Айтыстағы жеңілістер

Қыз бен жігіт айтысы

Алакүшік руынан шыққан сері, айтысқыш ақын, әрі алғашқы совет болыстарының бірі болған біреу болған екен дүниеде. Сол жарықтық айтып отырушы еді:

Өмірімде қыздармен айтысқанда екі рет жеңілдім.

Бір жолы өзіммен айтысқан қызды дөңгелетіп жеңуге аз-ақ қалып едім. Қасымдағы хатшым пұшық мұрын қара жігіт еді. Жеңілемін-ау деп сасқалақтап отырған қыздың соған көзі түсіп кетіп, бір кезде былай деп қоя бергені ғой:

Болысы біздің елдің Алакүшік,

Хатшысы қасындағы қара пұшық.

Ауылдың әйелдері, сақтаныңдар,

Кетпесін Ала күшік сүтіңді ішіп.

Осыдан кейін аузымды аша алмай тотидым да қалдым.

Айтыс

Екінші рет жеңілгенім сақал мен мұрттың әлегінен болды. Ол кезде жас адамдар да сақал мен мұрт қояды. Бір тойда тағы да бір қызбен айтысып қоя бердім. Мен де соғып жатырмын, қыз да жағаласып жатыр. Бір кезде қыз былай деді:

Қауғадай сақал-мұртың, кәрімісің?

Кәрі болсаң қыздарға дәрімісің?

Мынау түр-сықпатыңа қарағанда,

Адам Ата жасынан әрімісің?

Оған менің былай деп жауап бермесім бар ма:

Ала қашып сөйлейсің жылқыдай ұрт,

Тебеген биедей боп бересің сырт.

Несіне сақалымды қазбалайсың,

Қай жерге шықпайды бұл боқ жеген мұрт?

Осыған қыз шап ете түсіп, «мұртыңыз боқ жесе, аузыңыз не жейді?» деп өлеңдетіп қоя бергені ғой. «Боқ жеген» деген екі-ақ сөзбен ұсталдым. Оның орнына «Қай жерге шықпайды бұл оңбаған мұрт?!» десем жетіп жатыр. Қыз тырп ете алмайтын еді. Міне, бұл екінші жеңілгенім.

Қазақ салт-дәстүрлері 30.03.2015 жариялады
116,265 сұрақ
295,203 жауап
152,913 пікір
61,092 қолданушы