Япыр-ай
Жаз болса жарқыраған көлдің беті,
Көгеріп толқындайды япыр-ай, алыс шеті.
Дірілдеп толқын басқан мөлдір суын,
Шайқайды жас баладай, япыр-ай, желдің лебі.
Алтын бу ақ көбікті бетін жабар,
Судан бу көкке төніп, япыр-ай. Маржан тағар.
Есіме ақ еркемді алған кезде,
Ақ маржан жылт-жылт етіп, япыр-ай, жерге тамар.
Бір бала
Талдан таяқ жас бала таянбайды,
Бала бүркіт түлкіден аянбайды.
Қайырмасы:
Угай-ай.
Ән салшы-ай,
Бір бала-ай.
Қос етек, бұраң бел,
Қуалай соғар қоңыр жел.
Елдің көркі, ақ тоты бір баласын,
Көзі қиып қай дұшпан жамандайды.
Қайырмасы:
Қараторғай
Құс болсаң жібектен бау тағар едім,
Күмістен тұғырыңды жабар едім.
Мойныңа сары алтыннан алқа тағып,
Қолға алып, сылап-сипап бағар едім.
Қайырмасы:
Салайын мен әніме
Қараторғай, қараторғай.
Болғанда қасың қара, шашың сүмбіл,
Албырап екі бетің жанар гүл-гүл.
Бейіштің гүл жамылған сарайында,
Сайраған тоты құстай сен бір бұлбұл.
Қайырмасы:
Ахау, Семей
Аспанда ай болмаса адасады,
Көңілді көтермесе кір басады.
Қайырмасы:
Ахау Семей! Тіл мен көмей,
Басылмас жанған жүрек сәулем келмей.
Кеудесі жақсылардың алтын сандық,
Сандықты кілт болмаса кім ашады!
Қайырмасы:
Көшкенде жылқы айдаймын ақ табанмен,
Болмайды жаман – жақсы мақтағанмен.
Қайырмасы:
Сүймесе несі қызық екі жастың,
Күйеу боп босағаны аттағанмен?!
Қайырмасы:
*
Гурьев
Көрінген сонадайдан Гурьевім,
Көрмедім Гурьевтей жер биігін.
Сыртыңнан өзімсініп жүрсем-дағы,
Әркімдер салады екен көз қиығын.
Көрінген Гурьевтің мұнарасы,
Он сегіз толықсыған қыздың жасы.
Зер салып атыластан бешпент киген,
Япыр-ау, мынау кімнің қарындасы?
*
Құдаша
Келші, келші, бермен келші,құдаша,
Бір сөз айтам көңіліңе ұнаса.
«Кетші әрі» деп ұрса ма деп зәрем жоқ,
Не де болса шығып кетші оңаша.
Дедім-дағы қысып қалдым көзімді,
Жерге тастап кете ме деп сөзімді.
Елжіреген жас жүректе зәре жоқ,
Сабыр ет деп тоқтатамын өзімді.
Қарағым-ай
Қара тайған жарасқан қара терлік,
Жараспайды жігітке төтен ерлік.
Жамандардың жабыққан ісі дейді,
Өлең айтып көңілді көтерелік.
Қайырмасы:
Қарағым-ай,
Қырға шығып
Жолыңа қарадым-ай.
Аузыңды ашсаң көрінер маржан тісің,
Не демейді сыртыңнан дұшпан кісің.
Десе десін сыртыңнан дұшпан кісің,
Білінбей ме деген еткен ісің.
Қайырмасы:
*
Әй-әй, бөпем
Ауылым көшіп барады Алмалыға,
Кім көнбейді тағдырдың салғанына.
Көрмегелі көп айдың жүзі болды,
Ата-анамның хабарын алмағалы.
Қайырмасы:
Әй-әй, бөпем,
Кейін қалған елімді
Көкер ме екем!
Туған жердің сағынып топырағын,
Көз алдыма келеді сол тұрағым.
