Екеуге арналған трамвай

Екеуге арналған трамвай

Алматы қаласында бағдаршамның пайда болуына түрткі болған көлік түрі – трамвай 1937 жылдан бастап жүре бастаған екен. Еуропада «трамвайы жоқ қала ауылмен тең» деген тіркес бар.Әлемде бұл көліктің ауадағы трамвай, трамвай-сауна, трамвай-қонақ үй, екі қабатты трамвай сияқты ерекше түрлері кездеседі. Осы тізімді 2012 жылы Бахтияр,Нұркен, Павел атты алматылық үш студент «трамвай-кафемен» толықтырды.

Екеуге арналған трамвай

Алматыны көрмеген адамдар ғана«Париж – ғашықтар қаласы» деп айта алады. Себебі біздің оңтүстік астанамызда «екеуге арналған трамвай-кафе» бар. Жұрт оны «романтикалық трамвай» атап кеткен. Аты алыстан өзіне шақыратын әрі қатынас көлігі, әрі кофе ішіп, серігіп, әңгіме-дүкен құратын орын – трамвай-кафені көру үшін, ондағы атмосфераны сезіну үшін құрбымды ертіп Жароков пен Щевченко көшелерінің қиылысындағы аялдамаға келдім. 

Екеуге арналған трамвай

«Трамвай-кафе» көп күттірмеді. Жұмысын  жұма мен жексенбі аралығында16:00-де бастайды екен (аптаның қалған күндері 20:00-де). Мұндай уақытта жүруі қонақтарға біріншіден кешкі Алматыны тамашалауға мүмкіндік берсе, екіншіден кептеліс аз уақытта қатынайды. "Трамвай-кафеде" 25 орын бар. Билет құны жан басына – 600 теңгеден. 8 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін.
«Трамвай-кафенің» кәдімгі кафелерден еш кемшілігі жоқ. Керісінше, трамвайдың дүрсілдеген дауысы, шайқала басқан жүрісі поездағы шақтарды елестетеді. Бір романтикалық атмосфера бар. Нұрдана екеуміз креслоларымызға жайғаса кеттік. Мұнда да даяшы бар, өздері сыпайы, жақсы қызмет көрсетеді. Даяшы қыз ас мәзірін әкелді, бәрін қарап шықтық, неге тапсырыс берерімізді білмейміз.

Негізгі мәзірде кофе мен десерттердің түр-түрі бар, сонымен қатар әр түрлі сусындар, коктейль, тіпті, пицца, сэндвич және түрлі салаттарға да тапсырыс беруге болады. Бірақ тапсырысты 20-30 минут күтуіңізге тура келеді. Себебі кофенің алуан түрін,сусындарды , ыстық тағамдарды осы жерде әзірлейді.

Трамвай-кафеге көбіне ғашықтар келеді екен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, келушілердің көбі жастар, олар осында сезімдерін білдіріп, ұсыныстарын жасайды, бірге көптеген мейрамдарды атап өтеді. Осы уақытқа дейін «трамвай-кафе» иелерінің үстеріне ешқандай шағым түспепті. Музыканы қатты қойды деп көршілері де шағымданбайды ;)

Екеуге арналған трамвай

Маған ең ұнағаны – жайлы музыкасы, қолжетімді бағасы және де алкогольдің сатылмауы. Егер ерекше тапсырыс жасағыңыз келсе,алдын ала тапсырыс беруге болады. 

Екеуге арналған трамвай

Нұрдананың жадыраған жүзі кафені ұнатқанын білдіреді деп ойладым. Өзімше таңданысым мен қуанышымды жасыруға тырысып отырмын. Жүрегімнің дүрсілі рельске тиген дөңгелектер дүрсілімен үндескендей. Ал ішімнен ойлап отырмын: «егер сүйікті қызымды Алматыдан тапсам,оған ұсынысты дәл осы трамвай-кафеде жасарым сөзсіз»!

#қазақияблогсапар #Qazaqia2015 #Блогсапар

Мағзұмхан Аманбек

Қазақия2015 12.04.2015 жариялады
116,025 сұрақ
294,324 жауап
152,839 пікір
60,310 қолданушы