Қасиетті Қадір түні.

Әр мұсылман үшін - өмірін құлшылықпен өткізіп, Аллаһ Тағаланың разылығын табу ең басты мақсат болып табылады.Осы мақсатқа жетуде Қадір түнінің алатын орны ерекше. Себебі бұл түнде жасалған ғибадат құлшылықты Аллаһ Тағала мың айда жасалған ғибадаттан артық қабылдайды, яғни 83 жыл бойы жасалған ғибадатпен теңестіріледі.
Қасиетті Құранның Қадір сүресінде: «Негізінен Құранды Қадір Түнінде түсірдік. (1). (Мұхаммед с.ғ.с) Қадір түнінің не екенін білесін бе? (2). Қадір түні мың айдан қайырлы (3). Періштелер және Жебірейіл (ғ.с) ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі (4). Ол бейбітшілік кеші, таң рауандағанға дейін жалғасады. Қадір кеші: Рамазан айының кеші.(2-С. 185-А) Б.К.Р.Х.Т) (5)», - деп айтылған. Осы сүреде айтылғандай бұл түн мың айдан да қайырлы. Әлем мұсылмандары үшін өмірлік қағиданың негізі болып табылатын қасиетті Құран Кәрім Хазіреті Пайғамбарымызға.(с.ғ.с)осы айда түсіріле бастаған. Бұл түнде періштелер жерге түсіп, тіленген дұға-тілектері Аллаһ Тағалаға жеткізеді. Сондықтан осы түнді барлық мұсылмандар құлшылықпен өткізіп, дұға тілейді. Себебі бұл түнде Аллаһ Тағала адамдардың келесі жылғы тағдырын, яғни өмірі мен өлімін, рызық - несібесін, бақытты немесе бақытсыз болуын т.б. жазады.
Қадір түнінің нақты уақыты анық белгілі емес. Бірақ Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадис шәріптері Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінің бірі екендігіне әсіресе, тақ түндерін іздеу керектігін нұсқайды. Себебі Расулуллаһ (с.ғ.с.) Рмамазанның соңғы он күндігін мешітте өткізіп: «Қадір түнін Рамазан айының соңғы он күндігінен іздеңдер», - деп айтатын (Хадисті Айша анамыздай (р.л.ғ.) Имам Бухари мен Имам Муслим риуаят етті). Ғалымдардың көзқарастары бойынша, бұл түн Рамазан айының тақ түндерінің біріне, әсіресе, 27-ші түніне сәйкес келеді.
Бұрын өмір сүрген үмметтердің өмірлері шамамен 50 жылды құраса, қазіргі үмметтердің өмірлері 100 жылға да жетпейді. Қамшының сабындай қысқа ғұмырларында мұсылмандар үшін мың айдан артық жасалған ғибадаттың сауабын алу, әрине мүмкін емес. Сондықтан Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) Алла Тағала: «Уа, Раббым, менің үмметімнің өмірлері қысқа, амалдары аз» - деп дұға еткен. Сонда Алла Тағала Пайғамбарымызға Қадір түнін сыйлады және былай деді: «Қадір түні саған және сенің үмметіңе мың айдан артық» (Сафуату тәфисир, ІІІ т., 1525 бет).
Қадір түнінің өзге түндерден ерекше екендігіне мынадай дәлелдер келтіруге болады:
1. Құран Кәрім толық күйінде «Ләухул Махфуздан» дүние көгіне, Бәйтул Иззәтқа Қадір түні түскен. Бұл - азамат үшін өте маңызды оқиға.
2. Бұл түнгі ғибадат - құлшылық мың айда жасалған құлшылықтан артық.
3. Алла Тағала адамдардың тағдырындағы келесі жылы болатын жазмыштарды періштелеріне бұйырады. Абдуллах ибн Аббас (р.л.ғ.) және Имам Әбул-Хаттаб әл-Басаридың айтуынша, бұл түні келесі жылға дейін болатын әр түрлі маңызды оқиғалар туралы Алла Тағаланың тағдыры періштелеріне аян болады».
4. Имам Сәһил ибн Абдуллах: «Алла Тағала бұл түні мүмін құлдарына рахымын төгіп,кешірім сыйлады», -дейді.
5. Бұл түні Рух (Жәбірейлі періште) пен көптеген періштелер жер бетіне түседі. Имам Хамд ибн Ахмад: «бұл түні жер бетіне түскен періштелердің көптігі сонша - жер беті періштелерге сыймай кетеді», - деп көрсеткен.
