Жастар және уақыт құндылығы

Айналаға назар салсаңыз, байлықтың буына балқып, үлде мен бүлдеге оранған біреулерді байқайсыз. Енді бірі – саф алтыннан жаратылған сарайларда емін-еркін серуендеп, дүрия көрпе жамылып Жаратушының бергенін місе тұтпай жүр. Күпірліктің қараңғы үңгірінен айдай әлемнің ақиқатына үңілместен жүргендер қаншама…Ерекше Мейірімді Рахманның мерейіне бөленіп жатсақ та, көп нәрсенің қадірін біле бермейміз. Қынжылтатыны да – осы. Жомарт Жаратушының құлына сыйлағанының санына жете алмаспыз, сірә! Сол сансыз нығметтің бірі, бүгінде қадір-қасиетін қанша қайталасақ та, артық етпейтін – уақыт құндылығы.
Ислам діні әрбір адамды уақытын тиімді пайдалануға шақырады. Аллаһ елшісі бұл турасында: «Өлмей тұрып өмірдің, ауырмай тұрып денсаулықтың, қартаймай тұрып жастықтың, кедейленбей тұрып байлықтың, көп жұмысқа тап болмай тұрып бос уақыттың қадірін біл!» деген. Кейбір адамдардың «уақытымды қайтіп өткізерімді білмеймін» деуі аса қауіпті жағдай. Өйткені зерттеушілердің айтуынша, әсіресе жастар арасында түрлі бұзақы топтарға қосылу, нашар қылықтарға үйірсектеу, секталарға бару, қылмыс жасау, моралдық азғындықтарға салыну не істерін білмей бос жүрген кездерде кездеседі екен. Ұзақ мерзімді жазғы демалыс кездерінде жастарға үлкендер тарапынан қадағалау күшейтілмесе, айтарлықтай зардап әкелуі мүмкін екенін де ескерген жөн. Кейбір жастарымыздың қазақ мәдениетіне тән емес теріс пиғылды діни ағымдардың жетегінде кетуіне немесе ата-анаға қарсы келіп, теріс жолға түсудің бірден бір себебі – уақытты дұрыс пайдалана алмауында. Егер адам уақытының бір бөлігін өткізсе, өмірінің де бір бөлігі кеткені. Кім уақытын ойын-сауыққа арнаса, өмірі де содан аса алмағаны. Сол себепті жалпы мұсылман кісі, әсіресе, жастар уақытын пайдалы нәрсеге арнап, жемісін көруі тиіс. Бүгінде ақпарат ағымының тасыған заманында, алтын уақытымыз әлеуметтік желілер мен техниканың бетіне үңілумен өтіп жатқаны – шындық. Шынымен де, өз-өзіне есеп берген адам үшін ғана уақытының қалай, неге кетіп жатқаны белгілі. Ал, оның байыбына бармағандардың берекесіз уақыт құрбандары болып жатқаны ақиқат. Қазіргі жастар немен айналысады, алтын уақыттарын қайда арнайды деген сұрақтарға жауап іздедім. Көпке топырақ шашқаным емес, бірақ солардың ішінде уақытына бейқам қарайтындар қатарының артықтығын байқалды. «Уақыт жоқ, уақыт жоқ деп бас ұрамыз, осы біздер қай жаққа асығамыз» дегендердің дені сол уақыттың қайда кеткенін білмей дал. Тіпті, осы дүниеге бізді шыр етіп әкелген анамызға шыр еткізіп қоңырау қашан соқтық? Әкеміздің қал-жағдайын соңғы рет қашан сұрадық? Аллахтан кейінгі ата-ана разылығының тұратынын білсек те, амалымыз жараспай-ақ тұр…Туған-туысымызды соңғы рет қашан зират еттік? Көмеккке мұқтаж жандарға соңғы рет қашан қол ұшын бердік? Сауабы көп осындай сауалдарға жауап беру – менің күнтәртібімнің жоспары. Салмағын сезінсеңіз амалға асыру оп-оңай! Себебін сұрасаңыз: «өмір» атты күнделігімнің ашылған әр парағынан Аллах разылығын іздеймін. Ата-анамның ақ үмітін ақтау үшін еңбектенем, ізденемін. Сабағымды сол себепті алғашқы қатарға қойғанмын. Университет, факультетет жалпы қоғамдық жұмыстарға ат салысып, өзімдік ойымды бөлісіп, белсенділік көрсету – мен үшін маңызды. Туған-туыс, достарымның қалын сұрап тұру да қалыпты жағдайға айналған. Ал, ата-анаммен күн сайын тілдеспесем, өзімді жапырақсыз бұтақтай сезінемін. Себебі, олар менің қорғанышым. Жапырақсыз жайқалған бұтақ көрмеген шығарсыз, ата-анам менің өмірімнің сәні. Жалпы, үлгерем деген адам үшін уақыт өте қолжетімді. Оған өз тәжірибемде көз жеткізгем. Шыңыраудың шыңына шықпасам да, жеткен жетістігім мен алған асуларым Аллахқа шүкір, аз емес. Бұл сөзімді мақтаныш деп көрмессіз. Артымнан ерген іні, сіңілілеріме үлесін тигізіп жатса, осы мақалама жұмсаған уақытымның зая кетпегені. Маған уақыт құндылығының қадірін түсіндірген, бағалауға үйреткен ол жалғыз жол — Ислам діні. Себебі, ол Хақ Тағаланың сөзі мен адамдардың ардақтысы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өнегелі өмірі мен өсиеттері арқылы өрнектелген.
Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың көбі – денсаулық пен уақыт нығметінің қадірін білмейді», – деген. Ал, көңіл бөлмейтін нәрсе – кісінің бір затты өзінің негізгі бағалы бұйымы болса да, болмашы арзан бағаға сатуы яки бір нәрсені білімсіздігі не салғырттығы үшін негізгі құнынан бағалы етіп сатып алуы. Уақыт – қымбат, өйткені оның негізгі бағасы жәннат. Ендеше, оның жұмсалуы не болмаса сатылуы Алла үшін болуы керек. Міне, бұл – нағыз бағасы. Осы себепті мұсылман адам бос отырудан сақтанғаны дұрыс. Қолы қалт еткен кездерін кітап оқып білімін арттыруға, аят, хадис, дұға жаттауға, ата-ананың алдындағы міндеттерін орындауға, туыстарын зиярат етуге, жетім-жесір, кедей-кембағалдарға көмектесуге, жақсылық жасауға, мамандығын жақсы игеруге, қазалары мен қарыздарын өтеуге, араз адамдардың арасын татуластыруға, т.б. мәнді әрі пайдалы істерге жұмсауға дағдыланған дұрыс. Өйткені, мұсылманның түсінігінде өмір — шектеулі, уақыт — қысқа.. Бізден бұрын өткен, саңлақ сахабалар мен ізгілердің өміріне көз жүгіртсек, олардың санаулы секундтарды сарп етпегенінен сабақ аламыз. Ибнул-Жаузи: «Адамға жарасатын нәрсе — уақыттың қадірін біліп, оның әр сәтін ұтымды пайдалана білу. Мен адамдардың уақыттарын сұмдық өлтіретіндіктерін байқадым. Ондай адамдарды батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме-дүкен құрып отырған жолаушыларға ұқсатам» дейді.
Қиямет күні адамнан ең алдымен уақыты мен өмірін қалай өткізгендігі қатаң сұралады. Әбу Бәрзә әл-Әсләми жеткізген хадисте Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Қиямет күні құлдан төрт нәрсе жөнінде сұралмайынша, екі аяғы қозғалмайды: Өмірінде не істегені. Алған білімін қалай жүзеге асырғаны. Мал-дүниесін қай кәсіпен тауып, қайда жұмсағаны. Дене мүшесімен не істегені?», – деп айтқаны дәлел. Расында да, Ислам діні уақыт мәселесіне қатты көңіл бөлген. Оны өмірдің мәніне балаған. Құран кәрімде уақытты білдіретін әр түрлі ұғымдар қолданылған. Әр намаздың парыз, уәжіп, нәпілдігіне қарай өз уақыттары жүйеленген. Айталық, бес намаздың арнайы өз уақыттары болса, сәске (дұһа) намазының, әууабин мен үтір-уәжіптің, тахажжудтың т.б. өз уақыттары бар. Құранда уақыт ұғымына қатысты «күн» (яум), «апта» (усбуғ), «ай» (шахр), «жыл» (сәнә), «ғасыр» (аср), «сағат» (саат), «күндіз» (нахар), «түн» (ләйл) сөздері кездеседі. Адам үшін ең маңыздысы күн болғандықтан, Құранда ең көп осы сөз 475 рет қайталанған екен. Демек, ең әуелі бір күндік уақытты ысырапқа жол бермей реттей білу аса маңызды. Артынша аптаны, айды, жылды тиімді өткізу де мұсылманға міндеттелген. Уақыттың маңыздылығы соншалық, Ұлы Раббымыз Құранда кейбір маңызды саналған уақыттарға серт еткен. Бұған «Аср», «Дұһа», «Ләйл», «Фәжр» секілді сүрелер дәлел. Құранда бір жұмыстан шаршағанда, дереу екінші бір жұмысты қолға алу арқылы тынығу керектігі меңзелген. Бұны «жұмыс істеп отырып тынығу» деуге болады. Исламда бос уақыт деген ұғым кездеспейді. Тек дене қатты шаршайтындықтан, түнде тынықтыруды жөн көреді. Өйткені Аллаһ тағала күндізді еңбектену үшін, түнді тынығу үшін жаратқанын айтқан: «Сендерге түнді жамылғы, ұйқыны тынығуға (себеп), күндізді еңбектену мерзімі етіп жаратқан Аллаһ» («Фурқан», 25)
