Жаңа сөздер қалай жасалады?

Сөз құрамы – кез келген тілдің ұдайы жаңарып, тілдің өзге құрылымдарына қарағанда өзгеріске жиі түсетін бөлшегі. Бұл заңды процесс тілдің сөз байлығын молайтып, қолданысқа қажетті сөздермен қолданушыны қанағаттандырады, яғни тілдегі сөздер мерзімдік процестер мен жаңа заттарға, бұрын болмаған таңсық құбылыстарға атау береді. Сөз құрамы тілде сөйлеушілердің қолданысына қарай өзінше өзгереді, бірақ тілдегі кірме сөздер, терминдердің сол тілге лайықталуы, сөздердің мағынасына қарай полисемиялық ауыстыру секілді жаңа сөз қалыптастыру тәсілдері лингистердің қатысуымен іске асады.

лингвистика

Кез келген тілде жаңа сөз түрлі себептерге байланысты алуан әдістермен пайда болады. Мақалада бүгінге дейін жаңа сөздердің пайда болуының жиі кездесетін жолдарымен танысасыздар. 

1. Ойлап табу тәсілі.

Жаңа сөздерді толықтай ойдан шығару сирек кездеседі, ал бұл - тілдің мағыналық-сипаттық түсінік беруге сөздік қорының жеткілікті екенінің дәлелі. Тың техника, я таңсық құбылысқа атау беруде көбіне екі-үш сөздер бірігіп, қос сөз, не біріккен сөз жасалады, алайда бұл жаңа құбылысқа берілген ұғым болғандықтан, оны жаңа сөз ретінде қабылдап, «ойлап табу» тәсілі деп атау орынды. Мысалы, «лифт» сөзі «жеделсаты» болып тәржімаланды. Бірақ қазақ тілінде «жедел» және «саты» сөздері болғандықтан, аудармашылар заттың жұмыс істеу сипатына қарай екі сөзді біріктіріп, жаңа сөз ойлап тапты. «Ұялы телефон» сөзі де осындай формуламен жасалған: қалтаға салып, қолға ұстауға оңай болғандықтан, заттық сипатқа қарай жаңа сөз «ойлап табылды». Одан бөлек, қазақ тілінде өз еркімен, ақысыз көмек көрсететін қайырымды адамдар болды демесек, оларға нақты атау бермеген. Алайда уақыт өте кең танымал болған латын тілінің «волонтер» ұғымы тілімізге «ерікті» сөзінің қосылуына әсер етті. 

2. Қорды қолдану әдісі.

Тілде бар сөзге түрлі жалғау жалғап, қолданысқа жаңа сөз енгізу. Мысалы, 
«-изация» қосымшасы түбірдегі сөздің мағынасына жалғанса, іске асу мен процесс ұғымын береді. Үлгі ретінде орыс тіліндегі «легализация», «активизация» сөздерін көрсетейік. Кейіннен осы жүйе бойынша «военизация», «советизация», «паспортизация» сөздері жасалды. Қазақ тілінде бұл сөздерді тұйық етістік, яғни «-у» әрпін жалғау арқылы аударады: «приватизация» - «жекешелендіру», «легализация» - «заңдастыру» және т.б. 

3. Кірме сөздер есебінен арту.

Өзге тілдердің сөздерін өз тілімізге лайықтау арқылы сөздік қорымызды байыту - саяси, сауда, экономикалық қатынастар нәтижесі. Көптеген жаңа сөз тың зат пен елде болмаған мамандықтар, жаңа ұйымдық формалар, қызметтермен бірге келеді. Мысалы, «трактор», «комбайн», «танк», «доцент», «деканат», «фельдшер», «университет», «офицер», «лекция» және т.б.

4. Калькалау әдісі. 

Тілдегі сөз байлығына қарамастан, кейде өзге тілдегі сөздерді, я сөз тіркесін өз тілімізге дәл аудару есебінен сөз құрамын арттыру әдісіне жатады. 1748 жылы Вольфтің еңбектерін латын тілінен аудару барысында Ломоносов: «...кей жерлерде физикалық құралдар мен табиғи заттардың, әрекеттердің атын тура аударуым қажет болды. Алғашқыда бұл жат көрінуі мүмкін, алайда жиі қолданудан кейін олар үйреншікті болатынана сенемін» деп жазып еді. Латын тілінен тура аударылған «атмосфера», «барометр», «горизонт», «диаметр», «метеорология», «микроскоп», «оптика», «периферия», «селитра», «формула» сөздерін мысал ретінде айта аламыз.

Жалпы, жаңа сөздердің жасалу барысында туыстықтық тілдер арасында да белгілі бір сөздер мағына дифференциациясына (әртүрлілік) ұшырауы мүмкін. Бұған славян тілдері үлгі бола алады. Славян тілдеріне ортақ бір сөз оңтүстік славян тілінде нейтралды, ал шығыс славян мен батыс славян тілдерінде ол сөз антонимдік, не білгілі бір сипатқа ие болуы мүмкін. Мысалы, ескі славян тілінде «вонь» сөзі заттың иісіне тәуелсіз «иіс» дегенді білдірсе, аталған сөз орыс тілінде – «сасу», чех тілінде – «хош иістену» мағынасын білдіреді. Сондықтан жаңа сөздерді жасауда оның дыбысталуына ғана емес, түпкі мағына, ұғымдық сәйкестігіне мән беру қажет.

Ғылым 23.06.2015 жариялады
116,054 сұрақ
294,517 жауап
152,845 пікір
60,461 қолданушы