Қазақстандық жауынгерлердің Ұлы Отан Соғысына қатысуы

Біздің ата-бабамыз түрлі қанқұйлы соғысты басынан өткерді. Олардың бірі əрі соңғысы – Ұлы Отан соғысы болды. Олардың соғысқа қатысқандағы мақсаты ұрпақтарының, яғни біздердің өмір сүруімізді қалады. Соғыс жаңғырығы жылдан жылға алыстап барады... Ол туралы үлкендерден, көнекөз қариялардан естіп жүреміз. Кинолардан, деректі фильмдерден көреміз. Əйтсе де өткенге көз жүгіртпей, болашаққа бағдар жасау мүмкін емес. Бұл соғыс кезінде əрбір бесінші қазақстандық майданға аттанып, Отан-анасын қорғауға атсалысты. Қаншама қазақстандықтар ұрыс даласында мерт болды. Жеңіс бізге миллиондаған адамдардың төгілген қанымен келді. Соғыс салған қасірет əрбір отбасының тарихында із қалдырып кетті. Ұлы Отан соғысы тарихы туралы қаншама шығарма жазылып, қаншама кино түсіріліп жатса да, оның тарихына еш уақытта нүкте қою мүмкін емес. Ерлікпен шайқасып, лайықты бағасын алғандар да бар. Кезінде аты аталмай қалса да, қазір санамызға қайта оралып жатқан тұлғалар аз емес. Мысалы, Бақтыораз Бейсекбаевты аға буын өкілдері білген жоқ. Қазір еліміздегі ең жоғарғы награда «Халық қаһарманы» атағының иегері. Отан соғысының ізінде əлі де ашылмай жатқан ақиқаттар, еленбей қалған ерліктер, елеусіз жатқан ерлер қаншама?.. Оны ашып анықтау, белгісіз болып жатқан тағдырларды тауып, елге таныту, лайықты атаққа ие болғызу, оларға қамқорлық жасау – бүгінгі ұрпақ, біздің қасиетті парызымыз. 