Ата-анамды аяулы аңсағанда,
Ақ бөпемді аялап ән саламын.
Қайырмасы:
*
Угай-угай
Ай қараңғы аспанда түн емес пе, угай-ай,
Жақсы әйелдер өмірде гүл емес пе, угай-ай.
Қыздар гүл-гүл болғанда, жігіт бұлбұл, угай-ай,
Бұлбұл қонып гүліне түнемес пе, угай-ай.
Угай-угай - әніміз,
Арпа, бидай дәніміз.
Угай-ай деп ән салсаң,
Келіспей ме сәніміз.
Өлең деген немене білген құлға, угай-ай,
Ақ теңгесін кім қимас алар пұлға, угай-ай.
Оралыңның барында ойна да күл, угай-ай,
Өлеңнен соң адыра қалар тұлға, угай-ай.
Угай-угай - әніміз,
Арпа, бидай дәніміз.
Угай-ай деп ән салсаң,
Келіспей ме сәніміз.
Қалқатайдың дауысы-ай!
Аралаймын аулыңды тарланменен,
Қарамайсың қасыңа барғанменен.
Ойнамаймын, күлмейін десем дағы, ахау,
Өтіп барады жас дәурен арманменен.
Қайырмасы:
Тайбурылдың шабысы-ай,
Сәйгүліктің дабысы-ай
Көкейімнен кетпейді-ай,
Қалқатайдың дауысы-ай.
Бетер деймін ендеше, бетер деймін,
Осы бүгін көңіліңді көтер деймін.
Осы бүгін көңіліңді көтермесең,
Ойнағаның, күлгенің бекер деймін.
Қайырмасы:
Тауып алдым аққудың жұмыртқасын,
Бізден сәлем айта бар, ұмытпасын.
Өлең айтпай біз қалай отырамыз,
Сіздерменен біздер боп жолыққасын.
Қайырмасы:
*
Әгугай
Ортамызда Төлеген тұрды жорға, ахау,
Сүрінбей ме, боз жорға қазған орға, әгугай, әгугай.
Қыз-Жібекті ойласаң нең кетеді, ахау,
Орамалы тұрады бес жүз жорға, әгугай,әгугай.
А-а-ай,
Айың тусын оңыңнан.
Жұлдызың тусын соңыңнан.
Хабарсыз кетсең тым ұзақ,
Сансызбай шығар соңыңнан.
Арамызда Төлеген көп жыл өтті, ахау,
Нелер келіп бұл басқа, нелер кетті, әгугай, әгугай.
Арада қткен сегіз жыл сергелдеңде, ахау,
Хабар айтып жіберсең нең кетеді, әгугай, әгугай.
А-а-ай,
Қыз-Жібек енді келгенше.
Иіліп сәлем бергенше.
Даяр етіп қоялық.
Салдырып сарай өзгеше.
Гүл-гүл жайна
халық әні
Гүл-гүл жайна, күл де ойна
Қыз-бозбала шағыңда.
Өте шығар дүние қас қағымда,
Ойнап, күлген жарасар жас шағыңда-ай.
Орамыңның барында ойна да күл,
Тұра бермес бұл жастық баяғыдай-ай.
Қайырмасы:
Қыздар да қыздар бар жарылмаған қауыздай,
Жігітте де жігіт бар тонның ішкі бауындай.
Ай-хой, гүл-гүл жайна, күл де ойна
Қыз-бозбала шағыңда 2рет.
Ай болмаса аспанда - адасады.
Көтермесең көңілді кір басады-ай.
Жақсылардың көңілі алтын сандық,
Кілт болмаса сандықты кім ашады-ай.
Қайырмасы:
Қыздар да қыздар бар жарылмаған қауыздай,
Жігітте де жігіт бар тонның ішкі бауындай.
Ай-хой, гүл-гүл жайна, күл де ойна
Қыз-бозбала шағыңда 2рет.