Әлемнің етігі болмаса.....



География (менің әжем айтпақшы – жағрапия) сабағынан бәріңізге мәлім Италия түр-әлпеті етікке (stivali) ұқсайтын Апеннин түбегінде орналасқан. Ал Италияда жасап шығарылған етікті бүт әлем киеді! Шындығына келсек олардың Сонау ежелгі Рим империясынан бергі өркениетке қосқан үлесі аз емес, мысалы: ғасырлар бойы әлі күнге қолданылып келе жатқан, бүткіл Еуропаны торлаған жолдары бар. Жолдың тірелер тұсы — Рим. «Tutte le strade portano a Roma» деген сөздері де бар. Оның мәні «жолдың бәрі Римге жеткізеді».

Аспаздық, музыка, ғылым және өнер салаларындағы көп тапқыр ойлар, тың жаңалықтар да осы елдің еншілігінде.

Пицца итальян аз мәзірінің ең танымал тағамы екені айдан анық. Жайма шуақ Италия дүние жүзіне қайталанбас дәмді тағамның бірін сыйлады. Тарихқа шолу жасайық.

Екі жүз жылдай бұрын Неаполь қаласының наубайшылары кедейлерге арнап тез дайындалатын әрі тойымды болатын шелпек пісіре бастады. Дөңгелек нанның бетіне томат салып, орегано сеуіп, аздап сұйық май құйып, кейде ірімшік сеуіп пісіреді. Осылай пицца (pizza) өмірге келді. Итальяндықтардың қуатымен қаныққан ол жер жүзін жаулап алды.

Ал атақты «Маргарита» пиццасын кім білмейді? Ол алғаш рет Неапольда 1889 жылы жасалынды. Ол кезде Рисорджиментоның арқасында өзара бөлек кішігірім итальян елдерінің бір тудың астына жиналып Италия корольдығы құрылып болған. Бұл пиццаның аты қызықты тарихи жайтпен байланысты. Итальяндық король Умберто I әйелімен Неапольдағы жазғы резиденциясында болған кезінде жергілікті тағамды жегісі келеді. Пиццайоло Рафаэле Эспозито әйелімен үш түрлі пицца жасайды. Оның біреуі — қызанық, «моцарелла» ірімшігі және базилик қосылып жасалынған – Италья туының көрінісі сияқты. Ханымға осы түрі ұнап қалады. Содан бастап осы пиццаның аты ханымның атымен Маргарита (Margherita) деп аталады. Қазіргі күні Италияда екі мыңнан астам пиццаның түрі бар.

Итальян ас мәзірі макарон өнімдерісіз болмайды. Макаронның отаны жайлы талас көп. Итальяндықтар баяғыдан бергі өздерінің ойлап тапқандықтарын айтады. Ежелгі рим деректерінде қазіргі спагетти мен лазаньяға ұқсас тағам айтылады дейді. Сондықтан болар, Италияда макаронға деген ілтипаттары ерекше. Осы елде әлемге кеңінен таралған макарондардың сұрыптары мен оны жасау тәсілдері шыққан. Макаронды шығаруға арналған пресс аппаратын итальяндық инженер Чезаре Спаданчини 18 ғасырдың аяғында алғаш жасап шығарған болатын. «Макарон» сөзі, кейбір деректер бойынша, сицилия диалектінен тараған: «mасcarruni» сөзі «өңделген қамыр» дегенді білдіреді.

Бірақ, естеріңізде болсын, итальяндықтар макаронды және одан жасалған тағамды «pasta» деп атайды. orecchiette, fusilli, gemelli, farfalle, campanelle, stelline, tortiglioni және т.б. түрлерінің көптігі таң қалдырмай қоймайды

Дайындалу әдісі бойынша паста үш түрге бөлінеді:

•pasta fresca(жаңа дайындалған паста)

•pasta asciutta(кептірілген паста)

•pasta piena(салымы бар паста)

Жаңа дайындалған паста дегенді дайындау әдісі біздің кеспеден еш айырмасы жоқ. Жұмыртқа қосып қамырды илеп жаяды. Кептірілген пастаны дайындау әдісі сол жаңа дайындалған пастаны кептіресіз де қолдана бересіз.