Уақыт өткен сайын аталарымыз сыйлаған Жеңістің маңызы артып келеді. Олардың көрсеткен ерліктері бүгінгі ұрпаққа өнеге. Отансүйгіштік қасиет – əр кезде де қастерлеуге тұратын қасиеттердің бірі. Осы 28 ұғым біздің үлкен құндылығымыз болуы керек деп ойлаймын. Тек майданда ғана емес, тылда жұмыс істегендердің де еңбегі жоғары ілтипатқа лайық. Себебі, олар соғыс кезінде майдан шебіндегі солдаттармен бірдей қиыншылық көрді, бірдей азап шекті. Ашаршылық пен ауыртпалықты бастан кешкен олар да жеңісті жақындатуға көп үлес қосты. Таңның атысынан, күннің батысына дейін тізе бүкпей жұмыс істеген сол бір қайратты да, қайсар жандарға бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз болса керек. Үлкен қауіп пен қатер, қайғы мен қасірет төнген сол бір ауыр уақытта біздің халқымыз сыннан сүрінбей өтті. Оттан да ыстық Отан үшін от кешкен майдангерлер өшпес ерлік көрсетті. Бұл тарихқа алтын əріптермен жазылды. Олардың қаһармандық өнегесі бүгінгі жас ұрпақтың жадында мəңгі сақталуы тиіс. Соғысты бірінші болып қарсы алғандардың қатарында Кеңес Одағының батыс шебін күзеткен ондаған мың қазақстандық-шекарашылар болды. Атақты Брест гарнизонының өзінде – 1941 жылдың көктемінде біздің 3 мыңдай жерлесіміз қызмет еткен, шілде айында олардың көпшілігі əскерден елге қайтулары керек болған. Бірақ жаудың шабуылы олардың бұл жоспарларын күл-талқан етті. Соғыс өрті ішке қарай тез еніп, Брест қамалының тірі қалған қорғаушылары партизандар қозғалысына қосылды.Олардың қатарында 190 қазақстандық болған жəне олардың көпшілігінің сүйегі Беларусь жерінде қалған. Соғыс кенеттен басталғанымен,Қазақстан бүкіл Кеңес Одағы сияқты, алғашқы күннен бастап жұдырықтай жұмылды. Республиканың түкпір-түкпірінде əскери комиссариаттарға еріктілер ағылды. Кеше ғана мектеп партасында отырған бозбалалар мен бойжеткендер де, қала мен ауыл тұрғындары да соғысқа сұранды. 1939 жылдың дерегі бойынша біздің республикамыз да 6,2 миллион адам тұрып жатқан. Соғыс жылдары Кеңес Армиясының қатарына 1 миллион 200 мың қазақстандық шақырылған, 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар жасақталған.Фашистермен болған шайқастарда 328-ші, 310-шы, 312-ші, 314-ші,316-шы, 387-ші, 391-ші, 8-ші, 29-шы, 102-ші, 405-ші атқыштар дивиясы, 100-ші жəне 101-ші ұлттық, 81-ші, 105-ші, 106-шы кавалериялық дивизиялар, 74-ші жəне 75-ші теңіз атқыштар бригадасы, 209-шы Зайсан, 219-шы минометтік, 85-ші зениттік, 662-ші, 991-ші жəне 992-ші авиациялық полктер ерекше көзге түсті. Майданға 14 100 жүк жəне жеңіл автокөлік, 1 500 шынжыр табанды трактор, 110 400 жылқы, 16 200 арба жөнелтілді. Қазақстан армия мен флот үшін офицерлік кадрлар жəне резервтік күштер дайындауға да лайықты үлес қосты. 1941–1945 жылдары əскери оқу орындарына 42 мыңнан астам жас қазақстандық жолданды, ал Қазақстанның аумағында сол жылдары жұмыс істеген 27 əскери оқу орны толық емес мəлімет бойынша 16 мыңдай офицер дайындап шығарған. Біздің жерлестеріміз майдан даласында ерлікпен шайқасқан. Жауынгерлік ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандық медаль-ордендермен марапатталса, 500-дей адам Кеңес Одағының Батыры, 100-ден астам адам «Даңқ» орденінің толық иегері атанған. Төрт қазақстандық екі мəрте Кеңес Одағының Батыры атанды, олар – Талғат Бигелдинов, Сергей Луганский, Иван Павлов жəне Леонид Беда. 

Кеңес Одағы Батырларының қатарында қазақтың екі қызы – мерген Əлия Молдағұлова мен пулеметші Мəншүк Мəметова бар. Рейхстагқа Жеңіс туын тіккендердің бірі – қазақ жігіті Рақымжан Қошқарбаев. Жаудың тылында да, партизандардың қатарында да қазақстандықтар шайқасқан. Солардың бірі – Қасым Қайсенов. Ал танымал қолбасшы, əскери жазушы Бауыржан Момышұлын, 28 панфиловшылардың ерлігін білмейтін қазақ жоқ шығар. 

Соғыс кезінде қаншама жастар қыршынынан қиылды. Олар Отан үшін жанын пида етті. Ал олардың əрқайсысының анасы, баласы, сүйген қыздары, үлкен-үлкен армандары бар еді. Бірақ олар елге қауіп төнген кезде барлығын да құрбан етті. Жап-жас болса да, Отанын қорғап жатып жан тапсырды. Бұл шынында да ерлік болатын. 

Сұрапыл да жойқын соғыста қыршынынан қиылған жауынгерлер есімі ел есінде мəңгі сақталады. Отан үшін отқа түсіп, Жеңіс сыйлаған ардагерлерге тағзым етеміз.

Т.С. САДЫҚОВ, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Əлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы, т.ғ.д., профессор Астана қ., Қазақстан

Қазақстан тарихы 16.04.2015 жариялады
116,265 сұрақ
295,203 жауап
152,913 пікір
61,095 қолданушы