Келіншек тау

Келіншек тау

Тянь-Шаньның ең шеткі сілемдері Қазақстан жерінде жатыр. Бұл Қаратаудың басы Жамбыл облысынан басталып, аяғы Қызылорда облысының Шиелі ауданына жетіп, Сырдарияға тіреледі. Бұл таудың басы адыр-адыр болып келеді де, одан соң жалпақ жон болып тұтасады. Жон үлкен Шаян, кіші Шаян дейтін тауларға тіреледі. Олар келіп Келіншек тау мен Мыңжылқыға ұласады. Осының бәрінің жалпы атын Қаратау дейді.

Қаратаудың бір бөлімі жайлы аңыз былай болып келеді:

Ерте заманда бір байдың ерке өскен жалғыз қызы болған екен дейді. Сол қыз екінші бір елге ұзатылады. Әкесі жалғыз қызына жасауын аямай беріп, оны ұзақ көш етіп, шұбалтып, шығарып салып келе жатады. Келіншек көші Қаратаудың теріскей жақ жота іліне бергенде әкесі көшті тоқтаттырады. Өйткені Қаратаудың күнгей жақ беті қыздың келін боп түсетін елі болса керек. Әкесі осы арадан еліне қайтпақшы болып қызына кісі жібереді. «Мен ақ батамды беріп, осы арадан қаламын. Қызым маған риза ма екен, біліп келіңдер» дейді. Хабаршы жігіт келсе қыз  көш бастаған аруана ақ түйенің үстінде сәукелесі көк тіреп, көзінен от шашып «әкем мені неге тоқтатты» деп тепсініп тұр екен дейді. Көш басындағы келіншек тоқтағаннан кейін артта тізіліп келе жатқан үстеріне алтын артып, асыл тиеген, күміс ноқталы, жібек бұйдалы түйелер де іркес-тіркес болып тұрып қалады. Жігіт қызға:

-Әкең қайтамын деп жатыр. Қызым разы ма екен, біліп кел деп жіберді. Енді саған батасын бермекші, соған тоқтатты, - дейді.

Сонда қыз қатуланып:

-Әкем менің отауымның кереге, уық, шаңырағын алтыннан жасатып, оның үзік, туырлығын масаты мен жібектен жаптырғанда риза едім. Бірақ әкем алтынын аяп, маған итаяқты күмістен істетіп берді. Мен осынысына риза емеспін. Батасының керегі жоқ, әкем кетем десе, жүре берсін, - депті.

Бұл сөзді естіген әке:

-Уа, дүниеқор сорлы, ендеше осы кетіп бара жатқан жеріңде көш-мөшіңмен тастай қат! – деп теріс батасын береді. Ілезде келіншек көші тастай қатады. «Ата қарғысы – оқ» деген сөз осындан қалыпты деседі.

Келіншек тауға қарасаңыз, айна-қатесі жоқ көшке ұқсайды. Ең алдындағы жар тас құдды түйеге мінген сәукелелі келіншек сияқты. Оның соңында тізбектелген бірнеше түйе кетіп бара жатқан тәрізденеді.

Мен ҚАЗАҚПЫН! 30.03.2015 жариялады
116,035 сұрақ
294,371 жауап
152,840 пікір
60,340 қолданушы