Күй атасы, сазгер, асқан дүлдүл домбырашы, қазақтың аспаптық музыкасының (күйдің) классигі XIX ғасырдың 23 жылдары (1823 ж) қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы Жиделі деген жерде дүниеге келген. Әкесі Сағырбай кіші жүздегі Қызылқұрт руынан шыққан.
Құрманғазы жастайынан домбырашылығымен көзге түседі. Оның күйшілік өнердегі алғашқы ұстазы, бүкіл Қазақстанға танымал болған Ұзақ күйші болды.
Сол кездегі дәстүрге орай Құрманғазы ұстазымен бірге ел аралап, домбырашылық өнер сайысына түсіп, жұртшылық назарына ілігеді. Жас домбырашы Бөкей Ордасының атақты күйшілері Байжұма, Баламайсаң, Байбақты, Соқыр Есжан, Шеркештің күйлерін үйреніп, шеберлігін шыңдай түседі. Олардан тәлім алып өскен Құрманғазы қазақ халқының ұлы сазгері атанды.
Құрманғазының күйлері қазақ елі өмірінің әлеуметтік жыр-сыры, азаткерлік рух ұраншысы іспетті. Күйші шығармашылығындағы өзекті мәселелер - халықтың азаттығы мен жеке тұлға бостандығы. Өз туындыларында ХІХ ғасырдың 30-жылдары Исатай Тайманұлы бастаған ұлт-азаттық көтеріліске ерекше назар аударған. Құрманғазы бұл көтеріліске өзінің алғашқы туындыларының бірі "Кішкентай" күйін арнаған. Одан кейінгі "Ақбай", "Ақсақ киік", "Түрмеден қашқан", "Адай" күйлерінде ол халықтың азаттықты көксеген арманын, әділетсіздікке қарсылықты, қоғамдық мүдделердің өзара қақтығысын білдіреді. Құрманғазы туындыларында қоғам мен адамның арақатынасындағы айрықша әлеуметтік-психологиялық жағдайлар бейнеленеді. Оның "Аман бол, шешем, аман бол", "Қайран шешем", "Ертең кетем", "Бұқтым-бұқтым" деген күйлерінде адам даусының ырғағы айқын берілген.
Құрманғазының ойнақы, мерекелік көңіл күйді білдіретін би ырғағымен жазылған күйлері ("Балбырауын", "Әсем") де бар.
Ел билеуші үстем тап өкілдерінің «ұры», «қарақшы» деген жаласымен сан рет ұсталып, Орал, Орынбор түрмелеріне қамалған Құрманғазы кейбір ауызша деректерге қарағанда, Иркутск түрмесіне де түскен. Қуғын-сүргін мен сергелдеңге түскен күйші халықтың тәуелсіздік пен бостандық туралы терең ой-толғамын бейнелеген "Алатау" және "Сарыарқа" күйлерін дүниеге келтірген.
"Байжұма", "Бозқоңыр" туындылары да Құрманғазының асқан өнерпаз күйші екенін білдіреді. Құрманғазы өз күйлері арқылы орындаушылық өнердің ерекше дарыны мен бірегей әуен тілін паш етті. "Итог" атты күйінде күйші ауыр да азапты өмір жолының қорытындысын айқын бейнелейді.
Кұрманғазы өз дәуірінің бірқатар озық адамдарымен де таныс болған. 1860 жылдары Дәулеткереймен кездесіп, бірімен-бірі күйлер алмасып, жиі-жиі домбыра тартысына түседі.
Талай қуғын-сүргінді басынан өткерген Құрманғазы 1880 жылдардың аяғында Астрахан маңындағы Сахма елдімекеніне біржола қоныстанып, өзінің төңірегіне Дина Нұрпейісова, Ерғали Есжанов, Мәмен Сүлейменов сияқты шәкірттерін жинады. Сол дәуірде әйгілі болған Көкбала, Менетай, Менқара, Сүгірәлі, Торғайбай, Шора сынды домбыра тарту шеберлері Құрманғазыны ұстаз тұтқан. Кейіннен атақты күйші 1896 жылы Алтынжарда Сахма селосында дүниеден озды.
Құрманғазы күйлері Қазақстан сазгерлерінің шығармашылығынан кең орын алды. Республика сазгерлері күйшінің күйлерін, үлкенді-кішілі шығармаларында пайдаланды. Би де қойылды, спектакльдер де, кинофильмдер де, хор музыкасы болып та пайдаланды.
Ә. Тәжібаев хорға арналған "Көбік шашқан", "Қайран шешем" күйлеріне сөз жазса, композиторлар Е. Брусиловский, А. Зильбер, Ғ. Жұбанова, Л. Хамиди, М. Қойшыбаевтар өздерінің симфониялары мен операларында күйшінің шығармаларын кеңінен пайдаланды.
Көптеген оқу орындарының, музыкалық ұжымдардың, аудандардың, көшелердің аттары Құрманғазы есімімен аталады.