+2 дауыс
180k көрілді
Қазақша ескі ай аттары қалай аталады? Сүмбілені ғана біледі екем....

Январь – Қаңтар; Февраль – Ақпан; Март – Наурыз; Апрель – Сәуір; Май – Мамыр; Июнь – Маусым; Июль – Шілде; Август – Тамыз; Сентябрь – Қыркүйек; Октябрь – Қазан; Ноябрь – Қараша; Декабрь – Желтоқсан.

2 жауап

+7 дауыс
 
Жақсы жауап
Наурыз - Хамал;   Көкек- Сәуір;   Мамыр - Зауза;   Маусым - Саратан;   Шілде - Әсет;   Тамыз - Сүмбіле;    Қыркүйек - Мизам;   Қазан - Ақырап;   Қараша - Қауыс;   Желтоқсан - Жәди;   Қаңтар - Дәлу;   Ақпан - Құт.
Саламатсыздар ма?! Қазіргі шығарылып жүрген күнтізбелердегі ай аттарының неге бұрмаланып жазылатынын түсінбеймін. Және халықтың солай қабылдайтынына аздап қобалжимын. Күнтізбедегі қатені түзейтін ешқандай бақылаушы мекеме жоқ па? Ең болмағанда күнтізбені шығарушы кәспкерлер осыны неге көрмейді? Сауатты жазуға неге ұмтылмаймыз? Өздеріңіз күнде көріп жүргендеріңіздей, қазіргі күнтізбедегі апрель айын неге "көкек"- деп жазбайды? "Сәуір"-оның ескі атауы ғой? Басқа ай аттарын дұрыс жазады да, көкек айын "сәуір"- деп жазады. Менікі дұрыс па, бұрыс па, оны өздеріңіз талқылап көріңіздер. Рахмет!
+6 дауыс

ҚАЗАҚША АЙ АТТАРЫ

Мойындаңыз, жай кездері ай аттарын әлі де "март", "июль", "сентябрь" деп айтасыз қой? Орысша атаулар санамызда бекініп қалғаны рас. Бір асыр бойы қолданған сөздерді бірден мұтып, жаңа атауларға көшу оңай емес, олардың үйреншікті боп кетуі үшін әлде де біраз уақыт керек. Бірақ бұл атаулар қазақ үшін шынымен де жаңа ма, атышулы Терминкомның туындысы ма? Анықтап көрейік.

Қазіргі ай атаулары ресми түрде 1990 жылы бекітіліпті. Бұл атаулар – қазақтардың ежелгі ай аттары. Бұрын қазақтарда бір емес, бірнеше күнтізбелік атаулар болған екен.

Қазақ күнтізбелері

Біріншісі – қазіргі атауларға негіз болған дәстүрлі атаулар, олар ауа-райына, табиғаттың құбылыстарына, ырымдарға, ұлттық мейрамдар, салт-дәстүрлерге байланысты аталған: наурыз, көкек, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан, қараша, желтоқсан, қаңтар, ақпан.

Екінші жүйе – 12 шоқжұлдыздың арапша атауларына негізделген парсы күнтізбесі. Олар: амал, сәуір, зауза, саратан, әсет, сүмбіле, мизам, ақырап, қауыс, жәди, дәлу, құт. Кең таралып, ұзақ уақыт бойы қолданылған. Батыс және оңтүстік өңірлерде XX асырға дейін айтылған.

Үшінші күнтізбе – мұсылмандық. Жазба деректерден ұлы жүз қазақтары бүкіл Түркістан аймағы секілді осы күнтізбемен өмір сүргенін анықтаймыз. Хижра бойынша бір жылда тек 355 күн болғандықтан, бұл күнтізбе григориан жүйесіне сәйкес келмейтіні түсінікті. Күздің салқынында ұсталған ораза бірнеше жылдан соң жаздың аптабына түсетіні де содан.

Қазақтар қолданған күнтізбенің тағы бір түрі Қамбар тоғыс деп аталады. Ұмыт болған жүйе Қамбар жұлдызының (Арыстан) қозғалысына негізделген. Қамбар жұлдызы күз айларында туып, көктем айларында батады. Қамбар жұлдызы көк жүзінде Аймен бес рет кездеседі, есепшілердің тілімен атқанда бес мәрте тоғысады. Алғашқы тоғыс қазан айында өтеді. Қамбар жұлдызымен Ай өзінің тоғыз жаңасында тоғысады. Сондықтан осы айды тоғыздың айы, Қамбармен бес жаңасында тоғысуын бестің айы (желтоқсан), үш жаңасында тоғысуын үштің айы (қаңтар), бір жаңасында тоғысуын бірдің айы (ақпан) деп атайды. Әр тоғыстың арасы, шамамен, 28-29 күн болады. Қамбар тоғысы бойынша, сөйтіп, бес айды кемімелі тақ санмен атаса, қалған жеті айды жай сөзбен айтқан. Олар: аласапыран, отжақпас, құралай, жұтшашқан, т.б. тәрізді байырғы атаулар болуы ықтимал.

