100-атқыштар бригадасы

Мәншүк Мәметова құрамында шайқасқан 100-атқыштар бригадасы жайлы не білеміз?  Осы бригада, оның құрылу тарихы және одан қалған жұрнақтар жайлы мәліметтерді төменнен оқи аласыздар.

Атқыштар бригадалары Ұлы Отан соғысы басталғаннан кейін, 1941 жылдың күзінде құрыла бастады.Соғыс сақылдап жүріп жатқан кезде атқыштар дивизияларын жасақтауға кеңірек уақыт, көп адам, мол қару – жарақ керек болғандықтан тездетіп, шағын әскери құрама – атқыштар бригадаларын ұйымдастырып, майданға шапшаң аттандыру қажет болды. Қолды-аяқты бала сияқты шағын бригадалар майданда маневр жасау жылдамдығына және таптырмайтын қолғанат танылды. Осы мақсатпен 1941 жылдың аяғына дейін КСРО-да 159 атқыштар бригадасы жасақталып, майданға жөнелтілді. Соның екеуі Қазақстаннан аттанды. Олар: Алматыда ұйымдасқан 100-ші және Ақтөбеде құрылған 101-атқыштар бригадалары еді.

Атқыштар бригадасының құрамында 3-4 атқыштар батальоны, зеңбірекшілер және миномет дивизиондары, автоматшылар ротасы, арнаулы әскери және тыл бөлімдері болды. Бригадада барлығы 4-6 мыңға дейін адам қызмет етті. Соғыстың бас жағында атқыштар бригадалары өздеріне жүктелген жауынгерлік міндеттерді абыроймен орындады. Қызыл Армия жаппай шабуылға көшкен 1943 жылдың аяқ кезінен бастап ұсақ бригадалардан гөрі үлкен дивизиялар мен корпустар қажет болды. Соған сәйкес майдандағы атқыштар бригадалары ірілендіріп, өзара қосылып, қуатты дивизияларға айнала бастағанда, 100-атқыштар бригадасы 1943 жылдың 12-желтоқсанында 31-атқыштар бригадасымен бірігіп, 1-атқыштар дивизиясы болып қайта құрылды.

Қыздар академиясы

100-дербес қазақ атқыштар бригадасы неміс фашистерімен Калинин майданында шайқасты. 22,39,3-екпінді және 6-гвардиялық армиялардың құрамында 300-ден аса деревняны, Молодой Туд, Великие Луки, Невель, Новосокольники қалаларын жаудан азат етті. Әйгілі Жамбылға хат бригада Великие Луки қаласының түбінде тұрған кезінде жазылды.

Біріккен 1-атқыштар дивизиясы І және ІІ-Белорус майдандарында, 70-армияның құрамында болып,Брест қаласын жаудан азат етті. Сондықтан оған І-Брестік атқыштар дивизиясы деген құрметті атақ берілді. Одан кейін дивизия Польша астанасы – Варшаваны азат ету ұрыстарына қатысты. Шығыс Пруссияны баса көктей өтіп, соғысты Германияның Висмар қаласында аяқтады.

Қаланы алған кеңес әскерлері

100-бригаданың қалдығынан құралған І-Брестік атқыштар дивизиясын Висмар қаласына дейін генерал – майор (алғашында полковник) Андрей Иосифович Карпелюк бастап барды. Генерал 1996 жылы 12-шілдеде өмірден өтті. Өмірінің соңына дейін бәйбішесі Антонина Николаевна Карпелюкпен бірге Киевте ғұмыр кешкен.

Андрей Иосифович Карпелюк

Алматыдан майданға аттанарда бригада құрамында 4889 адам бар еді. Бригада дәл майданға аттанарда 4890 адам болды. Араға дәл майданға аттанар сәтте келіп кірген жалғыз жауынгер кейіннен Кеңес Одағының Батыры атағын алып, бригаданың тарихында ерекше үлес қосқан қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметова еді.

Мәншүк Мәметова

Сол 4890 жауынгерден соғыс біткеннен кейін Қазақстанға 300-дей ғана адам тірі қайтты. Олардың да көпшілігі үйлеріне ақсақ, шолақ, соқыр болып қайтты.

Өздерінің кемтарлығына қарамастан осы жампоз жандар өмірінің ақырғы күндеріне дейін халыққа адам қызмет етті. Олардың ішінен елге танымал бірнеше азаматтар бой көрсетті. Атап айтқанда, атамыз Жамбылға хат жазған 100-бригаданың жұрнағынан мынадай адамдар шықты:

1 академик (Сақтаған Бәйішев)
1 аудандық прокурор (Құдабай Алдыбаев)
1 әртіс (Керей Жарқынбеков)
1 корреспондент-мүше (Иманбек Сүлейменов)
1 республика Жоғарғы сотының төрағасы (Әбдірахман Досанов)
1 республикалық әдебиет газетінің бас редакторы (Әзілхан Нұршайықов)
1 республикалық газет редакторы (Қасым Шәріпов)
1 Социалистік Еңбек Ері (Егемқұл Тасанбаев)
1 танк әскерлерінің батальон командирі (полковник Мұқан Омарбаев)
1 университет ректоры (Асқар Закарин)
2 аудандық және қалалық әскери комиссар (полковник Қалисар Қабдуллинов пен Әділ Біләлов)
2 кинорежиссер (Сұлтан Ходжиков пен Мәжит Бегалин)
2 облыстық газет редакторы (Сүбіхан Шошанов пен Әзілхан Нұршайықов)
2 халық жазушысы (Тахауи Ахтанов пен Әзілхан Нұршайықов)
3 журналист-жазушы (Жекен Жұмаханов, Амантай Байтанаев, Әлнұр Мейірбеков)
3 орта мектеп директоры (Мәті Хұсайынов, Асқар Рахматуллин, Қалижан Сырлыбаев)
4 министр (Егемқұл Тасанбаев, Рымбек Байсейітов, Қали Біләлов және Сұлтан Жиенбаев)
5 ғылым кандидаты (Мәриям Сырлыбаева, Ыдырыс Исатаев, Ысқақ Тойбаев, Ахметжан Ахметжанов және Әбдірахман Көрғұлин)
Қазақстан Үкімет басшысының 3 орынбасары (Асқар Закарин, Қали Біләлов, Сұлтан Жиенбаев) және басқалар.

Мінеки, 100-дербес атқыштар бригадасының соғыстан жаралы қайтқан жампоздары елге осындай жанқиярлықпен еңбек етіп, Қазақстан халқының экономикалық, ғылыми және мәдени өркендеуіне өзінің лайықты үлесін қосты.

Жеңіс әскерлері

Мен ҚАЗАҚПЫН! 27.03.2015 жариялады
116,054 сұрақ
294,517 жауап
152,845 пікір
60,461 қолданушы