+2 дауыс
1.4k көрілді
УБТ

1 жауап

+3 дауыс
 
Жақсы жауап
Мектеп бітіруші түлектеге ҰБТ тапсыру жөнінде бірқатар ақыл-кеңес
Ср, 11/16/2011 - 11:45 — zhass
Мақалалар
 Қаншама күн-түндерді кітапқа үңіліп, тестке дайындалумен өткізіп жүрген мектеп бітіруші түлектер үшін ҰБТ алынбас қамалдай көрінуі мүмкін. Апта сайын өткізілетін байқау тестілеуінің нәтижесі, ұстаздары мен ата-анасының үміті түлектердің жүйкесіне де аз салмақ салмайды емес пе?!
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2007 жылғы 19 желтоқсандағы №638 бұйрығымен бекітіліп, 2010 жылғы 21 қаңтардағы №14 бұйрығымен өзгерістер енгізілген «Жоғары білім берудің кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгі ережесі» мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің  2009 жылғы 25 желтоқсандағы №590 бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың  үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды  аттестаттаудың  үлгі ережесін»  басшылыққа ала отырып, жас түлектерге ҰБТ жайлы ақыл-кеңесімізді жариялауды жөн көрдік.
 
ҰБТ-ға дайындық кезеңінде...
1.       Жас түлек! Егер 11 жыл бойы жақсы үлгерім көрсетсең, алға қойған мақсатыңа жетемін деген ойың болса, онда ҰБТ тапсыруға дайындал!
2.    Егер сабақ үлгерімің орта болса, әрбір байқау тестілеуде 125 ұпайдың төрттен бірінен асыра ұпай жинай алмасаң, онда кәсіптік-техникалық мектептерге оқуға дайындал! Электрик, дәнекерлеуші, экскаваторшы, ағаш ұстасы, аспаз және т.б. мамандарға еліміз зәру екенін ұмытпа!
3.       Егер де ҰБТ тапсырудан бас тартсаң, онда биылғы жылы жоғары оқу орындары мен колледждерге оқуға бара алмайсың, соны ұмытпа!
4.      ҰБТ тапсыру - оңай емес. 11 жыл бойы оқығаныңды сараптайтын күн де таяу. Ол аянбай оқуды, тер төгуді, алтын уақытыңды тиімді пайдалануды қажет  етеді.
5.      Байқау тестілеуі нұсқаларын сатып алу үшін қаражат талап етеді. Бұл кезде сенің ата-анаң саған түсіністікпен қарауы тиіс.
6.       ҰБТ-ға дайындалып жүріп, күнделікті сабақтарыңды да ұмытпа! ҰБТ-ға дайындалуы кезінде оқушыларды сабақтан босату туралы ереже жоқ.
7.       Әрбір байқау сынағын тапсырғаннан кейін, қате жіберген сұрақтарыңа талдау жаса! Сол сұрақтар қамтылатын тақырыптарды қайталап оқы! Тек сұрақтардың дұрыс жауаптарын жаттаумен шектелме! Жақсы үлгіретін сыныптас достарыңнан кеңес сұраудан арланба!
8.      ҰБТ-ға дайындықтың арасында үй шаруасына көмектесіп, достарыңмен серуендеп, интернетке кіруге де уақыт тап! Ой еңбегін дене еңбегімен алмастырып тұру керек.
9.      ҰБТ-ға қатысу туралы өтініштер наурыз айының 10-нан сәуір айының 25-іне дейін ғана қабылданады. Осы өтінішке білім беру грантын алуда ерекше маңызы бар жеңілдіктеріңді енгізуді ұмытпа! Олар - жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға, I, II топ мүгедектерге, бала кезінен мүгедектерге, соғысқа қатысушылар мен соғыс мүгедектеріне жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша теңестірілген тұлғаларға, бала кезінен мүгедектерге, мүгедек балаларға, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғаларға арналған арнайы квоталар. Тіркелетін әрбір құжат заңды түрде рәсімделген болуы тиіс.
 
