Неге адамдар жақсылықты түсінбейді?

Аялдамада, ескі базарда тұрмын. Күткен маршрутыңның осындайда келмей қалатыны бар. Құбылаға қарағандай боп бір топ адам топырлап, әлгі маршрут келетін жаққа мойын созып тұрмыз. Артымнан біреу түртті:

-Інім, мендей ағаңа бір көмегің қажет болып тұр.

Жасы жиырма бестер шамасындағы сақалды жігіт ағасы менен жалынышты раймен көмек сұрап тұр. Ойланбастан «айтыңыз, айтыңыз, қолдан келсе істейміз» деп бәйек болып жатырмын.

-Жо-жоқ, сен ойлағандай емес, қорықпай-ақ қой (менің ойымды біліп тұрғандай). Маған тек жол проезге елу теңге берсең, риза болар едім.

Бердім.

-Алладан қайтсын, інім. Тірі болсам одан бұрын өзім қайтарармын. Өзім сияқты қазақтың қара домалақ бір баласы екенсің ғой. Есімің кім болады өзі?

-Жұбатхан.

-Танысып қоялық. Есімім Азамат болады.

«Танысып қоялықпен» танысып кеттік. Жататын үйімнен оқитын аудиторияма дейін бәрін сұрап алды. Тек ұялы телефонымды ұрлатып алған едім, нөмерімді бере алмадым. Бұған ол қатты қынжылды. Мен оның тек есімін, үйленгенін, сексен бесінші жылғы екенін ғана біліп үлгердім.

Таныстық мәселесі біте бергенде, өізм ойламаған бірдеңені дүңк еткізіп қойып қалды:

-Бауырым, екеуіміз біріп бір «движение» істейік та. Екеуіміз де құр алақан қалмаспыз. Өкінбейсің. Пайдасы «да уа» тірлік негізі. Тырыссаң табасың. Қалай қарайсың?

Ойыма неше түрлі нәрсе келіп, миым сан саққа кетті. Не айтарымды білмей басым қатып, екі-үш минут мәңгіріп қалсам керек, ол бірден:

-Ой, несі бар ойланатын? Оп-оңай ғана бір тірлік, бір қолға алсаң шыққың келмей қалады.

Осындайда құтқарушы періштем келіп қалды. Жоқ, ол сіз ойлап отырған адам емес, маршрут қой.

-Ағай, аман-сау тұрыңыз, мен кетейін, маршрутым келді.

Жөппелетіп аузыма келген қоштасу сөздерін айтып-айтып тастадым да, машрутқа асықтым. Ол артымда жүгіріп соңымнан қалмай, бірдеңе айтты, дәлірек айтқанда айқайлады. Онысын естімедім, дәлірек айтқанда естігім келмеді.

 

 

Өзімнің сүйікті аялдамамдамын. Отырып алып, тағы да үйге жеткізетін маршрутымды күтіп отырмын. Жаныма мектеп оқушысына келетін. Тек үстіне жабыстырып бірдеңкелер киіп алған бір жас бала отырды. Өзімнен бес-алты жас шамасында кіші. Бір кезде өзі жолға тиын сұрады. Бердім. «Елу теңгені батылы барып сұрағаны үшін» дедім іштей. Өзім қиналғанда бейтаныс адамнан ақша сұрамақ түгілі жағдайымды айтуға жүрексінетін адам жап-жас баланың қиналып, жағдайын түсіндіріп, жолына ақша сұрағанына риза болдым.

Отырып-отырып бір кезде ол тағы да елу теңге сұрады. «Не үшін?» деген сауалыма «Бір қазақпыз ғой, аға, мен сияқты ініңізге тағы бір елу теңге «жалкы» ма?» деген жауап алдым. Ұялып кеттім де, қолына тағы да бір дөңгелек күмісті ұстата салдым.

Маршрутым алыстан көріне бастағанда екі жүз теңге тағы сұрады. Мұнысы тым артық еді, «Жоқ, өзіме керек, інім. Саған жеткілікті  ақша берген сияқты ем ғой?» дедім. Өмірімде өзімнің інімдей баладан осындай сөз естимін деп ойламаппын:

-Жүрсей былай қарай, «общаить» етейік та.

Көшенің тілімен сайрай жөнелгеніне таңқалғаным жоқ, бұрын көргенім бар-тын. Тек тым кішкентай баланың маған дікеңдегіне таң қалдым.

-Ерікпей жайыңа жүр әліңді біліп, екі жүз емес, елу теңгеге де зар болып қаласың.

Үнсіз қалды. Маршрутым келді, мініп бара жатып, әлгі өрімдей ғана «жүгермектің» аузына бір тал «ақ Бондты» апара жатқанын көріп қалдым.

