"Көңілдегі ойдың ауыздан шыға өңі кетеді" демекші, көкейімдегі көрікті ойды сол күйінде ақ қағазға түсіріп, сыйғызудың қиыны-ай. Шынымды айтсам, не жазарымды да білмеймін, әлде сенің ойыңды дұрыс түсіне алмадым ба.... Мынау жазғанымды қанағат тұтарсың бәлкім..... Сонымен,
Титтей ғана жүрегімді жарып шыққан асыл махаббатымды өзіңе арнап, хат жолдап отырмын, сүйіктім! Өзіңді алғаш көрген сәтте ....... Әлі есімде: ол күні аспан шайдай ашық еді. Бірақ бір кезде менің дәл қасымнан найзағай жарқ ете түскен тәрізденді. Жалт қарадым. Қарадым да қыбыр етпей тұрып қалдым..... Арамызда екі аттамдай ғана жер қалыпты. Сен көлденең көшенің оң жағымен келе жатты. Екі көзің қап-қара, еліктің көздеріндей мөлдіреп тұр. Өкшең тық-тық етіп, екпіндей аяңдап, жақындай бердің. Маған сен өзі сондай сүйкімді періштедей боп көріндің. Жүрегім лүпілдепғ аузыма тығыла берді, сен мені көзге көрінбейтін бір мықты жіппен жетектеп бара жатқандай соңыңнан ілесе бардым. Бірақ көмейімнен үн шығара алмадым. Оған батылым жетпеді. Қолымнан бар келгені ту сыртыңнан көз алмай қарау болды. Сенің жеңсіз жұқа ақ көйлегіңнің етегі, терең судың иіріміне ұқсап, үйіріле қозғалып бара жатты.
Кенет менің есіме бүгінгі өтетін жиналыс (я болмаса ашық сабақ) түсті. Осы ой екеуміздің арамыздағы мықты жіпті жарқ етіп кесіп түскен қылыш іспеттес болды. Мен бұрылып кете бардым. Алайда, сол күні сен менің ойыма жиі-жиі орала бердің.
Кешкісін үйге оралып, жылы үйде жалғыз қалған мен көзіме күлімдеп тұрған сені елестеттім. Сенің аты-жөніңді білмесем де, іштей "асылым" деп ат қойдым. Саған одан басқа ешбір ат лайық еместей көрінді. Сыртың сымбатты, ішің сабырлы, өзін мүлде қарапайым ұстайтын сен, асылым, сау дененің сезім сұлулығын төгіле мол жырлаған ұлы суретшілердің даналығын дәлелдеуге жаралған жандайсың! Сен мен үшін - судан тұнық, сүттен ақ, мамықтан майда, ауадан жұмсақ, күннен нұрлы, жұлдыздан жарық, көңілден көрікті, көктемнен әсерлі, сәбиден сүйкімді, қиялдан тәтті, денсаулықтан рахат, жаннан жақын, жақыннан ыстық, шындықтан шыншыл, шыныдан мөлдір, гүлден нәзік, күмістен таза, алақандағыдан айқын, тағдардан ғажап, қасиеттен қымбат, асылдан ардақты, сабырдан салмақты, тас бетіне түскен бедерден берік, таудан тұрақты, тамаша бір жансың! Маған сенің дауысыңды естімек тұрмақ маған қарап бір күлімсірегеніңнің өзі бақыт! Осы хатымды өзің арнай отырып, жүрегімнің іңкәр сезімін жеткізгім келеді. Сенің де маған деген жылы көзқарасыңды сезінгім келеді. Сәт көрмесем сағынам, сүсінемін көркіңе. Қол жетпе аспандағы ай болсаң да сағынамын, сағына беремін... Сүген жүрек жауапсыз қалар ма деп ұмытқым-ақ келеді, бірақ қалай? Махаббат деген асыл сезімнің жетегіне еріп, қызығына бір кірсең қайта шыға алуың екі талай өзінше бір әлем екен, сол әлемге кіріп алып мен де шыға алмай қалдым. Жүрегімнің шырылын бәлкім түсінерсің, бәлкім түсінбессің..... Сөз соңында өзің арналған өлең жолымен аяқтайын:
Айқайлап-ақ айта бер, айта бер шамаң болса,
Сені ұмыта алмадым, қайтейін амал қанша?!
Қара тастан неліктен, неліктен жаралмаған,
Нәзік еттен жүрегім, жүрегім жаралғанша...