Эссе француз тілінен "essai", ағылшын тілінен "essay", "assay"- талпыныс, жазушылық сынама, очерк; латын тілінен "exagium" – ойлау.
Эссе философияның, эстетиканың, әдеби сынның, публицистиканың, көркем әдебиеттің тұрақталған, қалыптасқан тұжырымдарға жаңа қырынан қарап, өзінше толғап, әрі дағдыдан, әдеттен, көне соқпақтардан бөлек, тың болжамдар мен түйіндеулерге құрылатын жанры. Әдебиеттегі Эссе – соны пікірлерге көбірек мән беріліп, оқырманды ой теңізінде жүздіретін таңдай қақтыратын, өзінше ойлап-сезіну қажеттілігін туғызатын, қаныңды қыздырып, рухани әлеміңе азық сыйлайтын, дүние құбылыстарын өткір қабылдауымен ерекшеленетін көркем туынды. Эссе табиғаты сыршыл сезімге, тіл бояуларының айрықша салтанатына, әшекейлі композицияға құрылады. Өзгеше бітімді бұл өнер туындысында эссеші интеллектуалдық байлығын, аңғарымпаздығын, жарқын, тапқыр ойлылығын, өмір саяхатындағы көрген-білетін, сезінген-түйгенін, тәжірибелерін жомарттықпен жайып салады. Эссе сипатында туған туындыларға батыл болжамдар мен өткір ұсыныстар, пікір жарыстырулар мен талас тудыратын жорамалдар, ойлар, көкейге қонымды, таным көкжиегін кеңейтуге қозғау саларлық байламдар тән.
Эссеге негізгі қойылатын талап-белгілі бір тақырыпты, мәселені талдау, сипаттау жэне бағалау болса, негізгі мақсаты-тақырыпқа байланысты өз білімін көрсету және сұраққа берілген жауаптың дұрыстығына окытушыны (окырманын) сендіре білу болып табылады. Бұл эссенің өзге жазба жұмыстарынан ажырата білудегі басты талаптардың бірі ретінде көрініс табады. Сондай-ақ, эссені жазуда негізінен формалды стильді басшылыққа ала отырып, өз ойын нақты дәлелдер мен мысалдар арқылы жүйелі түрде беріп, ондағы әрбір бөлімнің талапқа сай жазылуын ескеру керек.