«Қаржылық пирамида» деген не? Сетевой маркетинг

Қаржылық пирамида,Сетевой маркетинг

Өзіңді өзің алдама, Қазақ!

«МММ». 90 жылдары аты дүрілдеп тұрған компания. Ресейдегі ең ірі және алғашқы қаржылық пирамиданың бірі. Әр түрлі деректер ойынша 15 млн. адамға дейін салымшысы болды. Құрылтайшысы С.П.Мавроди алаяқтық қылмысымен айыпталып, сотталды. Шыға салысымен тағы бір «МММ-2012» атты қаржылық пирамида компаниясын құрды. Осыған көптеген Қазақстан азаматтары тіркелді.

«Тобыр психологиясы». С.Мавродидің өзі адамдардың ақшаға деген ашкөздігін жақсы меңгерген. Ол туралы өзі айтып та жүр. Ең негізгі қозғаушы күш осы болса, келесісі – тобыр психологиясы, яғни «мен құр қалып қоймайын» деген пиғыл. Психологтардың айтуынша, егер халықтың басым бөлігі бір нәрсені жанталасып алып жатса, бір жерге жанталасып тіркеліп жатса, мен де қалып қоймайын, мен олардан кеммін бе деген ой итермелеп отырады. Ал зардабы туралы ойланбайды. Өзіміздің мақаламыз да бар емес пе «Көппен көрген ұлы той» деген. 

«Қаржылық пирамида» деген не? Бұған дейінгі, яғни 2014 жылға дейінгі заңдар оған анықтама берген жоқ. 2014 ж. 3 шілдесінегі Қылмыстық кодексінің 217-бабы қылмыс құрамы ретінде арнайы бап бөлді. 
« 217-бап. Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету
1. Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру, яғни тартылған қаражатты қабылданған мiндеттемелердi қамтамасыз ететiн кәсiпкерлiк қызметке пайдаланбай, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге мүлкiн не оған құқығын қайта бөлу және бiр қатысушыларды басқалардың жарналары есебiнен байыту арқылы осы активтердi тартудан табыс алу (мүлiктiк пайда табу) жөнiндегi қызметті ұйымдастыру, сол сияқты қаржылық (инвестициялық) пирамидаға немесе оның құрылымдық бөлімшесіне басшылық ету-мүлкі тәркіленіп, бір мыңнан үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.» 3-бөлігі бойынша ең ауыр жағдайларда бес жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Белгілерін қараңыз:
Біріншіден, тартылған ақшаны кәсіпкерлік қызметке пайдаланбайды, яғни тауар шығаруға, сатуға, өндіріске т.б. пайдаланбайды, айналыста тек ақша жүреді.
Екіншіден, бiр қатысушыларды басқалардың жарналары есебiнен байыту, яғни кейінгі кіргендер, алдыңғы кіргендердің қалтасына үлес қосады. 
Үшіншіден, табыс тек салымшылардың ақшасынан келеді.

Мысалға, Сіз оған 100 000 теңгемен кіресіз. Соңыңыздан 3 адам әкелу керек. Олар да 100 000 жарнамен тіркеледі. Сіздің 100 мың алдыңғыларға кетті. Сіздің әкелген адамдарыңыздың 300 мыңынан сіздің 100 мыңыңызды қайтарып береді (300 мың-100 мың=200 мың). Қалғаны жоғары жаққа кетеді. Ол үш адам өз кезегінде 9 адам әкеледі. Олардың ақшасына сізге 150 мың теңге түсті делік (900 000 – 150 000= 750 000). Қалғаны жоғары жақтағыларға кетеді. Осылай жалғасып кете береді. Осы сыртқы сұлбасына қарап оны пирамида деп атаған. Бұл шексіз емес, түптің түбінде құлайды. Түптің түбінде тесік астаудың қасында қалатындар - астыңғы қатарға жазылғандар.

