Валюталық интеграция

Валюталық интеграция,Валюта

Әлемдік шаруашылық жүйесінде жаһандану үдерісі халықаралық валюта-несиелік және қаржы қатынастар саласына аса қатты әсер етіп келеді. Нәтижесінде валюта-қаржы интеграциясы мен егеменді мемлекеттер арасында валюталық одақтарға алып келетін мемлекеттік ақша жүйесін консолидациялау процесі күшейіп отыр.

Валюталық одақтардың әлемдік экономикадағы рөлі Ямайка валюталық жүйесі мен көптеген мемлекеттердің валютаның өзгермелі бағамына өткеннен кейін артты. Тәжірибе көрсеткендей 1976 ж. Ямайка валюта конференциясының шешімдерінен кейін, халықаралық валюталық қатынастарда валюталық бағамдардың тұрақсыздығынан, мемлекеттер арасында қаржы ағымы көлемінің ауысуынан белгілі бір уақыт аралығы сайын дағдарыстық жағдайлар орын алып отырды. Валюта-қаржы қатынастар тұрақсыздығынан туындайтын жағымсыз салдарлардың алдын алуға ұмтылу валюталық интеграция үдерісін тудырды.

Валюталық интеграция үдерістерін зерттеуде экономикалық әдебиеттерде «валюталық одақ» және «валюталық аймақ» терминдері жиі қолданылады. Валюталық аймақ (currency area) бір мемлекеттің валютасының басымдылығына негізделеді. Әлемдік валюта жүйесінің даму тарихында валюталық аймақтар валюталық блоктар нысанында құрылды. Валюталық блоктарды құру ХХ ғ. 30 жылдары алтын монета стандартының құлауынан кейін кең өріс алды, олар нақты келісімдермен бекітілмеген. Алғашқылардың бірі болып Ұлыбритания басқаратын фунт стерлинг блогы (1931 ж.) пайда болды, ол Британ империясы елдерін қамтыды. 1933 жылы құрамына АҚШ, Канада және Латын Америка елдері кіретін доллар блогы пайда болды. Бүгінгі жағдайларда валюталық аймақтар долларизация, валюталық кеңес нысандарында қалыптасқан. 
Валюталық одақ (monetary union) бірыңғай экономикалық кеңістік аясында жалпы ақша өлшемі айналатын қаржы-валюталық саласындағы интеграцияның жоғарғы түрі. Бұл кезде ақша бірлігі қызметінің ережесі барлық қатысушы-акторлармен реттеледі. Қазіргі кезде бар валюталық одақтар: 
- Еуроаймақ – бірыңғай еуропалық валютаны қолданатын 19 мемлекеттің бірлестігі;
- Африкалық франкті ақша бірлігі ретінде қолданатын 14 африкалық мемлекеттің бірлестігі;
- Тынықмұхиттық франкті қолданатын Францияның 3 теңіз ар жағында орналасқан мемлекеттерінің бірлестігі;
- Шығыс Кариб валюталық одағы шығыс кариб долларын қолданатын 8 мемлекеттің бірлестігі.
Сонымен қатар де-юре бекітілмеген, бірақ де-факто өмір сүретін бірқатар валюталық одақтар бар: 
- Құрама Штаттардың долларын ресми емес келесі мемлекеттер қолданады: Палау, Микронезия, Маршалл аралдары, Панама, Эквадор, Сальвадор, Шығыс Тимор, Британ Виргин аралдары;
- Австралия доллары Кирибати, Науру, Тувалу мемлекеттерімен пайдаланылады;
- Ресей рубльі Абхазия мен Оңтүстік Осетия айналымында бар;
- «Еркін валюталық аймақ» шеңберінде ОАР, Лесото, Свазиленд, Намибия оңтүстік африкалық рэндті қолданады;
- Палестина аумағында жаңа израиль шекелі мен иорданиялық динар;
- Швейцария франкі Лихтенштейнде, түрік лирасы Солтүстік Кипрде, армян драмы Таулы Қарабақ Республикасында қолданылады.

Болашақта құруға жоспарланатын валюталық одақтар:
- Шығыс Азия валюталық одағы, құрамы АСЕАН, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея. Болжалды жаңа бірыңғай валютасы – «акю» (АСU; Asian Currency Unit)
- Африка Одағы аясында «афро» валюталық одағы;
- ECOWAS ұйымы аясында құрамы Гамбия, Гана, Гвинея, Нигерия, Сьерра-Леоне мемлекеттерінен тұратын «Батыс Африка монетарлы аймағы» (West African Monetary Zone;WAMZ), болжалды валютасы – «эко»;
- Парсы шығанағы мемлекеттерінің (Бахрейн, Қатар, Кувейт, БАӘ, Оман, Сауд Арабиясы) «халеджи» бірыңғай валютасы.

Қаржы мәдениеті 13.05.2015 жариялады
116,264 сұрақ
295,192 жауап
152,913 пікір
61,078 қолданушы