Талғат Бигелдинов

Талғат Бигелдинов

Талғат Бигелдинов бұрынғы Ақмола қаласының іргесіндегі Майбалық ауылында туып өсті. Кейін ата–анасымен бірге Қырғызстан астанасы – Фрунзе қаласына көшіп келді. Қаршадайынан ұшқыш болуды армандады. Ол үшін алдымен аэроклубта оқу керек еді. Алғашында оны жасың он алтыға толмапты деп қайтарып жіберді. Талғат он алтыға толғанша асықты. Он алтыға толған күні салып ұрып аэропорт бастығына тағы келді...

Қайсар Талғат аэроклуб бастығының табалдырығын тоздырып, «ағатайлап» жүріп, сегізінші класқа келгенде, аэроклубқа қабылданды. Оны ойдағыдай бітірді. Самолетті өзы басқарып ұша алатын болды. Орта мектепті бітіргеннен кейін Талғат енді нағыз әскери ұшқыш болуды алдына мақсат етіп қойды.

Ол алдымен Саратовтағы әскери ұшқыш мектебін бітірді. Онда барлаушы самолеттерді үйренді. Енді оның басқа машиналарды білгісі келді. Осы оймен Орынбор училищесіне түсті. Онда истребительдерде, штурмовиктерде ұшып дағдыланды. Талғаттың көңілі штурмовик болуды қалады. Сөйтіп ол ұшқыш–штурмовик болып, майданға аттанды.

Жауынгерлік сапта

Талғаттың Калинин, Воронеж, Дала, 1–ші және 2–ші Украин майдандарында жасаған ерліктері орасан көп...

Бигелдинов – Ұлы Отан соғысында қазақ халқы ерлігінің ең жоғарғы нүктесі. Совет одағында ұлдары екі рет ер атағын алған ұлт көп емес. Біз сол аздың біріміз. Ол біздің ұлттық мақтанымыз. Әскери әуе академиясын қазақтан тұңғыш бітірген сұңқарымыз сол!

Жердің әр бұтағы адамға болысады. Жерді қазсаң қорғаның болып және шыға келеді. Ал Талғат 320 рет әуе жорығына шығып, бес жүз сағаттай аспанда болған. Сол сапарлар кезінде жаудың орасан көп танк, автомашиналарын бомбалап құртып, жүздеген жаяу әскерлерінің күлін көкке ұшырған.

Жау самолетін жәукемдеу – штурмовиктердің шаруасы емес, истребительдердің шаруасы. Ал Талғат штурмовикпен жүріп жаудың жеті самолетін және жер жастандырды. Ал аспанда болған бес жүз сағаттың әр секунды, компастың тіліндей қалтылдап, өлім мен өмір сызығының екі шетін кезек жанап, безек қақты емес пе?

Сонымен бірге ол екі рет оқ тиіп өртенген самолеттен жерге қарғыды. Бірінде он бес күн бойы жау жайлаған жерде аш жүріп, ағаш кеміріп, аяқтан әл кеткенде төрт тағандап ілгері ұмтылып, ерлікпен өз полкына келіп қосылды.

Қоршауда қалған батальон мен жалғыз кісінің арасы жер мен көктей. Көптің аты көп: біріне бірі сүйеу, демеу, күш, қуат қой. Жалғыз адамның жайы басқаша. Олай болса нағыз ер деп, ердің де ері деп сол Талғаттарды айтуымыз керек.

Біздің әскерлер Берлинге тақағанда жападан–жалғыз Берлинге ұшып барған. Ол – фашистер соғысты бастағаннан кейінгі төрт жыл ішінде Германия астанасына кірген бірінші совет адамы, бірінші қазақ. Талғаттың Берлинге сапары бірі иіріліп, бірі басын аспанға қақшитып аспанға көтеріп, бірі тілін қайраған қанжардай жалақтатып, бықып жатқан ордалы жыланның ордасына жалаңаяқ  жүгіріп кіріп, олардың былқылдаған мұздай суық денесін тұла бойың түршіге табаныңмен таптап өте шығумен пара–пар. Бір жылан шағып алса, шаруаң бітті емес пе?

Ұшақта отырған Т.Бигелдинов

...Ертең Отанға қауіп төнсе, лек–легімен жауға аттанған қазақтардың ерлік туына есімі ұран болып жазылатын ерлердің бірі – Бигелдинов! Ендеше ондай ерлерді құрметтей білуіміз керек! Бүгінгі батырды қадірлеу – ертеңгі ұрпақтың ұранын ардақтау. Понятно тебе?

Бауыржан Момышұлы.

Мен ҚАЗАҚПЫН! 30.03.2015 жариялады
116,035 сұрақ
294,371 жауап
152,840 пікір
60,340 қолданушы