы жастарға бағыт-бағдар беріп отырған. Мен бүгін соның бірі дастарханда бас кімге тартылады(ұсынылады) деген сұрақтың төңерегінде әңгіме қозғайын. Дұрыс деген жерлеріңізді қабылдап,қате деген тұстарыңызды толтырады деп үміттенемін. Сонымен малдың басын қазанға салмас бұрын тазалап дайындайды. Ірі қараның басы бүтін асылмайды, оның тұмсығын шауып, бас екі шекеге бөлінеді. Бір аймақтарда ірі қараның бас терісін іреп алып тастайды, енді бір аймақтарда үйітіп тазалайды. Сонымен ірі қара малдың басы асуға дайын, бұл жерде ескеретін нәрсе басты тазалап жүргенде миын шашып алмау керек. Асылған шекенің миы орнында болмаса ол әбестік саналып, сол үйдің отанасына сын айтылатын(олақ, икемсіз, салақ дегендей) болады. Ал қой, ешкінің басының жұмысы көптеу. Басты әбден тазалап үйіткеннен кейін, мүйізі болса қағып, онан соң жуып алу керек. Одан ары қарай басты жағынан ажыратып, тісін қағып тастайды да, тұмсығын төмен қаратып сілкіп сумен кеңсірігін шаяды. Онан соң көзін пышақпен шұқып қарашығын ағызып тастау керек. Егер көз қкрашығын ағызбаса бас қайнағанда көз қаршығы тас болып қалады, ал көз кәделі мүшенің бірі. Міне осы процедуралардан кейін ғана басты қазанға салады. Бас пісіп дастарханға жол тартардың алдында екі құлағының бірін кесіп алады(екі құлағымен едірейіп дастарханға бармайды), маңдайы қасқаланады(ол құйқаның піскен-піспегені анықталғанын білдіреді), содан соң ғана ұсылынады. Ал енді осы сайттың үлкені мен болғанан соң бас маған тиер деп отырмын, олай болса бас қалай ұсталатынын байқаңыздар. Бас тартылатын адам сол дастархандағы үлкен, силы, қадірлі(ауыл қариясы,әулет үлкені,құда т.с.с.) адамдар болуы керек. Басты ұстаудағы мақсат бас салып аузы-басын май-май қылып қарын тойдыру емес, ең бастысы сол бастан айналасындағыларға ауыз тигізу арқылы әркімнің жолын, орнын айқындап беру болған. Ас қайырылап бас алғанан соң бас ұстаушы қария, яғни мен, бастан ауз тиемін дағы жан –жағыма ауыз тигізе бастаймын.Бастың бір жақ жартысын бүтін қалпында қалдырып, келесі жақ жартысынан кесіп алып ауыз тигізеді.екі көзі алынған бас сол жерден тоқтап ары қарай жағалатылмайды,«Көзсіз бас жүрмейді»-деген осыдан қалса керек.Бұл сол бастан ас иесіде ауыз тисін, соған дейін жетсін деген ниеттен туындаса керек.Сонымен:
1. Құлағын алып,«Құлағың түрік болсын, үлкендердің айтқан жақсы сөздерін, ақылдарын қағып алатын бол»-деп осы сайттағы кішіміз Рауанға ұсынамын.
2. Бір көзін ойып, «Мәке, Айтаберде әңгімеміз жарасатын жігіттердің бірі едің»-деп Манасқа ұсынар едім.
3. Желке құйқасынан бір кесіп алып, « жаста болсаң Айтабердің басы, басшысы өзің,әрдайым желкең қүжірейіп тұрсын»-депСадыққа асатар едім.
4. Таңлайын алып, «Ән айтуға құмартып жүрсің, таңлайы тобарсымайтын әнші бол»-деп осы сайттағы әншіміз Сағынышқа(Пари) ұсынар едім.
5. Езуінен кесіп алып, майдалап турап « Езулеріңнен күлкі, жүздеріңнен қуаныш кетпей сайт көркі болып жүре беріңдер»-деп Дельфина, Көркем,Қырмызы, Ака, Майрош, Көршінің қызы т.с.с. қыздарымызға ауыз тигізер едім дағы, бастың қалғанын «Сендер де бас ұстайтын жасқа жетіп, силы азамат болыңдар»-деп Мақсат, Жанат, Ереке, Нұрбол, Ербол, Нұржол, Мади, Жомарт, Есболат.Қайырбек, Жұртың баласы т.с.с. жігіттерге ұзатар едім.
«Ал енді Айтаберліктер астарың дәмді,өмірлерің сәнді,әрбір күндерің мәнді болсын»-деп бата берер едім.
Бұған не дейсіңдер. Аты аталмай қалғандардан кешірім сұраймын, бәрін жазу мүмкін емес екен, болмаса дастарханда бәріміз отырмыз.

Қазақ салт-дәстүрлері 14.01.2015 жариялады

4 пікір

Жалпы дұрыс. "Әр елдің салты басқа,  иттері қара қасқа"демекші кейбір жерлерде "ала көз боласыңдар" деп,көзді бір адамға беріп жатады.Дүрыс сөз "таңлай"ма,"таңдай"ма?
"Таңлай, таңдай" - сөздерінің екі нұсқасыда қолдалынып жатады, өзім дұрысын "таңлай" нұсқасын дұрыс па деп ойлаймын. Себебі "таңдай" - сөзінің түбірі таңдауға келетін сияқты.
Амансыңдар! "Таңдай"жақсы,жаманды таңдай біл дегенге әкелетін сияқты,ал "таңлайдың" мағынасын қалай түсінеміз?
Мүмкін, тіл мамандары оқи қалса өз пікірлерін білдіре жатар деп ойлаймын.
115,820 сұрақ
293,609 жауап
152,783 пікір
59,728 қолданушы