1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күні: Бала – елдің болашағы

1 маусым балаларды қорғау күні. Бұл күнді олардың өмірін қорғау, денсаулығын сақтау, болашақ ұрпаққа демократиялық негізде білім мен тәрбие беру жөніндегі барша әлемдегі озық пікірлердің тоғысқан арнасы десек, артық айтқандық емес. Дәл осы күні болашақта адамгершілікке, әділдікке, баянды өмірге толы қоғамды дамыту оның негізі - балаларға барлық жағдай жасау керектігі паш етіледі. Әлемде өмірі қатерге толы балалар да баршылық. Аш-жалаңаштық, соғыс өрті, терактілер балалардың да психикасына кері әсерін тигізеді. Жасөспірімдер арасында нашақорлар саны өсуде, олардың жартысынан астамы ішімдік ішетіндігі де жасырын емес.

Сондықтан да балаларды қорғау күні мереке ғана емес, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Болашақ ұрпақтың бақытты өмір сүруіне мүмкіндік жасауға арналған күн.

Атам қазақ бала тәрбиесіне ерекше мән берген. Өйткені бүгінгі бала - елдің ертеңгі болашағы. Дана халқымыз өсіп келе жатқан баланы жас ағашқа ұқсатады. Егер ағаштың артық өскен сабақтарын қырқып, түбін әктеп тұрса ол ағаш түзу өсіп, құрылысқа жарамды ағашқа айналады, ал еркімен өскен ағаш қисайып шіріп, ақыр соңында отыннан басқаға жарамай қалатындығы сөзсіз. Сондықтан, келешегін ойлаған ел бүгінгі күннен бастап балалардың тәрбиесіне бей-жәй қарамауы тиіс. Осыны ескерген Елбасы келешек ұрпаққа үлкен мән беріп келеді. Балаға тәрбие беретін ең алдымен оның ата-анасы болса, екінші, тәрбиемен қоса білім беретін балабақша. Президенттің салиқалы саясатының арқасында елімізде бірнеше жылдан бері «Балапан» бағдарламасы іске асып, оң нәтиже беріп келеді.
Ауданда жеті жасқа дейін 5323 бала болса, оның ішінде үш пен алты жаста 2734 бала бар. Аудан орталығы Балпық би кентінде орналасқан төрт балабақшада 792 бала тәрбие алып жатыр. Бұған қоса ауылдық округтерде де балабақшалар өз деңгейінде жұмыс атқаруда. Аудан бойынша жұмыс істейтін он балабақшада 1215 бала тәлім-тәрбие алуда. Балалар жарты және толық күн тәрбие алатын, мектепке дейінгі шағын орталықтар аудандық мектептерде шешімін тапқан. 2008 жылдан басталған бес мектептегі шағын орталықта балалар тәрбиеленуде. «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында толық күнмен жұмыс жасайтын тағы да жеті мектепте шағын орталық ашылса, алты мектепте қысқа мерзімді шағын орталық жұмыс атқаруда. Ауданда 465 бала шағын орталықта тәрбиеленуде. Осылайша «Балапан» бағдарламасы бойынша балаларды білім беріп тәрбиемен қамту көрсеткіші 71 пайызды құрап, облыс көлемінде алдыңғы қатарда тұр. Алдағы уақытта жоспарда тұрған Мұқыры ауылында 110 орындық пен Талапты ауылында 50 орындық балабақшаның қаржысы бөлінген және Талапты ауылындағы балабақшаның жөндеу жұмыстары да басталған.

Ақ парақтағы ойлар 28.05.2015 жариялады
116,054 сұрақ
294,517 жауап
152,845 пікір
60,459 қолданушы