Шын «Желілік (сетевой) маркетингтер». Мұны бірақ шын мәніндегі сетевой маркетингпен шатастырмау ләзім. Мысалға сіз бір осындай компаниядан косметика аласыз. Айталық бір комплектісін 7500 теңгеге алдыңыз. Дәл осы қалпында пайдалансаңыз да болады, немесе 10 000 теңгеге сатсаңыз да болады. Шын мәніндегі осы тақылеттес тауарлардың нарықтық бағасы 9000 – 12 000 теңге делік. Бұл нағыз сетевой маркетинг, яғни сауда-саттықтың ешкімнің қақысын жемей, қарапайым халықты дистрибьютор (таратушы) ретінде тарта отырып, кәсіп жасау. Олардың негізгі ұстанымы – жарнама жасамаймыз, жаппай сатылымда жоқ, әрі қалай пайдалануды тегін үйретеміз дейді. Яғни экономикалық тұрғыдан алғанда, сіз қосып отырған 25 пайызды өз қалтаңызға қалдырыңыз, өйткені біз жарнама берсек, әр жерден бутик ашсақ та осы 25 пайыз шығын болып, ол тауардың өзіндік құнына қосылар еді деген сыңайлы. Мұның ешқандай заңға қайшы жері жоқ.

«Желілік (сетевой) маркетингтің атын жамылғандар». Күріштің арқасында күрмек су ішеді деп, осы «сетевой маркетингтің» атын жамылып жүргендер бар. Олар атауын осылай қойып қойған, тіпті, азынаулақ тауарлары да бар. Бірақ оның бәрі көз бояушылық. Мысалға, сізге оған тіркелу үшін 150 000 теңге тапсыр дейді. Сізге бір «тауар» береді. Айталық, сағат. Дәл осындай сағаттың нарықтағы бағасы қанша керемет сағат болса да, ары кеткенде, асып кетсе 50 000 теңге (өзіндік құны, тасымалдау, салық т.б. барлық шығындарын және үстінен көретін пайдасын есептегенде). Қалған 100 000 қайда кетеді. Тіпті, сіз ол сағатты басқа біреуге 25 мыңға да сата алмайсыз. Сізге 3 адам алып келуге міндеттейді. Сіз дәл солай істедіңіз. Олардың құйған ақшасы 450 мың. Оларға да бір-бір сағаттан ұстатады. Енді олар да үш-үш адамнан әкелгенде Сізге құйған 150 000 теңгеңізді қайтарып береміз, одан кейінгілер келгенде ДЕВИДЕНД береміз деп уәде береді. Енді есептеңіз: әр адамға есептейік 150 000 – 50 000 (сағат) =100 000. Енді тауардың бағасын алып тастап есептеңіз: 300 000 (алдыңғылардың ақшасы) + 900 000 (кейінгілердің ақшасы) = 1 200 000 теңге. Оның сізге 150-ін қайтарып береді. Қалғаны 1 050 000 теңге қайда кетеді? Кез келген тауардың, қызметтің экономикалық негізі болу керек. Демек, бұл нағыз қой терісін жамылған қасқырлар, сетевой маркетингтің атын пайдаланған қаржылық пирамидалар. Бұл жердегі "тауар" әшейін маскировка. Біз "сетевой маркетингпіз" деуге ғана керек. Бұған бір басын сұғып алғандар үшін қайтар жол жоқ, өйткені ол салған қаржысын қайтарып алуға мүдделі. Қирап қалғанша тоқтамайтын механизмді іске қосқан басқалар, ал қозғалтқышы – Сіздер. Салымшылар БИЗНЕС жасап жүрміз деп өз өзін алдап жүр, себебі миына солай құйған. Бір қазақты бір қазаққа салып қойып сыртынан қызықтап отырғандардың қалталары қампайғанда қарасын да көрмейсіз.

Бұлар сіздің қаржылық сауатсыздығыңызды пайдаланып, сіздің және өзіңіз тартқан ет жақындарыңыз бен таныстарыңыздың несібесіне қол салушылар. Сізге К.Маркстің «Капиталын» оқып шығу міндет емес, бірақ кез келген табыстың негізіне өндіріс, тауар, қызмет көрсету сияқты өзіндік құны бар нәрселер жатуы керек екенін ұғынатын шығарсыз. Өз ақшамды алсам болды, менен кейін «Пұл болмаса – күл болсын» деген қағиданы ұстанбайық, бауырлар. Шындап келгенде, зардап шегетіндер - өзің қатарына тартқан жақындарыңның жақындары ғой. 
Елдің ақшасын алып тайып тұратын сіз аттарын білмейтін құрылтайшылар.
Не істеп жүргенімізді білейік, кімді қандай жарға итеріп жүргенімізді аңғарайық!!! 
Өзімізді өзіміз алдамайық, бауырлар!!!

Алмас Жұмағали

Пайдалы кеңестер 30.03.2015 жариялады
116,054 сұрақ
294,517 жауап
152,845 пікір
60,461 қолданушы