Алла елшісі (с.ғ.у.) «Кімде - кім Қадір түні артықшылығына сеніп, Алла Тағаладан сауап күтіп, құлшылқпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» (Бұхари, Қадір,1);
Өкінішке орай қазіргі таңда көптеген мұсылман бауырларымыз діни білімдерінің аздығынан Қадір түнін өзгеше түсініп, дастархан жайып, түрлі тағам әзірлеп, ақ киінген Қыдыр Атаны күтеді. Қыдыр Ата келіп, шаңыраққа береке, байлық сыйлайды деп сенеді. Алайда бұл қате түсінік. Жоғарыда айтылғандай, Қадір түнінде жеті қақ көктен Аллаһтың әмірі бойынша періштелер жерге түсіп, мұсылмандардың тілеген дұға-тілектерін Аллаһқа жеткізеді. Қадір түнінде Аллаһ Тағаланың разылығы үшін жасалған әрбір халал іс-құлшылық болып табылады. Мысалы, білім іздену, намаз, Құран оқу-осының барлығы құлшылық. Тек қана дастархан жайып қойып, түнді құлшылықсыз, ғибадатсыз өткізсе, бұл амалдың еш сауабы болмайды. Бұл жайында хазіреті Айша анамыз пайғамбарымыздан (с.ғ.у.):
- «Уа, Рсуллалаһ! Қадір түнінде қайтіп дұға етейін?» - деп сұрайды. Пайғамбарымыз былай деп жауап береді:
- «Ей, Раббым, сен өте кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің, мені де кешіре гөр», - дейді. (Хадисті Айша анамыздан (р.л.ғ.) Имам Тирмизи риуаят етті).
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Рамазан айының барлық түндерін қадірлеп, соңғы түндерді ұйқысыз ғибадаттармен өткізген.
Әр мұсылман өмірінің басты мақсаты Аллаһтың разылығына жетіп, жәннатқа кіру. Жәннатты үміт ету. Ал жәннат төрт түрлі мүмінді ерекше күтеді:
Біріншісі - осы айда арнайы Құран оқыған адам;
Екіншісі - ораза кезінде өсек-өтіріктен, дау-жанжалдан аулақ, тіліне сақ болған адам;
Үшіншісі - аш адамдарға және ораза тұтушыларға тамақ бергендер. Алла Тағала ондай қайырым жасағандарға кәусар суынан ішкізеді. Оны ішкендер ешқашан шөлдемейді және жәннат иесі болады;
Төртіншісі - Рамазанда арнайы ораза тұтқан адамдар.
Он сегіз мың ғаламның патшасы, қайырымды, мейірімді Аллаһқа мың да бір шүкір! Еліміз тәуелсіздігін алғалы бері, мешіттеріміздің саны артып, жастарымыз дінге ден қойып жатыр. Мешіттердің іші жамағатқа толып, халқымыздың діни сауаттылығы артып келеді. Қадір түні сияқты мүбәрәк түндерде мешітке жиналатын жамағаттың көптігі қайран қалдырды. Бұл әрине, дініміздің көркейіп келе жатқандығының бір дәлелі. Сондықтан, барша мұсылман қауымына дініміз ары қарай өркендеп, қасиетті Рамазан айында ұстаған оразаларын, Қадір түнінде тілеген дұға-тілектерді Аллаһ Тағала қабыл қылсын демекпін!
М. Оспан, Жарма аудандық орталық мешіттің бас имамы.
ҚАДІР ТҮНІ ОҚЫЛАТЫН ДҰҒА
«Мен: «Я, Расулуллаһ (с.ғ.с)! Мен Қадыр түні болғанын білсем, не деп айтамын?», - деп сұрағанымда, Ол (с.ғ.с): (Я, Тәңірім! Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені ғафу ет!», - деп тіле», - деді».
Хадисті Айша анамыздан (р.л.ғ.) Имам Тирмизи риуаят етті.
Қасиетті қадір түні 26-нан 27-не қараған түн. Айт намазы сағат 7.00-де 30 тамыз күні оқылады.
Қызықты деректер 14.07.2015 жариялады

2 пікір

Қадір түні тілеген дұғаларыңыз қабыл болсын! Айт намазы 17 шілде деп дұрыстап жіберсеңіз.
Менде ондай құқық жоқ.
116,053 сұрақ
294,506 жауап
152,845 пікір
60,451 қолданушы