 
ҰБТ кезінде...
1.       ҰБТ-ны тек Сен ғана тапсырып жатпағандығыңды ұмытпа! Сенің бойыңдағы қобалжу, әбігерлену ҰБТ тапсырып жатқан әрбір құрбыңа тән! Оларға түсіністікпен қара!
2.      Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пунктінде үсті-басыңды металіздегіштен тексергенде байсалды бол! Тексеру ҰБТ өткізілетін ғимараттарға рұқсат етілмейтін жарылғыш заттардың кіргізілмеуін бақылау мақсатында жүргізіледі. Арасында Сенің де жасырып алып бара жатқан ұялы телефоның, “шпаргалкаң”, калькуляторың да анықталып қалуы мүмкін. Оған ренжіме! Себебі ҰБТ басталғаннан кейін аталған заттармен әшкереленген жағдайда  аудиториядан шығарылып, сол жылғы жоғары оқу орындары мен колледждерге оқуға қабылдану мүмкіндігінен айрыласың.
3.      ҰБТ өткізілетін аудиторияға кірер сәтте асығып-аптығып, соңғы қатардағы орындарға отыруға таласпа! Сенің орның тестілеу басталар сәтте ғана анықталады. Оны аудитория кезекшілерінен естисің. Тестілеу кезінде орныңды ауыстыруға болмайтындығын есте сақта!
4.       ҰБТ кезінде тек тестілеу сұрақтарына қатесіз жауап беруді ойла! Аудиторияда қасыңдағылармен сөйлесуге, сұрақ кітапшасын алмастыруға болмайды. Жауап парағын толтыруға қатысты сұрақтарыңды кезекшілерден ҰБТ басталғанға дейін сұра! Тақтаға ҰБТ басталу уақыты жазылғаннан кейін сұрақ қоюға рұқсат етілмейді.
5.      Сыртқа шығуға тестілеудің алғашқы және соңғы сағаттарында рұқсат етілмейді. Аудиториядан бір мезгілде екіден артық түлек шығарылмайды. Сыртқа шығатын түлектер дәліздердегі кезекшілердің бақылауында болады.
6.       Алдымен өзің жақсы меңгерген пәндерден жауап беруден баста! Математика, физика және химия пәндерінен есептеріңді сұрақ кітапшасының бос жерлеріне шығар! ҰБТ кезінде қосымша бос парақтар берілмейді. Қиынырақ сұрақтарды соңына қалдыр! Бірақ ҰБТ біткенге дейін барлық жауаптарыңды жауап парағына белгіле!
7.      Жауап парағының көшірмесін өзіңе берілетін арнайы бланкіге жазып ал! Бұл ертеңіне апелляция кезінде дәлел ретінде қолданылады.
8.      Аудитория тақтасында көрсетілген уақыт мерзімі аяқталғанға дейін уақытыңды тиімді пайдаланған. Кезекшілердің көрсетілген мерзімнен бұрын бітіру туралы өтініштеріне назар аударма!
9.      ҰБТ кезінде ешкіммен килікпе! Байқаусызда саған қақтығысқандарға кешіріммен қара!
 
ҰБТ-дан кейін...
1.      ҰБТ тапсырып болған күні тестілеу нәтижесін көруге асықпа!
2.      Мемлекеттік комиссияның ҰБТ парақтарын сканерлеп, идентификациялаудан өткізуі кезеңіне біршама уақыт жұмсалады. Егер ҰБТ тапсырушы түлектер кезекшілердің ақыл-кеңестерін мұқият тыңдап, жауап парақтарын қатесіз толтырса, онда бұл кезең мейлінше қысқарады.
3.      ҰБТ өткізу пунктімен сағат 15.00-17.00 аралығында хабарлас! Дұрыс жауаптар коды мен емтихан тізбесі жарияланған жағдайда, дұрыс жауаптарыңды тексеріп көр!
4.      Өзіңнің жауаптарыңмен ҰБТ тізбесінің арасында айырмашылық болған жағдайда, ертеңіне сағат 13.00-ге дейін күмәнді сұрақтарды көрсетіп, апелляциялық өтініш жаз! Егер тест кітапшасында дұрыс жауабы жоқ немесе қате мағыналы сұрақтар кездессе, онда апелляцияға соны дәлелдейтін мектеп оқулығын өзіңмен бірге ала кел! Апелляцияға ата-анаңмен, ұстазыңмен кіруге рұқсат етілмейді.
5.      Өзіңнің жауаптарың ҰБТ тізбесімен сәйкес келген жағдайда, апелляцияға өтініш беруге болмайды. Нәтиже өзіңе ғана аян! Кейде нәтиже сенің дайындық деңгейіңе, сол күнгі сенің көңіл-күйіңе, тест сұрақтарының қиындығына да байланысты болады.
6.      ҰБТ-да жинаған  ұпайың өзіңнің ойыңнан шықпаған жағдайда, қапаланып, қайғырма! Бұл сенің ең соңғы рет тапсырып жатқан тестілеуің емес. Бір жыл дайындалып, келесі жылы кешенді тестілеуге қатысуыңа болады.
7.      Шығармашылық мамандықтарға емтихандар тапсырып көр! Шығармашылық емтихандар кейін өзің оқитын жоғары оқу орнында ғана тапсырылады. Мұнда ҰБТ-ның екі пәні ғана ескерілетіндіктен, өнер, спорт, журналистика, архитектура мамандықтарының біріне  түсіп кетуің де ғажап емес!
8.      Егер ҰБТ-та жинаған ұпайыңды қанағат тұтсаң, онда шілде айының 23-31 аралығында мемлекеттік білім гранты конкурсына құжат тапсыр! Таңдау пәні сәйкес келетін 4 мамандықты, 4 жоғары оқу орнын таңдауға мүмкіндігің бар. Ал шығармашылық мамандықтар үшін бір ғана мамандықты шығармашылық емтихан тапсырған жоғары оқу орнынан ғана таңдай аласың.
9.      Тамыз айының екінші аптасында Мемлекеттік білім гранты конкурсына құжат тапсырған жоғары оқу орны қабылдау комиссиясынан немесе бұқаралық ақпарат құралдарынан конкурс нәтижесін анықта!
10.  Тамыз айының 10-25 аралығында таңдаған жоғары оқу орныңа барып, құжаттарыңды тапсыр!
11. Сен – таңдаған жоғары оқу орныңның студентісің. Саған сәттілік тілейміз!
...