«Галатасарай» Қазақстанда футбол академиясын ашады

Қазақстанға Түркияның «Галатасарай» клубы бірнеше футбол академиясын салу туралы ұсыныс жасаған. Бұл туралы бүгін Қазақстан футбол федерациясының кеңсесінде өткен баспасөз мәжілісінде ҚФФ вице-президенті Сейілдә Байшақов мәлімдеді.

Жақында қазақ футболының өсу, даму, өркендеу үдерісін тұрақты бақылап, өз ойын бөлісіп жүретін белгілі сарапшы Юсуп Щадиев «Оле Бразил» академиясынан білім алып қайтқан балалар туралы отандық бұқаралық құралдарының біріне мынадай пікір білдірген еді.

– Бразилияның футбол академиясы жақсы идея шығар. Бірақ өздеріңіз көріп жүрсіздер ғой. Ол жақтағы жас таланттардың барлығы қазір Еуропада тәлім алады. Әлемнің үздік ойыншыларының бірі Мессидің өзі Аргентинада емес, Барселона академиясынан шықты. Оңтүстік Америка 15-16 жастағы талантты ойыншыларын Еуропада оқытады. Ал біз керсінше сол жаққа жібереміз. Қазақ балаларына Бразилия футболынан гөрі еуропалық стиль көбірек келіңкірейді. Сондықтан Пеленің отанына балаларды жіберуден ешқандай нәтиже көріп тұрған жоқпын. Одан да әзірбайжандар секілді Германия, Голландия, Ресей, Украинаға жіберейік. Бұл мемлекеттерде де жақсы мектеп бар. Оңтүстік Американың футболы мүлдем бөлек. Біз оған әлі дайын емеспіз.
Осы сауалды бүгін Сейілдә Байшақовқа қойдық. Қазақ футболының ардагерінің жауабы былай болды.

– «Оле Бразил» – бұл жас қазақстандық футболшыларды дайындайтын екінші академия. Біріншісі Алматыдағы «Қайрат» екенін білесіздер. Бізде бірнеше мемлекеттің өкілдерімен жұмыс істеу туралы келісім бар. Олардың ішінде УЕФА мүшелері Италия, Германия, Испания федерацияларымен әріптестік байланыстамыз. Одан бөлек жақында Қазақстанға Түркияның «Галатасарай» клубы бірнеше академия салу туралы ұсыныс жасады. Бразилия футбол мектептеріне қарағанда, еуропалық академиялардың пайдасы көбірек болар еді дегенді бірнеше жерден оқыдым. Алайда «Оле Бразилдің» де пайдасы бар екенін ұмытпауымыз керек. Футбол королі Пеленің отанына осымен үшінші топты жіберіп отырмыз. Олар ол жақта үш жыл дайындалады. Бразилия тарапымен келісімшартқа қол қойған кезде, сол мемлекеттің елшісі маған: егер осы балалардың ішінде біреуі Қазақстан құрамасына алынса, бұл үлкен жетістік деген еді, – дейді С. Байшақов.

Қазақстан футбол федерациясы Бразилияның «Крузейро» клубымен өзара келіссөз жүргізіп жатыр. Ол жақта бапкерлер құрамы мықты әрі жасалған жағдайға да көңіліміз толады. Еуропаның мықты екенін білемін. Бірақ Бразилияда дайындау жоспарынан бас тартпаймыз дейді, – Сейілдә Икрамұлы.
Спорт 14.01.2015 жариялады
115,819 сұрақ
293,609 жауап
152,783 пікір
59,728 қолданушы