Салымы бар паста дегеннің әйгілі бір түрі – равиоли. Ол кәдімгі танымал тұшпарадан еш айырмашылығы жоқ. Ішіне салған салымы болмаса. «ravioli» сөзінің арғы атасы «ravvolgere», «орау» деген мағынаны білдіреді. Итальяндықтар кулинариядағы әйгілі жіне қай елге болсада танымал әдісті осылай иемденіп алды. Елдің әрбір аймағы осы тағамның жасалу жолының өзіндік түрі барымен мақтанады.



Фольклордан бастап классикалық музыка Италия мәдениетінде жетекші роль атқарады. Музыка әлеміне Италияның қосқан үлесі орасан зор. Ал оның алғышарты XI ғасырда тоскана тақуасы Гвидо Монаконың қазір де қолданылатын нота жазуын, нота сызбасын және нота белгілерін ойлап тапқаны болап табылады. Дүние жүзінде алғашқы композиторлардың бірі – Франческо Ландини де осы Италияның тумасы. Сондықтан болар, бізде қазақта «әу демейтін қазақ жоқ» десек, олар «ария айта алмайтын итальяндық жоқ» дейді.

Кейбір музыкалық аспаптар осы Италиядан шыққан. Мысалы, 1709 жылы Медичи жанұясында музыкалық аспаптармен жұмыс жасайтын Бартоломео Кристофори атты адам фортепианоны ойлап тапты. Ол оны өзі «gravicembalo col piano e forte» — «нәзік және дауысты ойнайтын клавишты аспап» деп атап еді. Уақыт өте келе бұл сөз «pianoforte»-ға қысқарды. Орыстар, одан үйренген мына біз, қазақтар, «фортепиано» деп атаймыз.

Ал скрипканы итальян шебері Андреа Аматидің қол тумасы екенін бәрі біледі.

Операның арғы атасы флоренциялық той шеруі деген хабар бар. Клаудио Монтеверди – ең алғашқы опера жазған композитор. Ал итальян операсының атағын дүние жүзіне дүркірете жайған Энрико Карузо мен Лучано Паваротти сынды ұлы тенорлар.

Италия әлемге әйгілі көп композиторлар сыйлады: Вивальди, Паганини, Россини, Верди, Пуччини және т.б. Және музыкалық терминдердің бәрі тек итальян тілінде сөйлейтінін тағы ескере жүріңіз:

•Agitato– аджитато – дуылдап

•Allegro– аллегро – көңілді, жеңіл

•Brillante– брилланте – жадырата

•Canto– канто – әндету

•Dolce– дольче – нәзік

•Espressivo– эспрессиво – мәнерлі

•Сon tutta forza– кон тутта форца – бар күшімен

•Lento– ленто – баяу

•Maestoso– маэстозо – салтанатты, маңғаздана

•Presto– престо – тез, жылдам

•Scherzando– скерцандо – әзілді, ойнақы

•Tranquillo– транкуилло – байсалды

•Veloce– велоче – шапшаң

Итальян музыкасын миллиондаған адам сүйіп тыңдайды. Қазіргі таңда да Адриано Челентано, Андреа Бочелли, Лаура Паузини, Эрос Рамазотти сияқты музыканттарына сыйынушылар көптен көп.



Галилео Галилей, Ферми, Кассини, Вольта, Фибоначчи және т.б. ғұламалары әлемдік ғылымға қосқан үлесі аз емес.

XIII ғасырда Италияда көзілдірік, ал 1590 жылы бірінші телескоп жасап шығарылды. Телескоптың көмегімен Галилео Галилей Есекқырғанның (Юпитер) төрт серігін және Николай Коперниктің Күн күн жүйесінің орталығы деген теориясын тексерді.

