Алматы метрополитені — құрылысы 1988 Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен басталып, 2011 жылдың 1 желтоқсанында ашылған Орта Азиядағы Ташкент метросынан кейінгі 2 метрополитен.
Бастапқыда бекітілген жоспар бойынша метро құрылысы1997 жылы аяқталуы тиіс болған. Алайда құрылыстың алғашқы бөлігі тек 14 жылдан кейін ғана пайдалануға берілді.
Метрополитен әзірге 9 станциядан тұрады. Жақында ғана Сайран және Мәскеу атты екі станция пайдалануға берілді. Ашылғанына 4 жыл болған Қазақ метрополитенін күніне 22 мың адам пайдаланады екен. Жылына 6,6 млн адамды тасымалдап отырған қоғамдық көлік қала халқы үшін өте тиімді. Күннен күнге метроны пайдаланушылардың санының артуы да осыны дәлелдейді. Метромен діттеген жеріңізге жету біріншіден уақытыңызды үнемдесе, екіншіден миллионнан аса тұрғыны бар қаланың көлікке толы кептелісінен құтқарады. Еліміздегі тұңғыш жерасты жолындағы тазалық пен ұлттық нақышта безендірілуі көңілімді көншітті.
Бағасы да жер үсті көліктерімен бірдей. Ересектер үшін жол ақысы – 80 теңге (сары жетон), 7 - 15 жас аралығындағы балалар үшін жол жүру бағасы – 40 теңге (қызыл жетон). Кассадан 3 жылға жарамды смарт-картаны сатып алуға да болады.
Қауіпсіздігіне келсек, метро MSK шкаласы бойынша сейсмикалық 9-10 балға дейін жер сілкінісіне мызғымайды. Сейсмикалық аймақта орналасуы метро құрылысының дер кезінде аяқталмауына себепкер болған негізгі фактор. Осындай қауіпті аймақта қауіпсіз жер асты көлігін жасауы мақтанарлық жайт.
Метроға алғашқы мінуім еді, содан кейін бе, қиялға беріліп, өзімді жер асты патшалығына түскен Ер Төстіктей сезіндім. Қиялдап отырғанымда Байқоңыр станциясына да жетіп қалыппын. Астанада да осындай метро салынса екен деген тілекпен қайта жер үстіне көтерілдім. Сапарларыңыз сәтті болсын, жолаушылар!
#қазақияблогсапар
https://www.facebook.com/matei.amakagoi