 

Оқу жылының басында дәл корпустың қасындағы Мегаға бару сән еді. Үлкен қоңырау жарты сағат болатын, еріккенде «Жібек Жолын» аралап қайту күндегі әдетіміз еді. Қасымда өзім сияқты бір топ бала бар, корпустан шығып, сонда бет алдық.

Жолда корпус пен сауда үйінің арасын бөліп тұратын қоршау бар еді. Қақпасы адамдар кіретіндей етіп жасалған, алты адам қатар тұрса еркін сияды. Бұрын байқамағанмын ба, әлде енді келіп жайғасқан ба, еңгезердей жігіт ағасы тіленшілікпен сол қақпаның бір бұрышында үсіп отыр екен. Астында басып алған курткасы бар, неге кимейтінін қайдам. Алдында сағыздан босаған коробка, ішінде бес-он тиыннан басқа түк жоқ. Осындай алып дене иесінің бет-аузы қып-қызыл боп, жұрт көретін жерде қайыршыланып отырғанына ұялдым ба, білмеймін, сол кезде қалтамда әлгінде ғана буфеттегі түскі асымның қайтарымы бар болатын, соны бергім келді. Өз жобаммен жеті жүз  теңгедей, қағаз ақшасы жоқ, кілең тиындардан құралған бір уыс ақшаны оның алдындағы қағаз картонға тастай бердім. Қасымдағылардың бәрі мені күтіп, әрі тастағаныма қарап қалыпты. Қайыршы бетіп сипағандай болды. Біз жүріп кете бардық.

Жолдастарым сонша ақшаны неге ғана бере салғанымды сұрады, «ол да адам ғой» деген жауабыма қанағаттанбай, бәрі де оның ол ақшаны игі іске, тамағына жұмсамайтынына сендірмек болды. Тіпті кейбіреуі оның бай біреу, тек кәсібі осындай деген сыңайдағы әңгімелер айтты. Ешқайсысына бой бермедім, оның тек тағдырдың тәлкегіне түсіп қалған адам екеніне сендіруге тырысып бақтым.

Қоңырау уақыты жақындады, іште көп болмай, қайтадан корпусқа қарай шықпақшы болдық. Шыға бергенде бір үлкен кісінің жап-жас студент қыздарды боқтап, аузына келгенін айтып, жөнеле бергенін көрдік. Қолындағы шишасына су құйып алғандай шайтанның суын ауызбен-ақ сіміріп барады. Әлгі қыздарға айтқан сөзі өте қатты еді, олар үндемей өтіп кетсе де айналасындағы адамдар естісін дегендей етіп, одан сайын айқайлап, ешкімнің ойына келе бермейтін боғауыз сөздердің неше түрлісін ағытты. Таныдым, бағана өзім тиын тастаған кісі екен.

 

Осы бір оқиғадан соң қол-аяғы сау адамдарға он теңгені де ойланып беретін болдым. Олардың қолына ақша түссе, арақ алып ішіп, оны берген адамды да өзімен қоса күнәһар қылады-ау деген ой басымнан кетпеді.

Бірде мойнына жіпке байланған картон қағазға «Помогите на еду» деген жазу жазып алған өзім қатарлы баланы көрдім. Үсті-басын өзіңіз-ақ көз алдыңызға елестете беріңіз. Жанына бардым. Тесіле қарады да, «жазуды оқы» дегендей бетін төмен бұрды. Ақшаны қолына ұстатпақшы болдым, ол шытырлаған қағазды көріп жымың ете қалды. Ойым лезде өзгеріп кетті де, өз жолыммен кете бердім. Ол артымнан қарап қалды. Ішінен мазағыма қарғанған болар...

Жүрегім мұздап кетті. Оның орнына өзімді қойғым да келмеді. Оң жақтағы «Нұрасыл» деген аралас дүкенге кірдім де, салфеткадан бастап, пирожки, кола, самса, екі-үш алма, әйтеуір екі салафан толы азық-түлік алдым да, әлгі балаға бардым. Менен үмітін үзіп қойса керек, басқа бағытқа қарап тұрды. Жанына барғанымда, қолымдағыға бір, өзіме бір қарап, меңіреу күйде қалды. Алдына қолымдағының бәрін қойдым да, «тамақ жегің келсе, міне» дедім. Ол аңтарыла қарап қалыпты, сірә, менен басқа нәрсе (мүмкін ақшалай болар) күткен секілді. Ошарыла қарап тұрған бетіне қарап сәл жымидым да, артыма бұрылмастан кете бардым. 

Ақ парақтағы ойлар 30.03.2015 жариялады

2 пікір

Соңғы ісіңіз ұнады. Аузы күйген үрлеп ішер дегендей болыпты. Өзіңіз қайрымды жан екенсіз. Жарайсыз! Алла разы болсын!
Алланың нұры жаусын бір өзіңізге.Бұл жақсылықтарыңыздың бәрі Аллаһтан қайтады
116,035 сұрақ
294,369 жауап
152,840 пікір
60,340 қолданушы