Бір танкті жойғанның өзі - ерлік!

Танкпен шайқас

Біздер, «жаудың бірнеше танкісін жойып, Кеңес Одағының Батыры орденіне ұсынылғандар» жайлы естіп жатамыз. Орден–медальдар ерекше ерлікпен көзге түскен адамдарға беріледі.  Ал бірақ «бірнеше танктің көзін құртқанның несі ерлік?» деп 3–4 танкіні саны аз болғандықтан менсінбей жатамыз. Бауыржан Момышұлының мына сөзіне құлақ салайық:

Әр солдат екі танктен қирата берсе, ол осал іс пе екен? Егер сен бір рота танкті қиратсаң, онда сен өзіңді, өзге жолдастарыңды, жаныңдағы жаяу әскерді жалмайын деп келе жатқан бойында мың аттың күші бар салмағы отыз тонна тажалды құртқаның.

Өзің ойлашы: жайлауда қаннен–қаперсіз отырған ауылдың үстінен қиқулап кеп мың жылқыны айдап өтсе, ол ауылдың адамдарынан не қалады? Түк те қалмас еді. Мың жылқының болат тұяғы тепкілеп, түтіп өткен жерде тозаңнан басқа не қалушы еді? Ал танк жылқы сияқты тек тұяғымен ғана таптап өтпейді, оның жан–жағына өлім шашып келе жатқан зеңбірегі мен пулеметі және бар. Танктен атылған снаряд өте ұшқыр келеді, бір секундта бір километр жерге жетеді. Оның стволынан минутына 5-8 снаряд атылады. Ал танктың пулеметі бір минутта бір жүз оқ төгеді. Сонда бір танк бір минуттың ішіне екі жүзге жуық адамды жалмайды екен. Одан өткен тажал бола ма?

«Бір танктың дөңгелегінде мың адамның тағдыры шыр көбелек айналады» деген солдаттардың нақыл сөз болушы еді. Бұл солдат философиясы, жәй ғана долбармен айта салған сөз ғой. Әйтпесе, сонау Шығыс Европаны табанымен таптап, Мәскеуге дейін ізінен қан ағызып келген фашист танктерінің әрқайсысы мыңнан әлдеқайда көп адамды жалмағанына дау бар ма?

Жарайды, солдат нақылының мөлшерімен-ақ өлшейік. Егер сен Ұлы Отан соғысында екі танк қиратсаң, онда сегіз фашистті өлтіріпсің – бір танктің экипажы төрт адамнан болады. Ал екі мың отандасыңды ажалдан аман алып қалыпсың. Бұл, біле білген кісіге, аз еңбек емес, қарағым!

Ал Дубосеково разъезінің түбінде біздің 58 жауынгеріміз жаудың 50 танкісін жойды. Сөйтіп олар ең кемі елу мың адамды ажалдан құтқарып қалды. Өздері ерлікпен қаза тапты. Сол 28 батыр өмірін сақтап қалған 50 мың адам қазір 150-200 мың болып өрбіді. Олардың ұрпағы мәңгі ұласа береді. Мінеки, солдаттардың өз отандастарына келтірер пайдасы, адамдардың бір-біріне өзара қарыздарлығы қандай десеңші.

Жойылған танк

Сондықтан, оқырмандар, «екі танкті жою – алып бара жатқан ерлік емес» деген түсінікті қою керек. Оған ұрыс кезіндегі қорқынышты, стресс пен жан-жақтан зуылдап өтіп жатқан оқтарды қосыңыз. Үрей бар, қорқу бар, сонда да окоптан тұрып, қолыңдағы қаруыңды жауға сілтей білудің өзі ерлік. Окоптан тұрудың өзін де ерлік деуге келетін жағдайлар да болады. Бәрін де есепке ала білейік.

Мен ҚАЗАҚПЫН! 30.03.2015 жариялады
116,265 сұрақ
295,203 жауап
152,913 пікір
61,090 қолданушы