23 сәуір – Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні!

23 сәуір – Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні

«Біздің мақсатымыз айқын – авторлар мен шығармашылық қызметкерлерін ынталандыру және ерлер мен әйелдердің сауатын жетілдіріп, қолжетімді пішімдерді қолдануына жағдай жасау. Себебі, кітап - қайыршылықтың түп-тамырын жойып, бейбітшілікті нығайтуға жол ашатын ең мықты қару». – © Ирина Бокова, ЮНЕСКО бас директоры.

Қазіргі таңда, өкінішке орай, дүниежүзіндегі 774 миллион адам кітап оқып, жазу жаза алмайды (және бұл көрсеткіш жыл санап артып келеді), олардың ¾ бөлігі – Сахараның оңтүстік аймақтары мен Азияның оңтүстік-батыс тұрғындары және басым көбі – әйелдер. 

Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күні туралы идея 1995 жылдың 23 сәуірі күні пайда болды, қазір ол 100 астам елді қамтиды. Идеяның мақсаты – әлемдегі кез келген жастағы адамдарды кітап оқуға ынталандыру. Мерекенің жыл сайынғы атап өтілуі кітап адамның ой-өрісін кеңейтіп, оның мүмкіндігін шексіз ететінін, жақсы өмір сүруге жол ашып, бейбітшілікті сақтауға көмектесетінін көрсетеді. 
Бұл күн қай елде тұрғанына, ұлтына, дініне, нәсілі, жынысы мен жасына тәуелсіз, барлық адамды біріктіруге арналған. Бұл күннің мақсаты – адамдар арасында айырмашылыққа қарағанда ұқсастықтың көбірек екенін дәлелдеу. 

Осы бір ерекше күні бүкіл әлемдегі кітаптар мен авторларға құрмет көрсетіліп, кітап оқу дәстүрі мадақталады. Мұның бәрі әдебиетте шекара жоқ екендігінің жарқын мысалы. Бұл мереке адамдардың бір сәтке аялдап, сөз қадірін түсінуіне, жазылған сөздің бағалы екенін, адамзаттың әлеуметтік және мәдени дамуына зор ықпал ететінін ұғуына мүмкіндік береді. 

ЮНЕСКО бекіткен осы күн жетістігінің арқасында кітап өндірісінің негізгі үш саласын ұсынатын халықаралық ұйымдар (Халықаралық баспагерлер қауымдастығы, Халықаралық кітап сатушылар федерациясы және Кітапхана қауымдастығы мен мекемелердің халықаралық федерациясы) жыл сайын бір жыл мерзімге Бүкіләлемдік кітап астанасын таңдайды. 

2015 жылы Бүкіләлемдік кітап астанасы – Корея Республикасының Инчхон қаласы болды. Комитет таңдауы бойынша, Инчхон «... кітапты және кітап оқуды баспа саласына қатысы бар барлық мүдделі тараптар арасында танымал етудегі бағдарламасы мен ықпалы үшін, Инчхон тұрғындары мен корейлердің баспа және сандық полиграфия ісіне қол жеткізуіне жағдай жасағаны үшін» таңдалған. Кітаптың Бүкіләлемдік астанасы ретінде қала әртүрлі жергілікті, аймақтық және дүниежүзілік шараларды ұйымдастыруға жауапты болады. Осы бастаманың бәрі кітап оқудың пайдасын айшықтайды: рахаттану, білім алу, салауатты және өнімді өмірге үлес қосу. 

