Майдангер өлімі

Садыр Ақымбетов  республикадағы белгілі фотографтардың бірі болған. Ол соғыста көп ерлік көрсеткен қатардағы қаһармандардың бірі болатын. Бейбіт күндерде де бел шешпей, халыққа қызмет етті. Пенсияға шыққаннан кейін партия ұйымында есепте тұрды. Қызба мінезді, бірақ ақкөңіл, аңқылдақ азамат болатын. Жеңіс күні қарсаңында ол шаш қидырмақ боп шаштаразға барады. Өзі сан рет қан төгіп, қолы жеткен қымбат мерекесін құрметтеп, солдатша жинақы күйде қарсы алмақ болады. Бірақ шаштаразға келсе, әлекедей жаланған 7-8 жас жігіт алдын кес-кестеп, оны ішке кіргізбейді.

  • Қайда барасың өңкеңдеп, қақбас? – деп майдангерді кеудесінен итереді.

Кеше соғысты 4 рет жараланған, кеудесінде 5 орден, бірнеше медалі бар бұрынғы батыр барлаушы өз балаларынан екі есе кіші жастардың алдында пұшайман болады.

  • Балалар. Менің кезексіз кіруге хақым бар ғой, - дейді сонда да сабырлық көрсетіп.
  • Сенің хұқыңның құны бір тиын. Бұл сылдырмақтарыңды үйіңдегі боқмұрын немерелеріңе көрсет.
  • Өшір үніңді, сорлы сталинист. Бүгінде сенің Сталиніңнің аяғы қалай көктен келсе, сенің де басыңды  төмен салақтатып, бақайыңнан байлап, дарға асып қоямыз! – дейді олап ардагерді жан-жақтан қамап. – Сен сияқты Сталиннің қорғаны болғандарға бүгінгі берілер жаза сол!
  • Мен Сталинді емес, Отанды қорғадым ғой. Сонымен бірге сендерді де қорғадым емес пе? – дейді ардагер тынысын тартып.
  • Бізді қорға деп сенен сұраған шығармыз, - деп мазақтап, бұзақылар қарқылдап кеп күледі. – Жоғал бұл жерден.

Осы сөздер өңменінен өткен байғұс майдангер құлап түсіп, шаштараз табалдырығының алдында жан тапсырады. Мінеки, ол атамыз осылай өлген. Кәрілік жетіп қайтыс болған жоқ. Тіпті бір күн ауруханада жатпаған жан екен.

Не түйдіңіз?

Әзілхан Нұршайықов әңгімесі.

Мен ҚАЗАҚПЫН! 27.03.2015 жариялады

1 пікір

Ақыр заманның жақындағаны ғой бұл да, Майқы бидің сөздері айна қатесіз орындалып келе жатыр... Хиуаз Доспанованың соғыстағы ерлігі Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Маметованың ерлігінен еш кем түспесе де, соғыстан кейінгі кезде де, тәуелсіздік алғаннан кейінде еш елеусіз қалды ғой, Батыр атағы берілмегені былай тұрсын, жеңістің 50 жылдығында аты мүлдем аталмаған. Тек 2004 жылы ғана Халық қаһарманы атағын берді президентіміз. Қатайқанында соғыс кезінде алған жарақаттары сыр беріп 4-5 жыл дала көрмей еріксіз үйде қамалып жатқан, батыр атағы не керек ол кезде оған, тым кеш. Бұл бізге жеткендері, біз білмей кеткен қаншама батырлар ескерусіз, осылай ит пен құсқа жем болған шығар, "Бұқа құдыққа құласа құлағында құрбақа ойнайды" деген осы...
116,264 сұрақ
295,192 жауап
152,913 пікір
61,078 қолданушы