Шығыс шынары - Мәншүк Мәметова жайлы

Мәншүк Мәметова

Мәншүк Мәметова жайлы сандық, толық мәліметтерді ғаламтордан табуға болады. Бірақ оларды оқи отырып, қазақтың қайсар қызының толық мінезін біле алмайсыздар. Одан да  Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» роман–диалогынан Мәншүк жайлы үзіндісін келтірейін, өздеріңіз түсініп, өздеріңіз төреші бола жатарсыздар.

«Неге артиллерист болмай, пулеметші болған?»

 – Артиллерияға әдейі бармадым. Бармайтын себебім – артиллеристердің атқан оғы – соқырдың сермеген таяғы сияқты... Ал пулеметші болсаң – бәрі алақаныңдағыдай: армансыз атасың, атқаныңның нәтижесін көріп, айызың қана қуанасың.

«Әскерде жігіттер көп қой, олар Мәншүкті қинамаған ма?»

 – Мені Алматының алма бағында пісіп тұрған қызыл апорттай көріп, үзіп алып, күйсете шайнаймын деген жігіттің тісі сынады. Жұтамын деген жұта алмай қақалып өледі. Ал бір түйірімді жұтқан жігіттің ішін тесіп шығамын мен!

«Кімнің жары болғысы келген?»

 – Соғыс екен деп мен ешкімге өзімді тәлкекке бермеймін.Халқымның ежелгі дәстүрі бойынша өзіме бұйырған жігітке пәк күйімде қосыламын. Ал менің сүйген, серттескен жігітм жоқ. Соғыс біткен күні қайсың маған қол созсаң, мен соның адал жары боламын. Пәк, жалынды жанымды жауды жеңген солдатқа арнаймын.

«Арманы қандай?»

 – Әр әйел артына ұрпақ қалдыру үшін дүниеге келеді. Ал мен олай–бұлай боп кетсем де ұрпақсыз қалмаймын. Мен жеңістің анасы боламын. Жеңіспен ілесе Жеңісхан, Жеңісбек, Жеңісгүл, Жеңісжан, Жеңіснұр атты талай бала дүниеге келеді. Мен солардың шешесі боламын, солардың сәбилерінің әжесіне айналамын! Ал оған дейін тәніме сезімнің найзасы тигенше, жүрегіме кірш етіп келіп ыстық қорғасын қадалсын! Антым осы, сертім сол менің! Мен майданға сүйісу үшін емес, соғысу үшін келгенмін.

«Туған жер жайлы ойы қандай?»

 – Алматыны, әпкетайымды, мамамды сағындым. Шіркін–ай, жасыл желекке бөленген, дүниеде теңдесі жоқ алтын ұям – Алматымды бір көрсем–ау! Жауды жеңіп, елге барып, Алматының ең шетінен осындай бір жер үй қазып алып, сонда тұрсам да арманым болмас еді.

Бұл сөздерін онымен майданда төрт рет жолыққан Әзілхан Нұршайықов өз аузынан жазып алған екен.

Ескерткіші

100–бригада Алматыда жасақталған болатын. Сегізінші гвардиялық дивизияның туы астына ағалар топталса, бұл бригаданың дені 1922 жылы туылған жастардан құралды. Мәншүк Мәметова өзінің өзге де құрбылары сияқты социалистік Отанын жанындай жақсы көретін еді. Сондықтан да ол өзін майданға жіберуді өтініп, бірнеше рет арыз берді, Алматы соғыс комиссариатының табалдырығын тоздырды. Соғысқа жіберуді сұрап, бірнеше дүркін Мәскеуге телеграмма жолдады. Ақыры тілегі қабыл болып, майданға аттанып бара жатқан бригаданың сапын толықтырды.

Алғашында штабқа писарь болып тағайындалды. Бірақ бұл қызмет оны қанағаттандырмады. Елде өзін майданға жіберуді өтінген ол майданға келген соң пулеметші болуды мақсат тұтты. Ойлағанын орындамай қоймайтын өжет қыз ақыры үздік пулеметші болып шықты, «Максим» пулеметімен Мәншүк талай жауды жайпады.

100–бригаданың азат болған Невельді қайтадан жау қолына бермеу үшін Қаратай көлінің жағасында жүргізілген шайқастардың бірінде 15–қазан күні «Шығыстың шынары» асқан ерлікпен қаза тапты. Ол Невель Қалалық советінің ұйғарымы бойынша қалалық бақшаға жерленді. Қаладағы тағы бір көшеге Мәншүк Мәметованың атын берді. Қайтыс болуына байланысты бүкіл бригаданың митингісі де Мәншүктің қабірінде өтті. Бүкіл Невель қаласының азат етілген тұрғындары мен барлық майдандас жауынгерлері Мәншүктік қазасына ортақтасты.

«Осы күніміз, осы ойымыз ертең біреулердің есіне түсер ме екен? Келешек ұрпақ бізді білер ме екен? Біздің атымызды есіне сақтар ма екен?» деп уайымдаған Мәншүктің осы бір елеусіздеу диалогын өздеріңізге ұсынып отырмын. Қазақтың қаһарман қызын өз кітабына енгізген жалынды жауынгер жазушыға рахмет.

Еске алу рәсімі

Мен ҚАЗАҚПЫН! 30.03.2015 жариялады
116,265 сұрақ
295,203 жауап
152,913 пікір
61,092 қолданушы