Ғылымның нағыз кемеңгері ретінде мен Леонардо Да Винчиді танимын. Өзі ойлап тапқан көптеген механизмдер мен аппараттардың сызбасы мен суреттері салынған күнделік жүргізген. Олардың ішінде: ұшатын және әскери машиналар, гидравликалық механизмдер, музыкалық аспаптар және көптеген басқа заттар бар. Өкінішке орай, 400 жыл бойы ол күнделікті ешкім пайдаланбады: дельтаплан да, парашют та, автомобильде данышпан флоренциялықтың жазбаларына сүйенбей қайта ойлап табылды.

Әлі күнге екі ғылыми жаңалықтың біріншілігі кімде екендігі дауы шешілген жоқ. Ол – радио мен телефонды кім ойлап тапты? Ресми түрде американдық Александр Белл телефонды ойлап табушы, бірақ та итальяндық ғалым Антонио Меуччи 1860 жылы-ақ дыбыс тербелісін электр импульсына айналдыруға болатындығын, соның арқасында сым арқылы қашықтыққа дауысты беруге болатындығын айтқан-мыс деген пікір бар.

Ал радионың ресми авторы орыс ғалымы Александр Попов. Бірақ тап сол уақыт шамасында Гульельмо Маркони да радионы жасап жүрген екен. Поповтан айырмашылығы зерттеп, пайымдап қана қоймай іс жүзінде де шығарған екен. Сол үшін кейінірек Нобель сыйлығының иегері болған.



Италияда Еуропаның мәдени қазынасының 60% жатыр. Италияның әр қаласы нағыз ашық аспан астындағы мұражай десем артық кетпеспін. Италияда тек архитектуралық құндылықтар ғана емес, Микеланджело, Леонардо Да Винчи, Донателло, Боттичелли, Тинторетто, Караваджо, Бернини, Тициан и Рафаэль сынды ұлы итальяндықтар жасаған көркемөнер құндылықтары көл-көсір.

Көркемөнерден басқа Италия өзінің әдеби мұрасымен де мақтана алады. Флоренциялық ақын Данте Алигьеридің «таңғажайып комедия» (Divina Commedia)-сы орта ғасырдың ең құнды туындысы болып саналады.

Италия әлемге Боккаччо, Джакомо Леопарди, Алессандро Манцони, Тассо, Людовико Ариосто, Петрарка және де басқа жазушылар мен ақындар сыйлады. Ұлы философтар – Бруно, Фичино, Макиавелли и Вико да Италияда туып өскен.

Тағы бір айтарым, қазіргі кроссвордтың арғы атасы сол Италиядан шыққан. Ол — римдік «дуалы квадрат». Торды тігінен және көлденеңнен бірдей сөздермен толтырған. Бұндай квадраттар бақ әкеледі деп есептелінген.



Итальяндықтар ұлттық жетістіктерімен мақтанады және онысы бекер емес. Егер өмірде Италия жоқ болған жағдайда жоғарыда айтқаным да жоқ болар еді. Сонымен қатар, жер бетінде балмұздақ, банк, чек және күнтізбе де жоқ болар еді. Шекспирге біршама пьессаларын өзгертіп жазуына тура келер еді. Француздардың Наполеон Бонапарты мен Екатерина Медичиі болмас еді. Орыстар Кремлінің бөлігінен, Қысқы сарайы мен Эрмитажынан, Испания – Эскориалынан, Англия – керемет бақшаларынан, американдықтар – Капитолия күмбезінен айрылар еді. Ал немістер демалыстарын өткізер жер іздеп кетер еді. Ватикан, әлемдік сән астанасы Милан, шараптарымен Сицилия және шаңғы тебетін Альпы да жоққа шығар еді. Бірақ біздің бағымызға, барлығы да Римге жеткізер жол бар. Және де «Finché esisterà il Colosseo, esisterà anche Roma»(Колизей тұрғанда Римде құламайды) деген сөздері Римнің мәңгілік боларын мойындататындай. Сонау ғасырдан бері мызғымай тұрған Римді бұл өмірде көріп кету керек деп ойлаймын. Сонда бұл жалғанда бекер өмір сүрмеген болатындаймын.





Әлемге саяхат 8.05.2015 жариялады
116,053 сұрақ
294,506 жауап
152,845 пікір
60,451 қолданушы