Кітаптың бүкіләлемдік астанасы атағына ие қала жетекшілері сауаты төмен адамдар мен аймақтарды қамтуға тырысады, сондай-ақ, оқулық материалдарына қолы жетпейтін жандарға көмектеседі. Олар бүкіл әлемдегі сауаттылық деңгейін көтеру үшін басқа халықтар арасында да бағдарлама мен идеяларды тарату шараларын ұйымдастырады. Мысалы, биылғы жылы смартфондар мен қашықтан оқыту тәрізді технологияларды пайдалану қатысушы елдер арасында негізгі тақырып болды. Тағы бір алаңдататын тақырып – өз шығармаларын жариялағысы келетін балаларды көптеп тарту, олардың үні де естілуге, мойындалуға тиісті. Егер осы балдырғандар өз шығармаларын бүкіл әлем халқына жария ете алса, қуаты қандай зор болатын еді! Бұл өте қызықты ғой! 

Дүниежүзіндегі мыңдаған адамның Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күніне арналған жоспарлары бар. Кітап оқуға бөлетін жеке уақыттан бөлек, авторлар мен иллюстраторлардың мектеп, кітапхана және кітап дүкендерін аралауға арналған кестесі бар. Кейбір қалаларда қалалық оқу тәжірибесі қалыптасқан: қала тұрғындары бір кітапты алдын ала оқып алып, соны талқылайды. Қоғамды біріктіретін немесе оны қуатты ететін идеялары бар кітаптар таңдалады. Отбасылық оқу күндерін де өткізуге болады, ол кезде отбасы мүшелерін белгілі бір қоғамдық орынға, мысалы, кітапхана, мектеп, кітап дүкені немесе саябаққа шақырып, басқа кітапсүйер қауым арасында кітап оқуды ұсынады. Бұл жерде әркім кітап оқудан қуанышқа бөлене алады. Оқуға қатысты ойындар өткізіледі, сүйікті шығармасына сәйкес тағамдар ұсынылады. Отбасы мүшелері үйге жиналып, кітап оқып, өздеріне ұнаған оқиға немесе кітаптар жайлы баяндап, жанұялық кітап оқу дәстүрін қалыптастырса тіпті керемет болар еді. Олардың айналасында кітап оқуды сүйетін басқа адамдар бар, соның өзі адамға шабыт сыйлап, көңілін көтереді, тамаша тәжірибе болады. 

Бүкіләлемдік кітап және авторлық құқық күнінде балалар мектепке кітаптағы сүйікті кейіпкерлері тәрізді киініп барады. Олар сурет салу сабағында кітапты суретпен безендіру әдістерін оқып-үйренеді, өздері де кітаптарды безендіруге тырысады. Оқушылар кітап шығару процесін талқылай алады. Оқушыларға көп жағдайда мектепте жылы көрпеге оранып, кітап оқу мүмкіндігін ұсынады. Олар оқу әдісін зерттемей, кітап оқудан ләззат алуға дағдыланады. Оқушыларға мектеп бағдарламасы ұсынатын материалдар емес, ұсынылған тізімнің ішінен өздері қызықты деп тапқан дүниелерді оқу мүмкіндігі беріледі. Кітаптарға қатысты ұтыс ойындары ойнатылатын шағын байқаулар өткізіліп, кітаптар таратылып, кітап жәрмеңкелері өткізіліп, өзара кітап алмасады. Бұл тізімді тоқтаусыз жалғастыруға болады, бұл ерекше күннің маңызын сезініп, оны танымал етуге тырысқан жандар қиялы мен шығармашылығын іске қосады. 

Кітап оқуды дәріптеу үшін 23 сәуір күні сіз не істемексіз? Кітап оқу шаттығымен бөлісіп, басқалар да оның бағалы кезең екенін Бүкіләлемдік кітап күнінде ғана емес, күн сайын сезінсе дейсіз бе?

Олай болса, Жер бетінің барлық бөлігіне кітап оқу қуанышын таратайық! Сол кезде біздің қаламыз да Бүкіләлемдік кітап астанасы болады деп сенеміз! 

Келе жатқан мерекелеріңіз құтты болсын, құрметті оқырмандар!

Іс-шара | Пресс-релиз 24.04.2015 жариялады
116,265 сұрақ
295,203 жауап
152,913 пікір
61,092 қолданушы