Лондондағы қызық жайттар

Лондон туы

...Лондон көшесінде көрген үш түрлі көрініс көз алдымда қалды. Бірі – көшеде біреу отыр, қасында шалқасынан шляпасы жатыр. Өзі жолдың тақтайдай тасына еңкейіп, бұқиып алған. Майлы бояумен тасқа сурет салып әбігерленуде. Әркімдер оның қасындағы шляпаға ақша тастап кетіп жатыр.

Екіншісі – бір еркек, бір әйел, бір бала – үшеуі бір топ болып келе жатыр. Еркектің қолында скрипка – ойнап келеді. Әйелдің білегіне іліп алған қалбыры бар, ән салып келеді. Бала өз-өзінен секіріп билеп келеді. Жұрт әйелдің қалбырына бірдеңе тастап кетіп жатыр. Жаңағы қасындағы шляпаға түскен ақшаға қарамай, тротуарға тұқыраңдап жатқан суретші сияқты, әйел де, оның серіктері де қалбырға сылдырап түсіп жатқан ақшаға мән бермейтін сияқты.

Үшіншісі – жасөспірім алты жігіт көшені қуалай шыр көбелек айналып, цирк ойынын көрсеткендей, өнер көрсетіп келеді. Алдыңғысы дөңгелей жөнелгенде, шляпасын сол жерге шалқасынан тастап кетеді. Екіншісі сол шляпаны қағып алып, тағы ілгері жүйткиді. Сөйтіп, 6 шляпа кезек-кезек жол үстінде қаздия қалады. Оларға әркімдер кезек-кезек ақша тастасып жатыр.

Бұл не: қайыршылық па, әлде өнерпаздық па?

Мұның мынандай жұмбаққа ұқсас тарихы бар екен. Ағылшын корольдерінің бірі, баяғы замандардың бірінде менің елімде қайыршы болмасын деп жарлық шығарыпты. Кім қайыр сұраса да, кім қайыр-садақа берсе де – соның қолын кесемін депті. Корольдің бұл жарлығын бұзбас үшін жоқ-жітік жандар да, көлденең жұрт та өздерінше айла тауыпты. Кемтар адамдар көшеде әр түрлі жолдармен өз өнерін көрсеткен болады. Қарапайым халық та сол өнерге сый-сыяпат білдіргенге ұқсайды. Қайыр сұрадым деп аналар айтпайды, қайыр-садақа бердік деп бұлар мойындамайды. Содан бері ағылшындар «Құда да тыныш, құдағи да тыныш» деген қазақ мәтеліндегі сияқты болып жүріп жататын көрінеді.

Тағы да бір қызығы – ағылшынның атақты Гайд-паркінде шаршап келіп орындыққа отырсаң, ақша төлейді екенсің. Жас болсаң, оқасы жоқ. Ал кәрі адамның қанша уақыт тізе бүгуіне тура келеді десеңші. Соның бәріне төлей берсе, олардың шашы шақ келе ме? Соған қарап кәрілердің Гайд-паркке баруларына болмайды екен деген қорытындыға келесің...

 

Әзілхан Нұршайықовтың төрт томдық 

шығармалар жинағының екінші томынан.

Әлемге саяхат 27.03.2015 жариялады
116,025 сұрақ
294,324 жауап
152,839 пікір
60,310 қолданушы