Сүйікті пайғамбарымыздың өміріне қарасақ, уақыттарын өте тиімді пайдаланғанын көреміз. Өйткені барлық істеріне үлгерген. Парыздарды былай қойғанда, нәпіл құлшылықтардың өзі өмірінің соңына дейін өз уақытында орындалып, еш үзілмеген. Бұған қоса, ертелі-кеш зікірлері, мешітте уағыз айтуы, сахабаларымен кеңесуі, елшілерді қабылдауы, өзін зиярат етушілерге уақыт бөлуі, өзінің зиярат етіп барған кісілері (науқастар, қабірлер, жарлары т.б.), халықпен жүздесуі (сұрақтарға жауап беруі, шариғат талаптарын қабағалауы т.б.), жорықтарға дайындық, үй іші жұмыстарына қолғабыс етуі (аяқ киім, шапан, астауларын жамауы, немелерін ойнатуы, базарға баруы т.б.), ел ішіндегі діни рәсімдерді атқаруы (балаға ат қою, сүндеттеу, неке қию, жаназа т.б.), жұма күнгі хұтбалары, арасында уахиды қабылдап алу, күтпеген жұмыстың шығып қалуы секілді істердің барлығы да жоспарға сыйып отырған. Пайғамбарымыздың өмірінде бұл істердің барлығына уақыт табылған. Тіпті ешкімді қабылдамай, жеке өзіне ғана арнаған уақыттары да болған. Бұл нені көрсетеді? Бұл күндік жұмыстарын қаншалықты жүйелей білгенін, белгілі бір уақыт кестесін ұстанғанын көрсетеді.
«Қарыны тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» деп Абай атамыз айтпақшы, адамның бос отыруы — шайтан үшін таптырмайтын мүмкіндік. Ол дереу бос отырған адамның ойына түрлі жамандық салып, азғыра бастайды. Күнәға итермелейді. Сол себепті бір мұсылманның өмірінде бос уақыт болмауы тиіс. «Кітабын үңілген бала, егінін егумен айналысқан егінші, қолы істегі тігінші, асүйде тамақ пісірген әйел жамандық ойлауға уақыт таппайды» деп Ахмет Яссауи бабамыз айтқандай, жұмысы көп адамның жамандық ойлауға да мұршасы келмейді. Біле білгенге уақыт ол – мүмкіндік. Адам мүмкіндікті дер шағында пайдаланып қалмаса, «қолын мезгілінен кеш сермесі» анық. «Уақыт адамзатпен санаспайды, ал уақытпен санасқан адаспайды» деген ойдың астарында айтар ойдың салмағы ауыр.
Иә, адам баласы «қайта айналып бұрылмайтын, бұлдыр» уақытты өте тиімді пайдалануы керек. Осы себепті болар еңбекқор қытайлар да уақыт мәселесіне келгенде «Сағат сатып алсаң да, уақыт сатып ала алмайсың» деп безектейді екен. Осы орайда «Рахат – рахатты тәрк етуде» деген шығыстық аталы сөздің мәніне тоқтала кеткен де орынды. Ол қазақтың «Жас кезімде бейнет бер, қартайғанда зейнет бер» дегенімен үндес. Барлық уақытша қызықты қоя тұрып, дер кезінде қимылдаған адам кейін соның жемісін жемек. Ал уақытын бекер ойын-күлкімен, шегірткеше ән салып, көгалды қуып гөлайттаумен, желікпен өткізген жан кейін өкінішпен бармақ тістемек. «Рахат – рахатты тәрк етуде» деген сөзді кең мағынада алар болсақ, бұл дүниелік уақытын өткінші қызыққа алданып, бекер өткізбей, Аллаһ алдындағы мұсылмандық парыз, қарыздарын өтеумен бейнеттеніп өткен жан да о дүниелік шынайы мәңгілік рахатын осы дүниедегі өткінші жан рахатын тәрк етуден таппақ. Сол себепті де алғырт, жалындаған жастық шақта уақыттың қадірін біліп, сауапты іске арнап жатсақ, нұр үстіне нұр болар еді, шіркін!
Ақ парақтағы ойлар 25.05.2015 жариялады
116,054 сұрақ
294,517 жауап
152,845 пікір
60,461 қолданушы