XX асырда Кеңес үкіметі орнығуына байланысты қазақ тіліне орысша ай атаулары енді. 1917 жылдан бастап (не одан ертерек) 1940 жылға дейін орысша атаулардың қазақшаланған түрі қолданыста жүрді. Әпірел, үйен, үйел, ағұс деген қазақша атауларды төте және жаңәліппен жазылған еңбектерден таба аласыз. 1940 жылы қазақ жазуы кириллицаға өткен сәтте ай аттары да кірме сөздер секілді түпнұсқа бойынша, яғни тура орыс тіліндегідей айтылып, жазылатын болды. Январь, апрель, декабрь деп ресми түрде 50 жыл қолданылғанымен, ауызекі тілден әлі де жоғала қоймады.

Ай аттарын қолданудағы ерекшеліктер

Төмендегі кестеден байқасаңыз, қазіргі ай атаулары ескі қолданысымен салыстырғанда бір ай алға жылжып кеткендей көрінеді. Оның басты себебі 1918 жылы Ресейде григориан күнтізбесін енгізу туралы Декрет болуы мүмкін. Бұл Декрет бойынша күнтізбе 14 күн алға жылжыды. Батыс аймақтарда 14 наурызда өткізілетін Амал күні бұрын 1 наурызда өткізілгені түсінікті болады, яғни жаңа жылды қарсы алған. 25 қазанда болған Қазан төңкерісінің 7 қарашада атап өтілуі де содан.

Тағы бір нұсқа бойынша бұрын қазақтарда 12 емес, 13 ай болған екен. Аспандағы айдың Жерді бір айналып шығуына кеткен уақыт шамамен 28 күнге тең. 28 күн x 13 ай = 364 күн. Артық қалған күнді соңғы айға қосып отырған. Бұл жүйе қазақ даласына ислам етек жаймай тұрғанда-ақ пайда болған деседі. 13 айлық есеп Сібір халықтарында да қолданылыпты. Кең аумақты жайлаған қазақ халқы ай аттарын әртүрлі атауы мекендеген жердің климатының салдарынан болуы ықтимал: көкек оңтүстікке мартта келсе, солтүстікке майда бір-ақ жеткен дегендей.

Басқа да қызықтар

  • Кестенің 1917-1940 жылғы бағанын қарасаңыз, қаңтардың ғынуар деп аталғанын байқайсыз. Январьға ұқсас, бірақ басқашалау деп ойланып қалған шығарсыз. Шынымен де ғынуар январьдің ескі, грекше атауы – генварь сөзінен шыққан. Шоқан Уәлиханов өз жазбаларында генварь деп жазған екен.
  • Сәуірдің орнына кейде айтылып жүретін көкек сөзі неліктен ресми түрде бекітілмеді деп адамдар сұрап жатады. Сөйтсе сәуір саяси сипатпен «еніп» кеткен екен. Оқиға былай: 1990 жылы «Егемен Қазақстан» газеті Шерхан Мұртазаның басшылығында еді. Компартия бар. «ЦК»-дан Шерағаңа бір кісі телефон соқты. Шерхан Мұртаза газеттің кезекті нөміріне «көкек айы» деп белгілеп қойған. Телефонның дауыс күшейткішін іске қосқан Шераға газет қызметкерлеріне «тыңдаңдар» дегенді ишарамен білдірді.
    – Сонда көсеміміз Лениннің «Апрель тезистері» дегенін «Көкек тезистері» дейміз бе? – деді ар жақтағы кісі дауысын нығарлап. – Бұл ертең елдің күлкісін тудырады ғой. Көкек емес, сәуір болсын! Газетке солай көрсетіңіздер… Сонымен, «Егеменнің» реттік көрсеткішіне «сәуір» деп жазылды. Содан бері – сәуір. Ленин де кетті. Оның тезистері де мәнін жоғалтты. Сәуір сақталып қалды.
  • Қаңтардың соңғы апталарында болатын «крещенские морозы» аязын қазақтар «ақпан-тоқпан аязы» деп атаған. Ай аттарының жылжып кетуіне бұл да бір мысал.
  • А.Диваевтың айтуы бойынша, қазақтар үш түрлі наурызды тойлаған: a) 1 наурыз – көне қазақы; ә) 9 наурыз – парсы, оны «көк тас» деп атаған. Аңыз бойынша Бұқара қаласында көк тас бар екен, сол күні бұл тас бір минутқа жібиді. Сол сәтте қылышты сұғып көруге болады, шығарып үлгермегеннің қылышы таста қатып қалады екен. Диваев бұл аңыз қазақтарға осы ажайыптарды Самарқандағы «Көк сараймен» байланыстырып жеткізген бұқаралықтар арқылы жеткенін жазады. «Самарқанның көк тасы жібіген күн» дейтін тіркес осылай шыққан; б) 14 наурыз – Қазыбек наурыз. Байбақты руынан шыққан қазақ астрономының атына қойылған деп жазады Диваев. Бұл жайлы толығырақ мына мақаладан оқи аласыз.

Қазақша ай аттары 

...